Ғаламтордың тілін жақсы меңгерген әккілер сізге «банк қызметкерімін» деп қана хабарласпайды. Уақыт ағымына қарай олардың да айла-тәсілдері өзгере түсуде. Қазір мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз несиені де алып беруге уәде етіп, сан соқтырып кететіндер көбейген. Сөзіміз дәйексіз болмасын. Нақты дәлелдер келтірейік. Осы жылы Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қайтарымсыз ақша әперуге уәде еткен алаяқтарды анықтай бастады.
Айталық, жақында Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ауыл тұрғындарынан қайтарымсыз субсидия алуға көмек сылтауымен ақша алған кезекті алаяқты ұстады.Кезекші бөлімге бірнеше жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, оларды белгісіз біреу қайтарымсыз ақша алуға көмектесемін деп сендірген. Яғни, алаяқ олардың әрқайсысынан 50-ден 100 мың теңгеге дейін алған. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.Жедел-тергеу тобы қылмысты ашу мақсатында іздестіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер қабылданған шаралардың нәтижесінде қысқа уақыт ішінде күдіктіні анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.Тергеу күдіктінің алаяқтық қылмысының 5 дерегіне қатысы барын анықтады. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі шамамен 400 мың теңгені құрады. Алынған ақшаны сезікті өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Мақтааралда да дәл осындай жағдай орын алған. Толығырақ айта кетейік. Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне үш жергілікті тұрғын алаяқтық қылмысы жайлы арыз түсірді. Анықталғандай, алаяқ жәбірленушілердің біреуіне мемлекеттік бағдарлама бойынша оқуға, ал қалған екеуіне қайтарымсыз субсидия алуға көмектесуге уәде берген.Сенімге кірген күдікті үш ауыл тұрғынынан 350 мың теңгеден астам ақша алып, соңында ізін суытқан. Алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстауға Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы мен криминалдық полиция қызметкерлері бағытталды. Жедел уәкілдер іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны Астана қаласынан ұстады. Ол Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты.Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Жалпы елімізде соңғы 5 жылда қылмыстық көрсеткіш 50 пайызға азайғанымен, алаяқтық қылмыстар саны едәуір артқан. Мәселен, соңғы 2 жылда өңірімізде 2 500-тен астам (2022 ж. – 1570, 2023 ж. – 988) алаяқтық қылмыстары тіркелген екен (2022 жылы 6,5%-ға өскен, ағымдағы жылдың 8 айында 4,7%-ға азайған). Осы кезеңде алаяқтық құрбандарының саны да 6,6 пайызға(2021ж. — 1433, 2022ж. — 1529) өскен. Жәбірленушілердің 82,2 пайызы (2022ж. — 1249, 2023ж. — 963) жұмыссыз, 68,1 пайызы (2022ж. — 1068, 2023ж. — 635) әйел адамдар, 26,1 пайызы (2022ж. – 391, 2023ж. — 239) жастар. Оларға келтірілген залал – 3,8 млрд. теңгені құраса, оның тек 20,7 пайызы ғана (0,8 млрд.) өндірілген.
Қазіргі таңда алаяқтық әрекеттер белең алуда. Алаяқтардың айла-тәсілдері де күн санап өзгере түсуде. Өңір полицейлерінің мәлімдеуінше, облыс аумағында алаяқтықтың 7 түрі кең таралған. Соның бірі ретінде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз ақшаларды алып беруге уәде беріп, жәбірленушілерді сан соқтырып кеткен, яғни жоғарыда тілге тиек еткен жағдайды айтуға болады. Жалпы осындай сенімге кіру мен алдау оқиғалары тыйылар емес.
Түркістан облысы полициясының “CyberPol” арнайы тергеу-жедел тобы қоғамның барлық топтарымен өзара іс-қимылды және алаяқтықпен күресу үшін түрлі алдын алу құралдарын пайдалануда. Соның бірі ретінде облыс аумағында орналасқан 750-ден астам мешіт пен медресенің имамдарымен бірлесіп, діндарлар үшін халықты интернет-алаяқтықтан қорғау бойынша профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып жатқанын айтуға болады.
Құқық қорғаушылар тұрғындарды күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарым жүзеге асырмауға шақырады. Сонымен қатар, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау керектігін айтады. Белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу,ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпау, кез келген сілтеме бойынша өтпеу, спам хабарламаларға сенбеу керектігін де ескертеді.