Қазіргі таңда алаяқтық қылмыс өршіп барады. Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысы аумағында 425 қылмыстық іс тіркелді. Жақында Түркістан қаласының полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен жас қызды анықтады. Мұнда алаяқ жәбірленушілерді «қайтарымсыз субсидия алып беремін» деп алдап, ақшаларын алыпізім-ғайым жоқ болып кеткен. Оқиға жайлы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі былай дейді: «Түркістан қалалық полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болған облыс орталығының тұрғындары арызданды. Жәбірленушілердің бірі танысы қайтарымсыз субсидияға көмектесуге уәде беріп, 400 мың теңге алғанын хабарлады. Дәл осы алаяқ тағы екі жәбірленушіден 600 мың теңгеден алған. Орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау бойынша полиция басқармасында барлық қажетті іс-шаралар жүргізілді.
Тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдермен атқарылған жұмыс нәтижесінде күдікті ретінде облыс орталығының тұрғыны ұсталды. Тексеру кезінде сезіктінің 10-ға жуық алаяқтық қылмысы дерегіне қатысы бары белгілі болды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 9 миллион теңгеден астам болып отыр. Қазіргі таңда осы жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда алаяқтың басқа қылмыстарға қатыстылығы анықталуда».
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, былтыр елімізде тіркелген интернет-алаяқтық қылмысы 20 мыңнан асып-жығылған. Өкінішке қарай, құзіретті органдар осыншама қылмыстың 3 мыңға жуығын ғана аша алыпты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ғаламтор арқылы алаяқтық әрекетке баратындарды қолға түсіру өте қиын. Қазіргі таңда елімізде ұялы байланыс операторлары алаяқтарды анықтауды үйреніп, бір-бірімен жалпы ақпарат алмасуды күшейту бағытында тиісті интеграцияны іске асыруда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде алаяқтардың нөмірлері анықталып, бұғатталуда. Әрине, бұл жұмыстар қылмыстың біртіндеп азаюына септігін тигізіп жатыр. Дегенмен, алаяқтардың телефон нөмірлерін пайдалану және оларды шетелге шығару мүмкіндігі әлі де бар. Сондықтан, тиісті органдар телефон арқылы алаяқтық жасап, тұрғындардың атынан несие алатындармен күресуді одан әрі ойластыруда.
Екінші деңгейдегі банктердің деректері бойынша былтыр қарыздар бойынша алаяқтық операциялардың саны 4,2 есеге артып, 8,1 млрд теңге сомасына 5,2 мың жалған кредит рәсімделген. Көбінесе қаржылық алаяқтардың құрығына зейнеткерлер мен жастар түсіп қалады екен. «Алаяқтар оларды алдау үшін ескі және жаңа алаяқтық әдістерін қолданады», — дейді құқық қорғаушылар. Айталық, алаяқтар қарт адамдарға банктен қоңырау шалып отырғанын айтып, алдауға көшеді. Кредит алуға өтініш берген-бермегенін нақтылайды. Егер бұл олар болмаса, онда алаяқтар олардың атынан кредит алуға тырысады және шұғыл шаралар қабылдайды. Банктің нұсқауларын орындауға көшеді. Ол үшін олар әлеуетті құрбандарға деректерін орнатуды және қорғауды қажет ететін қосымшаға сілтеме жібереді. Бағдарламаны жүктегеннен кейін телефонға SMS-хабарлама немесе электрондық пошта арқылы хабарлама келеді. Содан соң банктің жалған қызметкері кодты атауды сұрайды және бұл ақшаны алаяқ айтқан басқа шотқа аудару керек екенін айтады.
Алаяқтар әрқашан сенімді, мұқият тыңдайды, құрметпен сөйлеседі, егжей-тегжейлі түсіндіреді, сөзсіз сенім тудырады, көмектесуге дайын және осылайша егде жастағы адамдар туралы айтпағанның өзінде тіпті қаржылық сауатты адамды да адастыруы мүмкін. Алаяқтар барлық қол жетімді әдістерді белсенді қолданады. Өз тәжірибелерінде олар психологиялық, эмоционалдық тәсілдерді, әлеуметтік инженерияны және IT технологияларды қолданады. Олардың көмегімен азаматтардың конфиденциалды ақпараты мен дербес деректеріне қол жеткізе алады.
Ескере жүріңіз, енді бір алаяқтар өздерін заңға қызмет еткен адамдармыз деп таныстырады. Сіздің танысыңыз, досыңыз немесе туысыңыз қиындыққа тап болғанын хабарлайды. Мысалы: ол адамды қағып кетті, ауруханада жатыр деген сыңайлы суық хабарларды жеткізеді. Немесе «заңның белгілі бір бабы бойынша алаяқтық жасады деп айыпталуда» дейді. «Қылмыс» десе кімнің болса да денесі дір етіп тітіркеніп, бойын қорқыныш билейді ғой. Сондықтан, олар мәселені шұғыл шешу үшін кез келген соманы ұсынады. Және тұтқаның арғы жағындағы адам оны тез арада төлеуге тырысады. Өкінішке қарай, мұндай алдаудың да құрбандары жақын адамына көмектесу үшін бәрін жасауға дайын қартадамдар.
Сонымен қатар, алаяқтар көбіне әлеуметтік желілерде адамдардың, әсіресе елге танымал тұлғалардың аккаунтын пайдаланып, оның достарынан қаржылай көмек сұрайды. Қазіргі таңда алаяқтар әлеуметтік желілердің ішінде Telegram мессенджерін жиі қолдануда екен. Олардың алаяқтық схемасы өте қарапайым. Адамдардың әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, оның жақындарынан немесе туыстарынан ақшалай көмек сұрайды. Және оны бір банк есепшотын ұсынып, соған аударуды өтінеді. Соңғы уақытта мұндай хабарламалар Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиі кездесе бастады.
Мамандар мұның себебін адамдардың әлеуметтік желілерде байланыс деректерінің дербестігін сақтамағанынан және байланыс деректерінің еркін таралып кеткендігінен екенін айтып отыр. Егер де сіз белгілі бір тауарды интернет арқылы алғыңыз келсе мұқият болыңыз. Алаяқтар банктік картаңызға тауарға ақша аудару үшін сілтеме жіберіп, банк картаңыздың CVV/CVC-коды көрсетілген деректерін енгізуді ұсынады. Осылайша, алаяқтар сіздің картаңыз туралы толық мәліметті біліп алып, қаржыңызды оп-оңай қолды етеді.
Міне, сондықтан да интернет алаяқтарынан сақтану үшін әлеуметтік желіңіздегі жеке басыңызға қатысты байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпегеніңіз жөн. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланғаныңыз дұрыс. Әсіресе, банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Банктерден келген SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс адамдарға айтпаңыз. Және алаяқтардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз.
Ал егер де Сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз,өзіңізге ең жақын маңда орналасқан полиция бөліміне барыңыз немесе 102 телефоны арқылы дереу хабарласыңыз. Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз. Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан қорғай біліңіз.