Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық — алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады. Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген.
Енді осы Түркістан облысында орын алып жатқан алаяқтық оқиғалардің бірнешеуін айтып, онда оқиға қалай болды, кімді қалай алдап кеткені жайында тоқталып көрейікші.
Бірінші оқиға пәтер жалдаған әйел үй иесінен 1,5 млн теңгені алдап алған. Былайша айтқанда алаяқ төрт ай бойы ештеңе болмағандай, бір дастарханнан тамақ ішіп жүрген. Аталған оқиға Түркістан облысының Сайрам ауданында орын алды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, алаяқ үй иесінің сеніміне кіріп, телефонын алдап сұрап алып, банк қосымшасы арқылы 700 мың теңге несие рәсімдеген. Одан бөлек, банк есеп шотындағы ақшаны өзіне аударып, қажетіне жұмсаған. Сондай-ақ мобилдік қосымша арқылы 470 мың теңге несие алып, онлайн желілерден де тағы екі ақшалай несие алып, үй иесімен бірге ештеңе болмағандай төрт ай бірге тұрып келген. Полицейлер алаяқтың кім екенін бірден тапты. Ол жәбірленушінің пәтерінің бір бөлмесін жалдап тұрған әйел болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркелді. Егерде кінәлі адам жай алаяқтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Екінші оқиға ер адам жүргізуші куәлігін жасап беремін деп жергілікті тұрғынның атынан үш бірдей несие алған. Түлкібас аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірген. Оның айтуынша, күдікті биылғы жылдың тамыз айында бейтаныс ер адаммен танысқан. Содан бейтаныс адам оған жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, сендірген. Осыдан кейін жәбірленуші бейтаныс ер адамға жеке куәлігінің көшірмесі мен 250 мың теңге ақша берген. Алайда 1 апта ішінде бітеді деген жалған уәде 2 айға созылған. Сөйтіп, жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін полицейлерден көмек сұраған. Аталған оқиға Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Соның нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар бұрын сотты болған жергілікті тұрғын анықталды. Күдікті ер адам жәбірленуші азаматтың сеніміне кіріп, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтып, оның атынан 3 млн теңге болатын үш бірдей несие алған.
Үшінші оқиға Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағымданған. Оған сырттай таныс әйел мемлекет тарапынан берілетін үйдің кезегін жылжытып беретінін айтып, қызметі үшін 300 мың теңге ақшасын алып, бір жыл бойы алдап келген.Тұрғынды алдап, ақшасын алған күдікті әйелді ұстау үшін тәжірибелі полицейлерден топ құрылып, олар көп кешікпей күдіктіні ұстады. Ол жұмыссыз жүрген қала тұрғын болып шыққан.
Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген.
Егер алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігі бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады. Бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес және оның торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін.
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады.
Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.
Компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескерту керек. Сондай алданып қалған адамдардың арыздарының көбін тексерген уақытта тергеу органдарына қылмыскерлерді анықтау қиынға соғып жатады, өйткені олар тек біздің елде емес, басқа елдердең шыққан алаяқтар екендігі анықталып жатады. Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы мұндай қылмыстар жиі жасалып жатады. Instagram, Facebook желілерінен кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Киімдер, автобөлшектер, күнделікті тұрмыс заттарын сатып, талайдың ақшасын қалтасына басқан қылмыскерлер тұтынушылардың сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайн-сауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алады. Одан басқа, азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқтар құрбандарының атынан онлайн-несие рәсімдеп, жәбірленушілерді қарызға батырады. Тергеу барысында несие рәсімделген құжаттарды иелерінің бір кездері жоғалтып алғаны не телефон арқылы «Мен адвокатпын, сізге несие мәселеріңіз болса шешіп беруге көмек етемін» деген бір ауыз сөзге сеніп, сөздерін растайтын ешқандай құжаттарын тексерместен, ол адамды көзімен көрмесе де, онымен келісім-шарт жасамаса да жеке куәлігін WhatsApp желісі арқылы жіберіп, артынан қапыда қалғандар бар.
Банктің қызметкері ретінде өзін таныстырып, азаматтың шотында сақтаулы тұрған еңбек ақысын не депозитте тұрған қаражатын алдап алу мақсатында телефон арқылы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде құрбандарына шоттың, кодтың сандарын айтқызып, ақшаны өзіне аударып алатын алаяқтарда жиі кездесетін болды. Сонымен қатар кейбір интернет бағдарламаларды смартфон не компьютерге орнатып алған жағдайда олардың қаншалықты қауіпсіз екендігін білген жөн. Кейбіреулері, мысалы AnyDesk бағдарламасы арқылы, алаяқтар кез келген адамның банктік шоттарына оп-оңай кіріп, әр түрлі операциялар жасау арқылы азаматтарндың шоттарындағы қаражаттарын шешіп алып жататыны анықталып жатыр. Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары: дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеу. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.