Цифрлық технологиялар дамыған сайын алаяқтар да алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Олардың құрығына көбіне аға буын өкілдері түсіп қалып жатады. Өйткені, егде жастағы адамдарды алдау оңай. Олар оңай басқарылатын, жаңылыстырылатын адамдар санатына жатады. Қазіргі заманауи технологияларды жақсы білмейді. Интернеттегі немесе мобильді банкингтегі ақпаратты тексере алмайды. Сондықтан зейнеткерлер көбінесе алаяқтардың құрбанына айналады. Төлем карталарын пайдалануға дағдыланбаған егде жастағы адамдар өздерінің жеке мәліметтерін алаяқтарға оңай бере салады.
Жақында өңір полицейлері мынадай бір оқиға бойынша қылмыстық істі тіркеуге алды. Оқиғаны толығырақ баяндай кетейік. Сайрам аудандық полиция бөліміне жергілікті 8 тұрғын шағым түсірді. Жәбірленушілердің айтуы бойынша телефон арқылы хабарласқан әйел сенімдеріне кіріп, «мемлекеттен бизнес бастауға грант ұтып беремін», «зейнеткерлікке шығарып беремін» деп әр қайсынан алдын ала 75.000 теңге ақшаларын жымқырған. Келтірілген шығын көлемі 600.000 теңге. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Сезіктінің жеке тұлғасын анықтау үшін полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жауап алынып, ақша аударылымдарын тексерген. Нәтижесінде жергілікті тұрғын ұсталды. Ол бұған дейінде алаяқтық жасағаны үшін сотты болған екен. Қазіргі уақытта аталған жайттарға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де жәбірленушісін мүгедектік бойынша зейнетке шығарып беремін деп алдаған алаяқты ұстады. Оқиғаны толығырақ баяндай кетейік. Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтық қылмысы туралы хабарлады. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз ер адам «Мүгедектік бойынша зейнетке шығарып беремін деп» уәде берген. Алаяқ бұл қызметі үшін өзіне сенген әйелден 200 мың теңге алып, соңында бой тасалаған.Сарыағаштық сақшылар жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Тексеру кезінде оның осыған ұқсас тағы бір алаяқтық дерегіне қатысы бары белгілі болды. Яғни ер адам мүгедектік бойынша зейнетақы рәсімдеуге көмек көрсету сылтауымен келесі жәбірленушіден 150 мың теңге алған. Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Орайы келгенде қарт адамдарды алаяқтардан қалай қорғай алатынымыз жөнінде толығырақ айта кетейік. Қарт адамдарға бейтаныс адамдарға сөзсіз сенудің қажеті жоқ екенін түсіндіріңіз, тіпті олар өздерін банк, құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып таныстырса да. Егер қоңырау шалушылар сізге аты — жөніңіз бойынша жүгінсе және сіздің мекенжайыңызды білсе, бұл адамдар ресми адамдар дегенді білдірмейді. Бұл деректерді көптеген жолдармен алуға болады, олар тіпті интернетте жалпыға қол жетімді. Сосын қызметкердің аты-жөні мен лауазымын міндетті түрде сұраңыз және олар өкілі болып қоңырау шалып отырған ұйымның жедел желісіне немесе колл-орталығына қоңырау шалу арқылы қайта тексеріңіз.
Егер жақын адам бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, қиыншылыққа тап болғанын айтса, оған ақша аударуды сұраса, сөйлесуді аяқтап, оған қайта қоңырау шалыңыз. Өзіңіздің жеке деректеріңізді, банктік картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV-кодты, құпия сөзін және ақша қалдығын ешқашан және ешкімге айтпаңыз. Банк қызметкерлері, банктердің колл-орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды мәліметтер тек алаяқтарға қажет.