gazetakentau
Кентау Gismeteo

ҚАЗ РУС

  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
gazetakentau
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

«Пайызсыз несие алып беремін» деп сендірген…

31 октября, 2023
in Жаңалықтар, Қоғам
0
«Пайызсыз несие алып беремін» деп сендірген…
Share on FacebookShare on Twitter

Әлеуметтік желіде танысқан адамына, тіпті онымен кездеспей, жақын таныс болмай өзінің жеке деректерін беру алаяқтық қақпанына өзі барып түсумен тең емес пе? Қазіргі таңда қоғамымызда алаяқтардың осындай арбау тәсілі де, түрі де көбейіп кетті ғой. Жақында Түлкібас аудандық полиция бөліміне жамбылдық тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде хабарлады. Арызданушы әйелдің айтуынша, ол «пайызсыз несие алып беремін» деген жарнамаға сеніп, күдіктімен «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы танысып, одан несие рәсімдеп беруін сұраған.

Содан сезікті ер адам тіркелу үшін жәбірленуші әйелдің жеке куәлігін сұрап алып, атынан бір емес бірнеше банктен несие рәсімдеген. Соңында өзінің алданғанын білген әйел, полицейлердің көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Жалпы шығын көлемі 3 миллион теңгеге жуық.

Полицейлер қылмысты ашу бағытында қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде сақшылар алаяқтық жасаған тұрғынның жеке басын анықтады. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. «Қазіргі таңда ер адам қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», — дейді құқық қорғаушылар.

Жалпы елімізде алаяқтық әрекеттердің жиілей бастағанына мынадай да статистикалық деректер келтіруге болады. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы елімізде қылмыстар ішінде бірінші орында ұрлық тұратын. Қазір алаяқтық жолмен оңай олжаға кенелуді ойлайтындар көп. Соның ішінде интернет-алаяқтық кең таралуда. «5 жыл ішінде оның саны 40 есе өсті» дейді ҚР ішкі істер министрлігі. Нақты айтар болсақ, 2018 жылы бұл көрсеткіш 517 болса, 2022 жылы 20,5 мыңға дейін өскен.

Тағы бір мысал келтірейік, қазір өзін «полиция қызметкерлерімін» деп таныстыратын да алаяқтар аз емес. олардың да көздеген мақсаты біреу. Сол тұрғындардың жеке басын куәландыратын құжаттары мен банк картасындағы нөмірлерді анықтау. ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбайдың мәлімдеуінше, соңғы уақытта полиция және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп жалған нөмірден хабарласатын алаяқтар көбейіп барады. Мысалы, алаяқ өзін тергеушімін деп таныстырып, онлайн несие рәсімдеуге қатысты полицияға зардап шегушілердің шағым жасап жатқанын айтады. Артынша ол адамнан жеке мәліметтерді сұрай бастайды. Ондағы мақсат – клиенттің ЖСН, банк картасы мен есепшотына қол жеткізу. Одан әрі алаяқтық әрекет жасайды.

Сондықтан, егер де сізге бейтаныс адам хабарласып, өзін полиция немесе банк қызметкерімін деп таныстырып жеке мәліметтеріңізді сұраса дереу байланысты үзіңіз. Сонымен қатар банк картасы мен есепшоттың құпиясөзін өзіңізден басқа ешкім білмегені жөн. Сол сияқты бөгде адамға жеке мәліметтерді таратпаған дұрыс.

Айталық, Астанада алаяқ өзін ірі банк өкілімін деп таныстырып, адамдарды алдаған әйел анықталды. Ол өз қызметтерін достары арқылы ақпараттандырып, тиісті көмек ұсынуды кәсібіне айналдырған. Қазір екі астаналық полицияға хабарласқанымен, алаяқтың әрекетінен зардап шеккендер көп болуы да мүмкін. Себебі полицейлерге осы бағытта алаяққа алданған азаматтардан арыз түсу жалғасып жатқан көрінеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Сарырқа ауданы ПБ полицейлері көптеген байланысы бар екенін көрсетіп, несие беруді ұсынып, кепілді жарна төлеймін деген желеумен азаматтардан ақша алған күдіктіні анықтады. Анықталғандай алаяқтыққа күдікті деп табылған азаматша астаналық тұрғынды алдап, 8 миллион теңге көлеміндегі қаражатты иемденіп алған. Онымен тоқтамай тағы бір жәбірленушіден 2 миллион теңге көлеміндегі қаражатын қымқырып, алдау әрекетін жалғастырып отырған. Әйел алаяқтық жасағанын мойындады. Қазір ол қамауға алынып, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің елордада осыған ұқсас қылмыстарды жасауға қатысы бар-жоғы қоса анықталып жатыр.

Елімізде алаяқтардың осындай айла-тәсілдеріне тосқауыл қою үшін бірқатар шаралар атқарылуда. ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде «CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56-сының интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.

«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Сондай-ақ, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 факт интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.

Құқық қорғаушылар қазіргі таңда алаяқтардың құрығына зейнет жасындағылар мен жастардың да, тіпті ІТ саласын жақсы меңгерген білікті мамандардың да түсіп қалып жатқанын айтады. Егер сізге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ сізге оның атынан хабарласқан ұйымның: ҚР ІІМ және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.

Ал, егер де сіз «басқа адамның кредитінің» құрбаны болсаңыз, онда бірінші кезекте, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын біліп алыңыз, және оған өтінішпен жүгініңіз жөн екенін айтқымыз келеді. Өтінішті сондай-ақ, құқық қорғау органына да беру қажет. Сіздің өтініштеріңіз тіркелуге тиіс, өтінішті қабылдау күні көрсетілген тіркеу нөмірі сіз өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне де қойылуға тиіс.

Кредитордан міндетті түрде ішкі қызметтік реттеу жүргізуді талап етіңіз. Сонымен қатар, кредиттік ұйым сізге шарттың көшірмелерін, оған қосымшаларды және жеке басты куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуға тиіс. Сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылау қажет.

Кредиттік ұйым құжаттар ұсынудан бас тартқан жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым бере аласыз.Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз  бойынша алаяқтардың алғанына дәлелдер таба алмаса, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы шағым-талап беру қажет.

Previous Post

Лайк басып қомақты ақша алуға үгіттейді

Next Post

Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бір ел» жастар жобасы басталды

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        E-mail:gazetakentau@mail.ru
Қабылдау бөлімі: тел:+7 776 666 5218

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kentauinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

Кентау газеті gazeta-kentau.kz