Республика бойынша 2022 жылы тіркелген 37 286 қылмыстың 47 пайызы интернет алаяқтықтар болса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 35 пайызды (2240-тың 794-і) құраған. Көптеген жағдайда азаматтар ғаламтор және мобильдік банкинг арқылы тексерілмеген есеп шоттарға ақша аудару салдарынан алаяқтықтың құрбаны болып отыр.
Жалпы статистикалық мәліметке сүйенсек, облыс аймағында екі жыл ішінде 700-ге жуық интернет алаяқтығы тіркелген. Интернет-алаяқтықтардың күн сайын жаңа тәсілдері, жаңа схемалары пайда болуда. Облыс прокуратурасымен жүргізілген талдау нәтижесінде әлеуметтік жәлілерді «Whatsapp» мессенджерлерін қолдану арқылы облысымызда 200-ге жуық алаяқтық әрекеттері іске асырылған екен.
Айталық, жақында ғана өңір полицейлері өзге адамдардың атынан несие рәсімдеген алаяқ жігітті ұстады. Оқиғаны толығырақ баяндай кетейік. Түлкібас аудандық полиция бөліміне екі бірдей жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, олардың атынан белгісіз біреу онлайн-несие алған. Яғни, алаяқ бір тұрғынның атынан 1 миллион теңге алса, екінші тұрғынның атынан 1,7 миллион теңге несие шығарып алып, жәбірленушілерді банкке қарыз еткен. Жәбірленушілер тәртіп сақшыларынан тез арада мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түлкібастық полицейлер қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, осы қылмысқа қатысты күдікті 1 апта ішінде анықталды. Сезіктіні полицейлер тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол Түркістан қаласының тұрғыны, жұмыссыз жас жігіт болып шықты.
Полиция бөліміне жеткізілген күдікті, «ватцап» желісі арқылы пайызсыз несие алып беремін деп, хабарландыру таратқаны белгілі болды. Оған сенген тұрғындар өздерінің жеке мәліметтерін берген. Әйелдердің атынан несие шығарып, мақұлдау алған алаяқ жәбірленушілерге: «Есепшотыңызға ақша түсті, тек ол 12 аймен берілді. Сіз ақшаны қайта салсаңыз, 24 айға бөліп төлейтін етіп беремін» деп сендіріп, қаражатты қайта аудартып алған. Содан байланысқа шықпай, ізін суытқан.Қазір таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.
Өңір полицейлері интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін ескертеді.
— паспорттық және өзге де дербес деректермен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді, тіпті егер Сізге банк қызметкері ретінде таныстырған болса да бермеу қажет;
— жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығу;
— кез келген ұсыныстарға сын көзбен қарау;
— тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлеуге келіспеу;
— белгісіз адамдарға ақша аудармау;
— күмәнді шарттар мен мәмілелер жасамау;
— банк қосымшалары арқылы шоттағы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін шектеу;
— өз құжаттарыңызға қолжеткізуді шектеу (жекекуәлік, банк картасы), құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жолдамау;
Көрсетілген мәліметтер алаяқтарға белгілі болған жағдайда, оларға алдағы уақытта микрокредиттік қаржы ұйымдарында немесе банктерде олардың атынан несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар, егер де сізге бөтен біреу қоңырау шалса және оның әңгімелері күмәнді болса дереу полицияға хабарласыңыз және ешқандай жағдайда ақшаңызды бермеңіз. Айта кету керек,ағымдағы жылдың 6 айында Түркістан полициясының қызметкерлері 6 қылмыстық топты анықтады, қазірдің өзінде 46 алаяқ жауапқа тартылды және интернет-алаяқтықпен байланысты 71 қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Реті келгенде айта кетейік, қазіргі алаяқтар күн сайын азаматтардың ақшасына қол жеткізу үшін алаяқтықтың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Есіңізде болсын олардың алдау схемалары әр түрлі болуы мүмкін. Банк клиентінің бейтаныс сілтемені басуы, құпиясөзді бұзу, желіде алдамшы ұсыныстар беру және т.б. Алайда, азаматтар өздерінің желідегі қауіпсіздігі қаржылық және ақпараттық сауаттылығының деңгейіне тікелей байланысты екенін есте ұстауы керек.
Көбіне басқа адамдардың ақшасын іздеушілер түрлі банктердің клиенттеріне жеке телефон нөмірлеріне қоңырау шалады. Мысалы, онлайн-банкинг пайдаланушысына банктің жалған менеджері мен қауіпсіздік қызметінің бастығы қоңырау шалуы мүмкін. Олар клиенттің картасын пайдаланып күдікті қаржылық операциялар жүргізіліп жатқандығы туралы ойдан шығарылған оқиғаны хабарлайды. Бұғаттау үшін төлем картасының артындағы үш таңбалы нөмірді, SMS-кодты сұрайды. Барлық қажетті деректерді алғаннан кейін, алаяқтар интернет-банкингке қосылып, бірнеше минуттың ішінде клиенттің онлайн-шоттарындағы барлық ақшаны ұрлап алады. Клиенттің картасын өз мақсатында пайдалану үшін алаяқтар оның нөмірін, иесінің атын, жарамдылық мерзімін, картаның артындағы нөмірді білуі керек.
Жоғарыда айтып өткендей, қоңырау шалу немесе SMS арқылы жасалатын алаяқтық түрі де жиі кездеседі. Клиентке оның абоненттік нөмірі компанияның байқауында жеңіске жеткені туралы қуанышты жаңалық жеткізіледі. Жүлдені басқа қаладан алып кетуге немесе ақшалай банк картасына аударып алуға ұсыныс жасалады. Ол үшін олар адамның жеке деректерін сұрайды, интернет-банкингті құрылғысына қосуға мүмкіндік беретін түрлі қосымшаларды жүктеуді сұрайды да, ақшаны ұрлап алады.
Алаяқтар көп жағдайда сатып алушыға айналып шыға келуі мүмкін. Олар сатушының телефонына тауарға ақша төлеуге қажет деген сылтаумен деректерді толтыру үшін сілтемелер жібереді. Сатушы осы сілтеме бойынша өткен кезде оның шотынан автоматты түрде ақша алынады, төлем карточкасының иесі оны білмей де қалады, бұл арнайы зиянды бағдарламалық қамтылымның көмегімен жүзеге асырылады.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін жеке деректеріңізді, оның ішінде пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге бермеу керектігін айтып өттік. Сонымен қатар, тексерілмеген және күмәнді ақпарат көздеріне, мысалы, белгісіз адамдарға, әсіресе Интернетте, сенуге болмайды. Әрқашан ақша мәселелеріне қатысты кез келген ақпаратты тексеріңіз және ересектермен, отбасыңызбен және жақындарыңызбен кеңесіңіз.Тексеріп алмай тұрып тауар үшін алдын ала төлем жасауға болмайды, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасаңыз. Егер сіз сатып алушының немесе сатушының шынайы екеніне күмәндансаңыз және алдауы мүмкін деп ойласаңыз, онда мәмілені тоқтатыңыз, тауар немесе қызмет үшін бірден ақы төлеуге асықпаңыз. Сіз әрқашан күте аласыз. Сізде ақша бар кезде талапты да сіз қоясыз және сол немесе басқа тауарды не қызметті сатып алу керек пе, жоқ па, енді оны сіз шешесіз.