Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов мәлімдеді.
Оның айтынша, биыл 9 айда Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Осы ретте жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 9 айда 55,7 млрд теңгені құраған. Ал өнеркәсіп саласында 32,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
– Қаламызға 9 айда 39,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 168,4%-ды құрады. Жыл басынан бері 3,3 млрд теңгеге 6 жоба іске қосылып, 250 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары өңірде 41,9 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асырып, 1 022 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 9,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 80 жоба қаржыландырылды, — деді Жандос Қалмырзаұлы.
Биыл инфрақұрылыммен қамту бойынша Шұғыла мөлтек ауданында газ, су, электр желелілері, автомобиль жолдары құрылысы аяқталып, 377 жеке тұрғын үй сапалы инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілді. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100% ауыз сумен және толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.