Соңғы уақытта қоғамымызда интернет алаяқтарының көбеюінің бірден-бір себебі, ол – халықтың қаржылық сауатсыздығы мен құқықтық және компьютерлік сауатсыздығынан. Осылай деген сала мамандары тұрғындарға алаяқтардан өздерін және жақындарын қорғау керектігін айтады. Ол үшін түрлі кеңестер де беруде. Мәселен, өңір полицейлері әр аптаның жұма күндері мешіт және медреселерде, ал Мәдениет және туризм басқармасымен бірге әрбір мәдени іс-шаралардың барысында «Интернет-алаяқтарынан сақ болыңыздар!» атты тақырыпта ескертпе шараларын өткізу жөнінде келісімге қол қойған. Облыстық прокуратурамен кездесулер ұйымдастырылып, интернет-алаяқтық қылмыстарын тергеу барысында қиыншылық тудыратын және шешуді қажет ететін сұрақтарды шешу мәселелері пысықтауда.
Құқық қорғаушылар тұрғындарға интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін алға тартады. Айталық, паспорттық және өзге де дербес деректермен бөліспеңіз. Банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ, ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді, тіпті егер Сізге банк қызметкері ретінде таныстырған болса да бермеу қажет. Жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз. Кез келген ұсыныстарға сын көзбен қараңыз. Тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлеуге келіспеңіз. Белгісіз адамдарға ақша аудармаңыз. Күмәнді шарттар мен мәмілелер жасамаңыз. Банк қосымшалары арқылы шоттағы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін шектеңіз. Өз құжаттарыңыздың, мәселен жекекуәлігіңіздің, банк картасының фотосуреттерін ешкімге жолдамаңыз. Осы айтылған құжаттар алаяқтардың қолына түссе, ол микрокредиттік қаржы ұйымдарынан немесе банктерден сіздің атыңызға несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Сондықтан, әр кез есіңізде сақтаңыз егер де сізге банк қызметкері ретінде хабарласып, несие рәсімдеуге нұсқаулар айтып, құпия сөзді сұраса, полиция қызметкері ретінде хабарласып, жеке мәліметтеріңізді сұраса, интернеттегі арзан тауарға, сатушы алдын ала төлем сұраса, интернетте ақша табу, ақшаңызды көбейтіп беремін деп, алдын ала ақша сұраса, ұтыс ойынының жеңімпазы болдыңыз деп, сыйлықты алу үшін алдын ала ақша сұраса, сіздің танысыңыз ретінде бөтен тұлға интернет арқылы қарызға ақша сұраса, интернет арқылы сатып жатқан тауарыңызды сатып аламын деп, сілтемеге карта деректерін енгізуді сұраса онда олар интернет алаяқтары.
Бұлай деуіміздің себебі, жақында өңір полицейлері жәбірленушісінің «көлік ұттыңыз» деп 8 миллион теңгесін алып кеткен алаяқты ұстады. Оқиғаны толығырақ баяндай кетейік. Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өткен жылы болған алаяқтық қылмысын ашып, қызылордалық күдіктілерді қолға түсірді. Полицияға арызданушы әйел 2022 жылдың шілде айында ұялы телефонына «өзін компания қызметкерімін» деп таныстырған белгісіз біреу, «KIA K5» маркалы автокөлік ұттыңыз деп айтып, сендіргенін жеткізді. Содан алаяқ тұрғыннан жаңа көлікті иемдену үшін ақша сұраған. Ал алаяқтың сөзіне сенген жәбірленуші оған 8 миллион теңгеден астам ақша берген. Аталған жайт Ордабасы аудандық полиция бөліміне ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркеуге алынды. Хабар алысымен қылмыскерлерді құрықтауда полицейлер іске кірісті. Іздестіру шараларын үздіксіз жүргізді. Нәтижесінде осы іске қатысы бар сезіктілердің жеке басы анықталды. Олар жұмыссыз Қызылорда облысының тұрғындары болып шықты. Анықталғандай, күдікті жас жігіттер достарының банктік есепшотын иесіне білдірмей қолданған. Содан алдау жолымен алған ақшаны аталмыш есепшотқа аудартып, пайдаланған. Қазіргі уақытта ұсталғандар қамауда.
Алаяқтардың мақсаты – эмоция тудыру, ызаландыру. Сондықтан, қоңырау шалушылар, егер сіз банктің бөлімшесіне қоңырау шалатын болсаңыз да, сізге ешкім телефон арқылы ақпарат бермейді. Себебі бұл конфиденциалды ақпарат болып табылады деп ескертеді, тіпті банктің бөлімшесіне барған күннің өзінде алтын уақытыңызды жоғалтасыз деп сендіреді. Алаяқтар, осылайша сіздің онлайн- немесе мобильдік банкингіңіз арқылы операция жүргізіп, ақшаны аударып жібере алады, сондай-ақ жалған кредит ресімдеп жіберуі де мүмкін немесе «банк» сіздің шотыңызды 180 күнге бұғаттап тастауы мүмкін деп сендіреді.Қырағылығыңызды төмендету үшін алаяқтар сізді қорқыта бастайды немесе кенеттен ұтысқа ие болдыңыз немесе «пайызсыз кредиттер науқаны» түріндегі басқа «тосын сыйға» ие болдыңыз деп сендіруге тырысады.
Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкерлерінің әлеуметтік инженерия әдістерін меңгерген алаяқтардан айырмашылығы — сіздің бойыңызда қорқыныш, үрей, ашулану сияқты сезімдер тудырмайды және ешқашан картаңыздан басқа шотқа дереу ақша аударуды талап етпейді, кредит ресімдеуді немесе банкоматтан ақша алуды сұрамайды. Сіз қатыспаған ұтыс ойындары, байқауларға келсек, «батпан құйрық, айдаладағы жатқан құйрық» дегендей тегін ештеңенің де болмайтынын естен шығармаңыз.