Иә, қайтарымсыз грант беріліп жатыр дегенді естіген жұрт тегін ақша таратылып жатыр деп ойлайды-ау, сірә? Әйтеуір, 1 млн 380 мың теңгені алуға асығады. Тек мемлекеттен қайтырымсыз грантты алып, өзімнің бас пайдама жұмсаймын деген ниетпен, грант алып беретін таныс іздей бастайды. Ал, оңай жолмен ақша тапқысы келетін алаяқтарды адам өзі іздеп табатынын білмесе керек. Сөйтіп, мемлекеттің ақшасына қарық боламын деп, алаяқтардың апанына өзі түсіп кетеді. Мемлекетті алдаймын деген адам, алаяқтарға алданып, сан соғып жүргені қаншама. Соңғы кездері «Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатыспай-ақ, есеп шотыңа ақша түседі» деп сендіретін алаяқтар да кездесіп жатыр. Елімізде кәсіп ашуға беріліп жатқан қаржыны, біреуге ақша беру арқылы аламын деп алаяқтарға алданғандар Түркістан облысында да жиі кездеседі.
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Айгүл есімді әйел алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде аудандық полиция бөлімшесіне барып шағымданған. Ол арызында сырттай таныс ер адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін деп, қызметі үшін 300 мың теңге ақшасын алып, жарты жыл бойы алдап келгенін жеткізген.
«Мен өзім көп балалы анамын. Үйде бала тәрбиесімен отырғанан кейін, мемлекеттен қайтарымсыз грантты алып кәсіп бастамақ болдым. Таныстарымнан сұрастыра бастадым. Сөйтіп, жақын құрбым бір ер адамның телефон нөмерін берді. Ол кісімен телефон арқылы сөйлестім. Маған мемлекеттен қайтарымсыз грантты алып беруге уәде етті. Ол өзі бизнес-план жазып беретінін және оны базаға салып беретінін айтты. Содан кейін менен банктың есепшотын да алдыртты. Сол есепшотқа ақша түседі деген болатын», — деді Айгүл.
Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін деген адамға күнде хабарлассады. Ол әртүрлі сылтау айтып, тұтқаны қоя салады. Ал, соңғы кездері ол мүлдем телефонды көтермейтін болған. Амалы құрыған Айгұл аудандық полиция бөлімшесіне барып арызданды.
Айгүлді алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті тұрғылықты мекен-жайынан ұсталды. Ол Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.
Белгілі болғандай, күдікке ілінген ер адам алған ақшаны өзінің бас пайдасы үшін жаратқан. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, мемелекеттен қайтарымсыз грантты бір емес бірнеше адамға алып алып беремін деп бір топ адамадардан ақша алған алаяқтар да кездеседі. Түркістанда бірнеше кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беруге уәде еткен адамға ақша жинап берген. Кәсібімізді жандандыра түсеміз деп үміттенген кәсіпкер қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеймін деген адамға қаражатты 2021 жылы беріпті. Алайда қайтарымсыз грант қаржысына қолдары жетпеген соң биыл полицияға арыз жазды.
«Мен 2020 жылы 500 мың теңге көлемінде грант алғанмын. Хадиша есімді кісі шаштараз салоныма келіп жүретін. «1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз ақшаны алуға көмектесе аламын. Ол үшін маған 100 мың теңге берсеңіз болды», — деді. Мен мобильді қосымша арқылы Хадиша Т. есімді келіншекке 100 мың теңге аударғанымды дәлелдей аламын. Сондай-ақ қызымның да кәсіп бастауына қаражат алып беруге көмектесемін деп уәде етті. Ол үшін бізден тағы 100 мың теңге сұрады. Мен ол кезде қолма-қол 80 мың теңгені санап бердім. Қалғанын грант ақшасы түскенде бересіз деді. Бізге 2021 жылдың шілде айының аяғына қарай қаражат түседі деп айтты. Содан бері не өзіміздің ақшамызды қайтарып бермеді, не гранттың қаражаты түскен жоқ. Міне осыдан соң арызды биыл Түркістан қаласының прокуратурасына жаздым. Арызды бас-аяғы 6 адам түсірдік. Бірақ әлі күнге дейін ақшамызды қайтара ала алмадық», — деді кәсіпкер Ханзада Рүстем.
Түркістан қаласы прокуратурасы мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып беру туралы уәде етіп, бөтеннің мүлкін жымқыру фактілері болғанын растап отыр. Алайда бұл қылмыстарды жұмыспен қамту орталығында және басқа да құзырлы органдарда қызмет етпейтін азаматтардың жасағаны анықталғанын тілге тиек етті. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Түркістан қаласының полиция басқармасы жүргізуде. Өзін жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеймін деп сендірген алаяқтың сөзіне сеніп қалғанын Ханзада тергеу барысында білді.
Прокуратура тарапы бұған дейін дәл осы жұмыспен қамту орталығына қатысты қылмыстық істер де тіркелген. Ол кезде орталықта қызмет етіп жүргендер атаулы әлеуметтік көмекті алып береміз деп, тұрғындардан ақша жинап алған.
«2019 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі А.Сапаров пен оның танысы М.Сулейменованың алаяқтық қылмыстық әрекеттері әшкереленгенін хабарлаймын. Аталған азаматтар алдын ала сөз байласып, 2018 жылдың наурыз айынан бастап 1 жыл бойы қала тұрғындарына мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы шығарып береміз деп алдап, ақшаларын жымқырып келген. Өз қызметтері үшін олар әрбір адамнан 20 000 теңгеден бастап 240 000 теңгеге дейін қаражат алып отырған. Осылай А.Сапаров пен М.Сулейменова және өзге де адамдар топ құрып алдын ала сөз байласып алаяқтық жолмен 58 адамнан ақша алып, оларға 3 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген», — деді Түркістан қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі.
Ал Түркістан қалалық жұмыспен қамту орталығының дирекоры Ақмарал Пернебекқызының сөзіне қарағанда Хадиша Т., есімді қызметкердің ешуақытта орталықта жұмыс істемегенін айтты.
Сұрастыра берсеңіз, әртүрлі оқиғаны естисіз. Айта кетейік, биыл Түркістан әкімдігі қайтарымсыз грантты заңсыз алды деген 55 кәсіпкерді анықтаған болатын. Оның 16-сы өз еркімен қаржыны қайтарса, қалған 39 адамды Жұмыспен қамту орталығы сотқа берген. Бүгінде оның 31-іне соттың ұйғарымы шығарылып, олар ақшаны түгел қайтаратын болған. Ал 8 іс әлі сотта қаралып жатыр.
Адамды алдаған алаяқтарды естіп жүрміз. Ал, мемелекетті алдамақ болған алаяқтар да өңірімізде кездесуде.
Осындай оқиғаның бірі Сауран ауданында да орын алды. Түркістан қалалық полиция басқармасына саурандық тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы «мемлекеттен қайтарымсыз несие алып беремін» деп алдын ала 1 200 000 теңгесін алған. Бір жыл бойы не ақшасын, не уәде еткен жеңілдетілген несиесін алып бермей алдап жүргенін жазып көрсеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке-басын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта сезікті әйелге сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.
Грант алып, кәсіпкер болғысы келгендер ақшасынан айырылып, Кентау қалалық полиция басқармасынан көмек сұраған 7 адамның ісіне тоқталып өтейік. БАҚ және әлеуметтік желіні шулатқан кентаулықтар өздерін алдап, уәдесін орныдамаған алаяққа алданғандарын айтып шағымданған болатын. Осы арызды тергеу барысында Түркістан облысы Кентау қаласының полициясы 7 адамды алдап, ақшаларын иемденіп кеткен әйелді құрықтады.
«Кентау қалалық полиция бөліміне 7 бірдей тұрғын арызданды. Олардың айтуларынша, таныс әйел кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақша алып беремін деп, уәде берген. Содан әр жәбірленушіден қомақты ақша алған соң, алайда уәдесін орындамай қашып жүрген», — деп атап көрсетті Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 935 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Біздің өңірде де мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін деп тұрғындарды тақырға отырғызып кеткен алаяқтар көптеп кездеседі. Полиция қызметкерлеріне келіп шағымданғандардың өзі күн санап артып келеді. Ал, қазақкершілікке салып, қолды бір сілтеп кеткен ақшасын қайтаруға талпынбағандар да қаншама.
PS: Көпшілікті алдап, дайын бизнес жоспарды бір емес бірнеше адамға сатып, ауадан ақша жасап отырғандар «Аңқау елге арамза молда» деген сөзді еріксіз еске түсіреді. Олай болмағанда ше?! Сырттан қарағанда «Мен барлығын дайындап беремін, соңында грант иегері атанасың» деген сөз кішкентай балаға кәмпит беріп, алдағанмен тең. «Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» дегендей қай жерде қомақты қаржы бар десе, сол жерде қоныштан басып, ақша алғысы келетіндер де табылады. Бұл әсіресе қайтарымсыз грантқа тікелей байланысты. «Халық айтса қалып айтпайды» деген өтірік емес. Осы қайтарымсыз грант үлестіреді дегеннен-ақ ел арасында гу-гу әңгіме тарай бастады. Бірі «Бастау бизнестен» сертификат алып беремін десе, енді бірі дайын бизнес жоспар бар деп жан-жаққа жарнама беріп әлек болды. Осы бірі осы қызметтерді халыққа көрсетіп адал нанын тапса, енді бірі адамдардың сеніміне кіріп, ақшаларын жымқырып алдап кетті. Мемлекеттен берілетін қайтармсыз грантты біреу арқылы емес, өзіңіз ізденіп, идеяңызды қорғап алатыныңызды ұмытпаңыз. Біреуге сеніп, алданып қалудан сақтаныңыз…



