Қазіргі уақытта ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар кең таралуда. Осыған байланысты жақында интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен аудан тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Толығырақ айта кетейік, полицияның сервистік моделінің мүшелері қоғамдық орындарда және көшелерде, банктердің жанында, адамдар көп жиналатын жерлерде тұрғындарға алаяқтардың құрбаны болмас үшін адам өзін қалай ұстау керектігі жөнінде арнайы дайындалған жаднамалар таратып, алаяқтық қылмыстардың құрбаны болмаудың бірнеше тәсілдерін айтты.
Бүгінде қоғамымызда алаяқтар арасында өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, адамдардың дербес деректерін алып, олардың атынан онлайн-несие рәсімдеуге ұмтылатындар көп. Сондықтан, тұрғындарға мұндай алаяқтардан қалай сақтану керектігін айта кетейік.
Қазіргі таңда алаяқтардың жиі қолданатын схемалары – бұл фишингтік сайттар мен мобильдік қосымшаларда жалған хабарламалар жіберу арқылы дербес деректерді ұрлау. Мобильдік құрылғыдағы жеке кабинетке кіру мақсатында олар азаматтарды қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде көрсетіп алдайды.
Алаяқтардың құрбанына айналғандар арасында алынған сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың 55,8 пайызы қаржылық алаяқтыққа, оның ішінде 34,2 пайызы телефон алаяқтығына, 32,7 пайызы интернет-алаяқтыққа тап болған. Ал, 21,6 пайызы қаржы пирамидалары тарапынан, ал 11,5 пайызы төлем карталарымен алаяқтық әрекеттердің қатысушылары болған екен.
Қаржылық алаяқтыққа ұшырауға бейім негізгі тәуекел тобы — зейнет жасындағы адамдар. 63 жастан асқандар арасында алынған сауалнамадан адамдардың 50,7 пайызының алаяқтарды бірден ажырата алмағанын, оның ішінде 6,3 пайызының қылмыскерлерге жартылай ақпарат бергенін және ешқашан қылмыскер телефон соққан ұйымның деректерін нақтыламағанын көруге болады.
Азаматтарды алдау үшін алаяқтардың қолданатын құралдар жиыны жеткілікті. Олар әлеуетті құрбандарға телефон соғып шығу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретінбағдарламалық қамтылымды (SIP-телефонияны) пайдаланады.
Енді бір адамдар өздерінің аңғалдығының салдарынан және оңай жолмен ақша табу мақсатында алаяқтардың айла-шарғыларына көнеді. Бұл ретте, тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде құқық қорғау органдары бірінші кезекте осындай адамдарға шығатындарын еске саламыз.
Егер де сіз алаяқтарға ақша аударған болсаңыз не істейсіз? Айталық. Ең алдымен, сізге банкке хабарласып, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатынын білу керек. Егер қаражат әлі аударылып жатқан болса, онда операцияны тоқтатуға болады. Соңғы операцияны қайтару туралы өтініш жазыңыз. Банктердің қаражатты қайтаруы немесе соңғы операцияны тоқтатуы бірнеше сағаттан 60 күнге дейін жүзеге асырылады.
Егер аударым іске асырылған болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Құқық қорғау органдары азаматтарды жәбірленуші деп таныған жағдайда, олар ҚР АК 9-бабына сәйкес үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттері бойынша сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ, банктердің техникалық төлемдері жақсы қорғалғанын есте сақтаңыз. Алаяқтар банктердің техникалық қауіпсіздігін бұзуға емес, азаматтардың сеніміне кіруге баса назар аударады. Шоттарыңыздағы барлық операцияларды бақылау үшін мобильдік банкті және SMS-хабарламаларды қосып алыңыз. Осылайша алаяқтардың әрекеттеріне жылдам жауап бере аласыз — мұндайда уақытты өткізіп алмау өте маңызды екенін ұмытпаңыз.
Өзіңізбен бірге алып жүретін және күнделікті шығындар үшін пайдаланатын картада көп ақша сақтамаңыз. Қажет болған жағдайда негізгі шоттан немесе депозиттен аударым жасаған дұрыс. Оның үстіне, банктердегі ішкі операциялардың көпшілігі тегін.
Ал, алаяқтар сіздің атыңызға жалған кредит ресімдеген жағдайда не істеу қажет? Енді осы туралы айталық. Егер сіздің дербес және төлем деректеріңіз киберқылмыскерлердің қолына түскен жағдайда, олар сіздің онлайн- немесе мобильдік банкингіңізді бұзып, алаяқтық тәсілмен кредит ресімдеулері мүмкін. Атыңызға заңсыз кредит ресімделу фактісін кредиттік тарихтың көмегімен анықтауға болады, оны тоқсанына кемінде 1 рет тексеріп тұру қажет. Дербес кредиттік есепті Мемлекеттік кредит бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚО-дан немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады.
Егер сіз «басқа адамның кредитінің» құрбаны болсаңыз, онда бірінші кезекте, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын біліп алыңыз, және оған өтінішпен жүгініңіз. Өтінішті сондай-ақ, құқық қорғау органына да беру қажет. Сіздің өтініштеріңіз тіркелуге тиіс, өтінішті қабылдау күні көрсетілген тіркеу нөмірі сіз өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне де қойылуға тиіс.
Кредитордан міндетті түрде ішкі қызметтік реттеу жүргізуді талап етіңіз. Сонымен қатар, кредиттік ұйым сізге шарттың көшірмелерін, оған қосымшаларды және жеке басты куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуы тиіс. Одан кейін сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылау қажет болады.
Кредиттік ұйым құжаттар ұсынудан бас тартқан жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым бере аласыз.
Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтардың алғанына дәлелдер таба алмаса, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы шағым-талап беру қажет. Сот шешімді сіздің пайдаңызға шығарған жағдайда, кредиттік ұйымсізден борышты төлеуді талап етуді тоқтатуы, берешекті есептен шығаруы және кредиттік бюроға сіздің кредиттік тарихыңыздан басқа адамның қарызы бойынша ақпаратты алып тастау жөнінде хат жолдауы тиіс.
Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың алдауынан қалай қорғай аласыз? Мұны да біле жүріңіз. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтар сақтауға тиіс негізгі қауіпсіздік ережелері бар. Мәселен, егер сізге банк қызметкерлерінен қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері, банктердің байланыс орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды ақпарат тек алаяқтарға қажет. Егер күмәнданған болсаңыз, қызмет көрсететін банктің Call-орталығына өзіңіз хабарласып біліңіз.
Сондай-ақ, егер сізге құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ, сізге оның атынан хабарласқан ұйымның, айталық ҚР Ішкі істер министрлігінің немесе жергілікті полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.
Сосын желіде қор нарығында табысқа кенелу ықтималдылығы 99 пайыз, бұрын-соңды болмаған ақша табуға мүмкіндік беретін таңғажайып платформаға қол жеткізу үшін сауалнамадан өтуді ұсынса, сенбеңіз. Өзіңіздің дербес деректеріңізді еш жерде, интернет кеңістігінде, әсіресе, фишингтік сайттарда қалдырмаңыз. Егер сіз мұны жай қызығушылықпен жасап, жалған нөмірлерді тіркесеңіз де мұның салдары болуы мүмкін.
Ешқашан және ешкімге жеке деректеріңізді, банк картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодты, құпия сөзді және ақша қалдығын, жасалған операцияны растау үшін SMS-кодты: төлемді, аударымды және т.б. айтпаңыз. Интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің паролін ешкімге бермеңіз.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин телефон арқылы алаяқтық жасайтындармен күрестің қалай жүріп жатқанын былайша баяндайды. Оның айтуынша, қазір ұялы байланыс операторлары алаяқтарды анықтауды үйреніп, бір-бірімен жалпы ақпарат алмасуды күшейту бағытында тиісті интеграцияны іске асыруда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде алаяқтардың нөмірлері анықталып, бұғатталуда. Әрине, бұл жұмыстар қылмыстың біртіндеп азаюына септігін тигізіп жатыр. Дегенмен, алаяқтардың телефон нөмірлерін пайдалану және оларды шетелге шығару мүмкіндігі әлі де бар. Сондықтан, тиісті министрлік телефон арқылы алаяқтық жасап, тұрғындардың атынан несие алатындармен күресуді одан әрі ойластыруда.
Екінші деңгейдегі банктердің деректеріне сүйенсек, былтыр қарыздар бойынша алаяқтық операциялардың саны 4,2 есеге артып, 8,1 млрд теңге сомасына 5,2 мың жалған кредит рәсімделген. Көбінесе қаржылық алаяқтардың құрығына зейнеткерлер мен жастар түсіп қалады екен. «Алаяқтар оларды алдау үшін ескі және жаңа алаяқтық әдістерін қолданады», — дейді құқық қорғаушылар.
«Неліктен аға буын өкілдері олардың құрбанына айналады?» деген сұраққа келсек. Егде жастағы адамдарды алдау оңай. Өйткені, олар оңай басқарылатын, жаңылыстырылатын адамдар санатына жатады. Олар заманауи технологияларды жақсы білмейді. Интернеттегі немесе мобильді банкингтегі ақпаратты тексере алмайды. Сондықтан зейнеткерлер көбінесе алаяқтардың құрбанына айналады. Төлем карталарын пайдалануға дағдыланбаған егде жастағы адамдар өздерінің жеке мәліметтерін алаяқтарға бере салады.
Осындай жағдайлардың алдын ала үшін қарттарға бірегей, ұзын құпиясөздерді ойлап табуға және жазуға көмектесу керек. Оларды ешбір жағдайда бөлісуге болмайтынын түсіндіру керек. Ата-анаңызға, ата-әжелеріңізге, көршілеріңізге бұл конфиденциалды мәліметтер тек алаяқтарға қажет екенін түсіндіріңіз. Бейтаныс адамдарға, тіпті олар өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе мемлекеттік әлеуметтік қызметкерлері ретінде таныстырса да, оларға сөзсіз сенуге болмайтынын айтыңыз.
Қазір алаяқтық жолмен оңай олжаға кенелуді ойлайтындар көп екенін тілге тиек еттік. Интернет-алаяқтық кең таралуда дедік. Нақты статистикалық деректерге сүйенер болсақ, соңғы 5 жыл ішінде оның саны 40 есе өсіпті. Яғни, 2018 жылы бұл көрсеткіш 517 болса, 2022 жылы 20,5 мыңға дейін өскен.
ҚР Ішкі істер министрлігі мұнымен күресу үшін Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде «CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдеген.



