Түркістан облысында тағы бір көкек ана қамауға алынды. Бауыр еті баласын бұрынғы күйеуіне қалдырып, өзі әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен бойдақпын деп танысып, оларға өзінің қиын жағдайға тап болғанын айтып қарызға ақша сұрап, қарызын қайтармай, талайды сан соқтырған.
Төлеби ауданының тұрғыны 2020 жылы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 419 бабы 2 бөлігімен (Қылмыс жасағаны туралы көрнеу жалған сөз жеткізгені үшін) екі жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына сотты болып, 2021 жылдың шілде айынан бастап Төлеби аудандық Пробация қызметінің есебінде тұрады.
Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұратын көкек ана, өзін виртуалды махаббат ханшайымы санаған әйелдің бірі. Пробация қызметкерлерінің жүйелі жұмысының арқасында қамауға Юлия есімді азаматша алынды. Бұдан басқа Төлеби аудандық ПҚБ-нің тексеру барысында соталған азаматша үйінде болмауы, пробациялық бақылауға шақырғанда келмеуі, ғаламтор арқылы танысқан жігіттерден қарызға ақша сұрап, алаяқтық әрекет жасап, оны кері қайтармаған.
Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұратын Юлия жаза өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілгеніне қарамастан бірнеше рет, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылып, белгіленген уақытта үйінде болмай, прфилактикалық іс-шаралаға қатысу үшін есеп беруге келмей, сот жүктеген міндеттерді орындамай жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін және алдағы уақытта жаңадан қылмыс жасауының алдын алумен оның түзелу жолына түсуіне ықпал жасау мақсатында, пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып іздеу жарияланған болатын.
Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінің бұрынғы бастығы әділет майоры Асқар Қамбарбаевтың айтуына қарағанда бұл азаматшаны құрықтау операциясының өзі өзгеше болған екен. Себебі, Асқардың сөзіне қарағанда виртуалды махаббат ханшайымын әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып алған. Онымен қарапайым жігіт ретінде танысып, оның да алдап соғу ниетімен Асқардан қомақты қаржы сұраған. Ол қомақты қаржыны бір жерде шәй ішіп отырып, беретін айтып, кездесуге шақырып, сол жерде қолға түсірген. Аляақ әйелді құрықтау операциясын жүргізген Асқар Қамбарбаевтың өзімен сөйлесіп, мән-жайды білген едік.
— Асқар бұл әйелге не үшін іздеу жарияланды?
— Іздеу жарияланған әрбір қылмыскерді құрықтау біздің міндетіміз. Себебі, олар жазадан қашып тағы бір қылмыс жасаудың алдын аламыз. Бұл Юлия есімді азаматша 2020 жылы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған болатын. Бұл азаматша Төлеби аудандық пробация қызметінің есебіне алынған алғашқы күні-ақ, өзінің құқықтары мен міндеттері жайында түсіндіріліп, тәртіпке бағынбаған жағдайда бас бостандығынан шектеу жазасы алынып, қамауға алынатыны ескертілген болатын. Алайда, бұл азаматша жаза өтеу барысында өзіне сотпен берілген мүмкіндікті тиісті деңгейде орындамай, асырауындағы баласынан бас тартып, ажырасу барысында туған ұлын әкесіне қалдырып кеткен. Отбасының ұйытқысы болып, баласын тәрбиелеудің орнына, әлеуметтік желі арқылы жігіттермен «тұрмыс құрмаған» жас қыз болып танысып, сөйлесе келе олардан ақша сұрап, алаяқтық жолмен ақша тауып оңай олжаға кенеліп жүрген. Сот жүктеген міндеттерді орындамай, жазадан қасақана жалтарғаны үшін Төлеби аудандық сотының қаулысымен іздеу жарияланып, нәтижесінде бас бостандығынан айрылып, қамауға алынып, пробация қызметімен аудандық сотқа бас бостандығынан шектеу жасасының күшін жою бойынша ұсыныс жолданылды.
— Бұл алаяқ әйелді ұстау операциясы қалай өтті?
— Әрбір іздеуде жүрген сотталған адамдарды құрықтаудың өзіндік тәсілі бар. Себебі, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған адамдар заңға бағынғысы келмейді. Айына екі рет келіп тіркеліп, кешкісін тұрғылықты мекенжайда тұрмайтын болып шығады. Біздің бұл сотты болған адамдарды тексерудегі мақсатымыз, есепте тұрғандар қайта қылмыс жасап, қоғамға зиян келтірмесе екен дейміз. Осындай мақсатпен Юлия есімді азаматшаны тұрғылықты мекенжайы бойынша таба алмадық. Тіркелуге де келмеді. Сот жүктеген міндеттен жалтарғаны үшін бұл азаматшаға іздеу жарияладық. Оның ұялы телефонына хабарлассақ тұтқаны көтермейді. Көршілерінен сұрастырдық, оның көшіп кеткені жайында айтты. Төлеби аудандық Полиция басқармасымен бірлесіп бұл азаматшаны іздеу операциясын құрды. Әлеуметтік желі арқылы Юлияны таптық. Оны құрықтау үшін әлеуметтік желі арқылы «Любимый» деген лақап атпен танысып хат алмастым. Алаяқ әйелді құрықтау үшін осындай әрекетке бардым. Содан не керек Юлиямен бір 3 күндей сөйлесіп, сыр білдірмедім. Ол да менен күдіктенбеді. Танысқанан кейін келесі күні-ақ ол менен «жұмыстан шығып қалып, пәтер ақысын төлей алмай қиналып тұрғанын» айтып ақша сұрай бастады. Сұраған ақшаны өзінің қолына апарып беруге ниет білдіріп едім, ол қашқақтай бастады. Оның кездесуге келіспейтінін түсініп «көптен күткен жиенім дүниеге келді, сол қуанышымды бөлісу үшін пиццаға тапсырыс берейін» деп айттым. Ол бірден келісті. Сөйтіп, өзінің үйіне жақын жердегі пицца орталына тапсырыс беруін айтты. Өзі айтқан жерге пиццаға тапсырып беріп, сол жерге барып Юлия есімді азаматшаны күтіп отырдым. Ол пицца орталығына кіргенен кейін, оның артынан пробация қызметкерлері мен полиция басқармасының қызметкерлері кіріп келді. Міне, осылай виртуалды махаббат жолында адамдарды сан соқтырған азамтшаны қамауға алдық. Осындай іздестіру операциясының арқасында бір алаяқтың жолын кестік.
— Жазадан жалтарып іздеуде жүрген қанша адам тіркеуде тұрады. Жыл басынан бері қанша адам құрықталды?
— Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері Төлеби аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған алты адамға іздеу жариянған болатын. Олардың үшеуі қамауға алынды. Қалғандарын әлі де іздестірудеміз.
— Іздеу жарияланған адамдарды тез арада табудың қандай жолы бар?
— Оларды әртүрлі жолмен іздеуге кірісеміз. Сондай-ақ, іздеу жарияланған адамдарды әлеуметтік желі арқылы табуға мүмкіндік мол. Олай дейтін себебім, Төлеби аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған екі азаматты әлеуметтік желі арқылы іздеу жариялау арқылы, аудан тұрғындарының берген мәліметі бойынша қолға түсірдік. Әлеуметтік желінінің көмегі тиді десем де болады. Сонымен қатар, қазіргі таңда пробация қызметінің есебіне нәзік жандылардың қатарының көбейіп келе жатқаны қынжылтады. Әйел адамдардың басым бөлігі алаяқтық жасағаны үшін жазаға тартылғандар. «Қызым үйде, қылығы ғаламторда» дегенің кері келіп тұрғандай.
P.S, Расымен де қарап отырсақ жиырма бірінші ғасырдың қыздарын ата-әже емес ғаламтор тәрбиелеп отыр. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін әлеуметтік желіге телміріп отырады. Ал, осы әлеуметтік желі қыздарымызға қандай тәрбие беріп, қандай бағытқа жетелеп бара жатқанынан біле бермейміз. Әлеуметтік желінің салдарынан қаншама отбасы шайқалды. Қаншама бала анасыз тұл жетімге айналды. Әлеуметтік желінің қызығына түскен қаншама әйел безбүйрек ана атанды. Ананың жағдайы түзелмесе, ұрпақтың түзелуі қиын болатыны белгілі. Қалай болғанда да, безбүйрек ана, тастанды балалардың көбеюі қоғамның азғындауына әкеліп соғатыны сөзсіз. Анасының осындай жаман қылығын көріп өскен баланың тәрбиесі де өзгереді. Осындай ананың балалары да анасының қателігін жасап жүрмесіне кім кепіл?! Сондықтан, сіз болып, біз болып алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді.



