Бүгінгі уақыт ағымына қарай алаяқтардың да айла-тәсілдері өзгеріп, жаңара түсуде. Ең қауіптісі қазір барлығымыз смартфон қолданамыз. Соны тиімді пайдаланған алаяқтар өз құрығына түсіруді көздеген адамдарды оп-оңай алдап, сан соқтырып кетуде. Тіпті бар ғой, қасымызда жүрген адамдардың өзі де жанашыр болғансып, өз жақынын, танысын алдап кетуде. Жақында өңір полицейлері жәбірленушісіне тұрғын үй кезегін жылжытып беремін деп уәде беріп, бір жыл бойы алдап келген алаяқ әйелді ұстады.
Оқиға туралы толығырақ айта кетейік, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағымданды. Оған сырттай таныс әйел мемлекет тарапынан берілетін үйдің кезегін жылжытып беретінін айтып, осы қызметі үшін 300.000 теңге ақшасын алып, бір жыл бойы алдап келген. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190»-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдікті әйелді ұстау үшін тәжірибелі полицейлерден топ құрылды. Нәтижесінде күдікті анықталды, ол жұмыссыз жүрген тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдікті әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазір алаяқтық жолмен оңай олжаға кенелуді көздеген көп. Соның ішінде интернет-алаяқтық кеңтаралуда. Нақты статистикалық деректерге жүгінетін болсақ, соңғы 5 жыл ішінде оның саны 40 есе өсіпті. Яғни, 2018 жылы бұл көрсеткіш 517 болса, 2022 жылы 20,5 мыңға дейін өскен.
ҚР Ішкі істер министрлігі мұнымен күресу үшін Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде«CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56-сының интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.
«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Сондай-ақ, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 факт интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.
Алаяқтық қылмыс жасағандарды қандай жаза күтіп тұрғанын да айта кетейік. Елімізде қолданыстағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтыққа мынадай түсініктеме берілген. «Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады».
Аталған бап 4 бөліктен тұрады. Құқық қорғаушылар соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілгенін айтады. Мәселен, егерде айыпталушы жай алақтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса, ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер де айыпталушы алаяқтық әрекетті адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Бұл туралы да айта кетейік.
Егер алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ескерте кету керек, алаяқтарға қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.
Алаяқтарға жаза күшейтілгенімен, қоғамымызда алаяқтық әрекет жасайтындар азаймай отыр. Керісінше, олардың қатары күн санап көбейе түсуде. Құқық қорғаушылар ақпарат технологияның көмегімен алаяқтық жасайтындарды ұстау қиынға соғатынын айтады. Және қазір жауыннан кейінгі саңырау құлақтай көбейіп жатқандар да сол интернет алаяқтары. Олар бүгінгі ғаламторды, яғни әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып отыр. Сонымен қатар, бүгінде алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес және оның торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін.
Біле жүріңіз алаяқтарға Сіздің картаңыздың немесе шотыңыздың нөмірін және сіздің атыңызды, тегіңізді, ЖСН білу жеткіліксіз. Олардың шотыңыздағы ақшаңызды өздеріне аударып алу үшін картаныздың толық деректемелері қажет. Айталық, жарамдылық мерзімі және қауіпсіздік коды, мысалы, VISA карталарына арналған CVV коды немесе MasterCard карталары үшін CVC-код. Сондай-ақ олар сіздің телефоныңызға SMS, логин, онлайн-банкингтен пароль, мобильді банктік қосымшадағы жеке кабинеттер түрінде келіп түсетін банктің кодтары мен хабарламаларын білуге тырысады. Жалпы осы кодтарды білгенде ғана Сіздің картаңызға қатысты операцияларды кедергісіз орындап, ақшаңызға ие бола алады. Сондықтан, осындай деректеріңізге сақ болыңыз.