ҚР Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, былтыр елімізде тіркелген интернет-алаяқтық қылмысы 20 мыңнан асып-жығылған. Өкінішке қарай, құзіретті органдар осыншама қылмыстың 3 мыңға жуығын ғана аша алыпты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ғаламтор арқылы алаяқтық әрекетке баратындарды қолға түсіру қиын.
ҚР Ішкі істер министрлігі мұнымен күресу үшін Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде«CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56-сының интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.
«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Сонымен қатар, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының «Cyberpol» арнайы тобының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, алаяқтық қылмысын жасады деп күдікке ілінген ер адамды анықтады. Жедел уәкілдер іздеуде жүрген тұрғынды Шымкент қаласынан ұстады.
Қызылордалық күдіктінің Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы аумағындағы алаяқтықтың 45 фактісіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 6 миллион теңгені құрады.Белгілі болғандай, ер адам дүкендер мен дәріханаларға кіріп, сатушылардың сеніміне кіріп, түрлі тауарларды жымқырып келген. Яғни алаяқ көлігінен ақша алып келіп төлеймін деген сылтаумен тауарларды тиеген бойы оқиға орнынан ізін суытқан. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін жеке деректерді, банк кодтарын өзге біреуге беруге болмайды. Орайы келгенде, адамдардың алаяқтардан қала қорғана алатыны жайлы айта кетейік. Біріншіден, сын тұрғысынан пайымдаудың маңызы туралы ұмытпаңыз – бейтаныс адамдармен сөйлескен уақытта олардың сіздің эмоцияларыңызды басқаруға жол бермеңіз, олардың сөздері мен іс-әрекеттеріне талдау жасаңыз. Есіңізде болсын, сіздің олардың алдында ешбір міндетіңіз жоқ және жауап бермеуге немесе кетіп қалуға құқығыңыз бар.
Екіншіден, қатты сенімді болмаңыз – шамадан тыс сенімділіктің алаяқтардың құрбаны болу қаупін арттыратыны туралы зерттеулер бар. Сіз алаяқтардың барлық схемасы мен олардың тәсілдерін біле алмайсыз, сондықтан сақ болыңыз және абайлаңыз.
Үшіншіден, ешқашан дереу жауап бермеңіз, алдымен ойланыңыз – сізге ұсыныстың бір-екі минутта күшін жоятыны туралы айтуы мүмкін, бірақ олай емес. Егер сізге расында лайықты нәрсе ұсынатын болса, онда оның мерзімі мұндай қысқа болмайды.
Төртіншіден, үнемі өзіңіздің сенетін жақындарыңызбен кеңесіңіз – бір қарағанда жағдай сондай да бір қорқынышты немесе біржақты болып көрінбеуі мүмкін. Және сіз ақшаңыз бен жүйкеңізді сақтап қалуы мүмкін бағалы кеңес алауыңыз мүмкін. Бұдан басқа, сіздің жағдайыңызды басынан кешпеген адамға талдау жасау оңай болады және ол қауіпті тезірек байқайды.
Бесіншіден, сізге әлдебір ұсыныстарды табандылықпен ұсынатын адамдармен сөйлеспеңіз, дұрысы сыпайы түрде бас тартыңыз. Егер сіз үшін олай жасау қиын болса, онда ұсынысты қабылдамайтыныңызды білдіретін сөздермен психологиялық тәсіл ойлап тауып, әңгімелесу кезінде пайдаланыңыз. Мысалы, «мен мұны әпкеммен талқылауым керек» деген тіркестерді қолданыңыз. Сол арқылы сіз «ұсыныстан» тікелей бас тартпасаңыз да, әңгімені аяқтайсыз.
Алтыншыдан, сізге эмоционалды түрде қысым жасауға жол бермеңіз. Білікті қызметкерлер мен лауазымды адамдар ешқашан да адамдардың сезімдерімен ойнамайтынын ұмытпаңыз. Олар орнықты алгоритмге сай амал етеді, егер одан ауытқып кетсе, әбден тығыраққа тіреуі мүмкін. Ал өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам сізге қоқан-лоқы көрсетсе немесе ашуландырса, әңгімені тоқтатыңыз, себебі сізбен сөйлесіп тұрған – алаяқ болуы мүмкін.
Жетіншіден, нақты сұрақтар қойып, әңгімелесуді жазып алып жатқаныңызды ескертіңіз. Қоңырау шалушы адамның деректерін, оның жұмыс орнының мекенжайын, лауазымын, сондай-ақ сізге қандай мәселемен қоңырау шалып жатқанын сұрап алыңыз. Оның үстіне жауаптарды жазылып жатқаныңыз алаяқтарды қорқытып қана қоймай, сондай-ақ сізге эмоционалды қысым жасағанда дұрыс ойлауға мұрша бермеген өз талдаушылық қабілетіңізді белсендіруге көмектеседі.
Құқық қорғаушылар тұрғындарға интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін алға тартады. Айталық, паспорттық және өзге де дербес деректермен бөліспеңіз. Банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ, ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді, тіпті егер Сізге банк қызметкері ретінде таныстырған болса да бермеу қажет. Жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз. Кез келген ұсыныстарға сын көзбен қараңыз. Тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлеуге келіспеңіз. Белгісіз адамдарға ақша аудармаңыз. Күмәнді шарттар мен мәмілелер жасамаңыз. Банк қосымшалары арқылы шоттағы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін шектеңіз. Өз құжаттарыңыздың, мәселен жекекуәлігіңіздің, банк картасының фотосуреттерін ешкімге жолдамаңыз. Осы айтылған құжаттар алаяқтардың қолына түссе, ол микрокредиттік қаржы ұйымдарынан немесе банктерден сіздің атыңызға несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Сондықтан, әр кез есіңізде сақтаңыз егер де сізге банк қызметкері ретінде хабарласып, несие рәсімдеуге нұсқаулар айтып, құпия сөзді сұраса, полиция қызметкері ретінде хабарласып, жеке мәліметтеріңізді сұраса, интернеттегі арзан тауарға, сатушы алдын ала төлем сұраса, интернетте ақша табу, ақшаңызды көбейтіп беремін деп, алдын ала ақша сұраса, ұтыс ойынының жеңімпазы болдыңыз деп, сыйлықты алу үшін алдын ала ақша сұраса, сіздің танысыңыз ретінде бөтен тұлға интернет арқылы қарызға ақша сұраса, интернет арқылы сатып жатқан тауарыңызды сатып аламын деп, сілтемеге карта деректерін енгізуді сұраса онда олар интернет алаяқтары. Оларға жеке деректеріңізді, құпия сөзді, банк есепшотын айтуға, ақша аударуға асықпаңыз. Қандайда бір қоңырау күмән тудырса, «102» арнасына хабарласыңыз.