Қазіргі таңда цифрлық технология арқылы жасалатын заңсыздық әрекеттер елді алаңдата бастады. Өзгенің атынан несие рәсімдеп, ақшаны қолды еткен соң ізім-ғайым жоқ болатын алаяқтар көбейді. ҚР Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру және алаяқтық қылмыстарды азайту мақсатында «CyberPol» пилоттық жобасын қолға алған болатын. Айта кетейік, облыстық криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл және 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы іске кіріскен еді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56-сының интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.
Топтың жедел уәкілдері жақында танысының атынан заңсыз несие рәсімдеген алаяқты анықтады. Оқиғаны толығырақ баяндай кетейік. Сарыағаш аудандық полиция бөліміне алаяқтық қылмысы туралы арызымен жергілікті тұрғын хабарласты. Әйелдің айтуынша, оған бейтаныс әйел телефон арқылы мемлекеттен әлеуметтік көмек алуға көмектесетінін айтып, әбден сендірген. Біраз уақыттан соң жәбірленуші өзінің атына шамамен 1,5 миллион теңге онлайн-несие рәсімделгенін білген. Бұл жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Сарыағаш ауданының полицейлері алаяқтық жасаған күдіктіні анықтады. Аталмыш жергілікті тұрғыны оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді.Белгілі болғандай, алаяқ әлеуметтік көмек рәсімдеу сылтауымен жәбірленушінің сеніміне кіріп, мобильді қосымша арқылы оның атынан ірі көлемде онлайн-несие рәсімдеген.Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Реті келгенде айта кетейік, Арыс аудандық полиция бөлімінің полицейлері де белгісіз бір әйелдің атынан несие рәсімдеген алаяқты ұстады. Әйел адамның айтуынша, белгісіз біреу оның атынан 500 000 теңге несие рәсімдеген.Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Алаяқтық жолмен тұрғынды алдап, құрығына түсірген күдіктіні анықтау мақсатында тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижелі іздестіру барысында жергілікті тұрғын алаяқ әйел полицияға жеткізілді. Белгілі болғандай, жәбірленуші күдіктінің мемлекеттен берілетін «Атаулы әлеуметтік көмек» шығарып беремін деген жалған сөзіне сеніп, алдын ала 50.000 теңге мен құжаттарын берген. Ал танысы оның құжаттарын пайдаланып, несие рәсімген. Қазіргі таңда оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Орайы келгенде, азаматтарға осындай жағдайға тап болса не істеу керек екенін айта кетейік. Мұндайда бірінші кезекте, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын біліп алыңыз және оған өтінішпен жүгініңіз. Өтінішті сондай-ақ, құқық қорғау органына да беру қажет. Сіздің өтініштеріңіз тіркелуге тиіс, өтінішті қабылдау күні көрсетілген тіркеу нөмірі сіз өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне де қойылуға тиіс.
Кредитордан міндетті түрде ішкі қызметтік реттеу жүргізуді талап етіңіз. Сонымен қатар, кредиттік ұйым сізге шарттың көшірмелерін, оған қосымшаларды және жеке басты куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуға тиіс. Сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылау қажет.
Кредиттік ұйым құжаттар ұсынудан бас тартқан жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым бере аласыз.Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтардың алғанына дәлелдер таба алмаса, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы шағым-талап беру қажет. Сот шешімді сіздің пайдаңызға шығарған жағдайда, кредиттік ұйым сізден борышты төлеуді талап етуді тоқтатуға, берешекті есептен шығаруға және кредиттік бюроға сіздің кредиттік тарихыңыздан басқа адамның қарызы бойынша ақпаратты алып тастау жөнінде хат жолдауға тиіс.
Енді өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың алдауынан қалай қорғауға болатынын айтайық. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтар сақтауға тиіс негізгі қауіпсіздік ережелеріне тоқталайық. Біріншіден, егер сізге банк қызметкерлерінен қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері, банктердің байланыс орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды ақпарат тек алаяқтарға қажет. Егер күмәнданған болсаңыз, сізге қызмет көрсететін банктің Call-орталығына өзіңіз хабарласып біліңіз.
Екіншіден, егер сізге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ сізге оның атынан хабарласқан ұйымның: ҚР ІІМ және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.
Үшіншіден, егер желіде қор нарығында табысқа кенелу ықтималдылығы 99%, бұрын-соңды болмаған ақша табуға мүмкіндік беретін таңғажайып платформаға қол жеткізу үшін сауалнамадан өтуді ұсынса, сенбеңіз. Өзіңіздің дербес деректеріңізді еш жерде, интернет кеңістігінде, әсіресе, фишингтік сайттарда қалдырмаңыз. Егер сіз мұны жай қызығушылықпен жасап, жалған нөмірлерді тіркесеңіз де мұның салдары болуы мүмкін.
Төртіншіден, ешқашан және ешкімге жеке деректеріңізді, банк картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодты (банк картасының артқы жағындағы үш санды, картаның түпнұсқалығын тексеру кодын), құпия сөзді және ақша қалдығын, жасалған операцияны растау үшін SMS-кодты: төлемді, аударымды және т.б. айтпаңыз. Интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің паролін ешкімге айтпаңыз. Қарт туыстарыңызға алаяқтардың айла-амалдары туралы айтыңыз, қаскүнемдердің нысанына айналатындар негізінен солар екенін ескертеміз.
Айта кетейік, алаяқтық әрекет жасағандар қылмыскер болып табылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде «алаяқтық» деген сөзге мынадай түсінік берілген. «Бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады».
Аталған бап 4 бөліктен тұрады. Егерде алаяқтық жасаған адам жай алақтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, егер де адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдаса немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында алаяқтық жасаса онда оған аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген.
Ескере кеткен жөн алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасытағайындалады. Айта кетейік, алаяқтық жасаған адамға қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу қолданылады.