Елімізде бұдан былай адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін жасауға тыйым салынуы мүмкін. Сондықтан, енді ешқандай мемлекеттік орган азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарының қағаз нұсқасын сұрай алмайды.
Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, қазіргі таңда қоғамымызда алаяқтық қылмыстар көбейіп кетті. Сала мамандарының мәлімдеуінше, соңғы уақытта тіркелген қылмыстардың басым көпшілігі осы алаяқтық қылмысқа байланысты болып отыр. Қоғамымызда дендеп бара жатқан осынау алаяқтық қылмыстардың жолын кесу мақсатында елімізде қолданыстағы заңға осындай өзгерістер енгізілмек.
Бұл туралы депутат Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында былай деді: «Заңдарда тікелей қарастырылған жағдайды қоспағанда жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салу қарастырылған. Бұл да азаматтардың дербес деректерін басқа мақсаттарда қолдануына жол бермеуін қамтамасыз етеді. Ал, иммигранттар, резидент еместер, көшіп келушілер бар – олардан талап етілетін болады».
Айта кетейік, аталған заң жобасының 12 заңнамалық актісіне «жеке деректердің қауіпсіздігін бұзу» түсінігінің анықтамасы, дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау функциясын беру, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салуды белгілеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Бұл заң жобасын қарау барысында Цифрлық даму және аэроэконом өнеркәсібі министрінің орынбасары Мәлік Олжабеков жеке куәліктердің қағаз көшірмелерін алуға тыйым салынса, интернетке қосылу мәселесі бар өңірлер мен ауылдық елді мекендердің азаматтары не істеу керек екендігін былай түсіндіреді: «Интернет қосылымы болмаған жағдайлар үшін де ерекшеліктер бар. Бірақ, біздің ойымызша, жалпы алғанда, жеке куәліктердің көшірмелерін жинаудың қажеті жоқ, өйткені, көшірмесіз құжаттан қажетті деректерді қайта жазуға қазірдің өзінде мүмкіндік бар».
Қаскүнемдер адамдардың жеке куәліктерінің көшірмесіналаяқтық мақсатта қолдануы мүмкін. Олар заңсыз несие рәсімдеу, тауар үшін алдын ала төлем талап ету, қарыз алу немесе басқа пайдаланушыларды алдау үшін басқа адамдардың деректерін пайдаланады. Сондықтан, кең таралған схемалар туралы және олардан өзіңізді қалай қорғауға болатынын біле жүріңіз.
Айталық, микроқаржы ұйымдары арқылы заңсыз микронесие рәсімдеу үшін ЖСН нөмірі және жеке куәлік керек. Егер осылар болған жағдайда несие сіздің атыңызға рәсімделеді, ал ақшаны алу үшін алаяқ өз банк шотын енгізеді. Біраз уақыттан кейін микроқаржы ұйымы хабарласып, несие қарызын өтеуді сұрағанда ғана сіз бұдан хабардар бола аласыз. Ескере жүріңіз, кейбір қаржы ұйымдарында SMS хабарлама немесе телефон нөміріне қатысты басқа да сәйкестендіру жолдарымен несие алуға болады.
Сосын жоғалған құжаттармен де банктен несие рәсімдеуге болады. Алаяқтар несиеге рұқсат алу үшін фотоға ұқсас адамды тауып, қашықтан тұлғаны сәйкестендіруге тырысады. Қаскүнемдер кейде жәбірленушінің дауысын жазып алып, сәйкестендіру үшін пайдалануы мүмкін.
Мұндай қаскүнемдерден қорғану үшін бейтаныс адамдарға жеке куәлік деректерін бермеңіз. Олар: ЖСН, жеке куәлік нөмірі және т.б. Жеке куәлігіңіздің фотосуретін ешкімге жібермеңіз және оларды ашық дереккөздерде жарияламаңыз. Сосын ешқашан жеке басыңызды куәландыратын құжатты кепілдікке қалдырмаңыз. Күмәнді лотереялар мен конкурстарға қатысу үшін жеке деректермен бөліспеңіз. Қауіпті интернет-ресурстарға жеке деректеріңізді енгізбеңіз. Байланыс операторларынан сіздің атыңызға тіркелген басқа нөмірлердің бар-жоғын сұрап тұрғаныңыз жөн.
Жеке куәлігіңізді жоғалтып, деректеріңіз басқалардың қолына түскен жағдайда тез арада жергілікті жеріңіздегі полиция бөлімшесіне хабарласып, құжаттың жоғалғаны немесе ұрланғаны туралы арыз жазыңыз. Полиция қызметкерлері мұндайда полиция бөлімшелеріне барып арыз жазған азаматтарға күн мен уақыт көрсетілген анықтаманы алуды ұмытпау керектігін ескертеді. Бұл сіздің несие алуға немесе сол сияқты басқа алаяқтық әрекеттерге қатысыңыз жоқ екендігінің дәлелі болады.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес, дербес деректер мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тiркелген cол мәліметтер болып есептеледі. Яғни, адамды анықтауға болатын дербес деректер, олар — аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, телефоны, фотосы, бейнематериалдар, физиологиялық ерекшеліктері және т. б.
Қолжетімділік бойынша дербес деректер мынадай екі топқа бөлінеді. Біріншісі — жалпыға қолжетімді, екіншісі — қолжетімділігі шектеулі. Енді қандай дербес деректер жалпыға қолжетімді болып табылады? Соған тоқталайық.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, конфиденциалдылықты сақтау талаптары қолданылмайтын мәліметтер. Оларға қол жеткізу субъектінің келісімімен еркін болып табылады. Мысалы, мұндай дербес деректердің көздері — бұл түрлі өмірбаяндық анықтамалықтар, телефон, мекенжай кітаптары, жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар, БАҚ.
Егер сіздің жеке ақпаратыңыз интернетте «жүрсе», бірақ бұл мәліметтерді жинау және өңдеу заңнаманы анық бұза отырып жүргізілсе, онда сіздің талабыңыз бойынша (шешім ретінде, сайт әкімшілеріне немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге болады) не сот шешімі бойынша бұл ақпаратты бір жұмыс күні ішінде жалпыға қолжетімді дербес дереккөздерінен алып тастауға болады.
Сіздің келісіміңіз болған жағдайда, жеке деректерді жалпыға қолжетімді дереккөздерде таратуға рұқсат етіледі. Сондықтан, ешқашан қарамай түрлі: шарт, келісім, соның ішінде цифрлық форматтағы құжаттарға қол қоймаңыз. Шарттарымен, соның ішінде сіздің жеке деректеріңізді жинауға және өңдеуге қатысты шарттармен мұқият танысыңыз.
Ал, енді Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектелген дербес деректерге тоқталайық. Мысалы, бұл адамның анықтау деректері (тегі, аты, әкесінің аты, жылы, туған күні, ұлты), тұрғылықты жері (тіркелген жері), жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), жеке басын куәландыратын құжаттар, дактилоскопиялық ақпарат, яғни адамның саусақтары мен алақандарының папиллярлық бедерлері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректер, және басқалар. Бұл деректерге қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектелген. Қаржылық алаяқтар арасында үлкен қызығушылық тудыратын осы деректер.
«Дербес деректер алаяқтардың қолына қалай түседі?» деген сауалға келсек. Әдетте, қаржы ұйымдары сенімді қорғаныс жүйесін қолданады, олар үнемі жаңартылып отырады. Алайда, қаскүнемдерге шағын ұйымдардың, мысалы, интернет-дүкендердің, түрлі сервистік компаниялардың дерекқорларын бұзу қиындық туғызбайды.Алайда, көп жағдайда, адамдар өздері туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға беріп қойғанын өздері де білмей қалады. Мысалы, олар желіде жеке ақпараттарын жария етулері мүмкін. Олар өз суреттерін әлеуметтік желілерге салады, орналасқан жерін көрсетеді, құпия ақпаратты оқып, оларды алаяқтарға беретін, лицензиясы жоқ қосымшаларды жүктейді.
Конкурстарды, ұтыс ойындарын, гивтерді ұнататындар көбінесе алаяқтардың құрбаны болады. Фишингтік беттерде олар ойланбастан өздері жөнінде және төлем карточкасы туралы деректер қалдырады. Кейбір пайдаланушылар өз нөмірлерін әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде (ұялы немесе қалалық) жариялайды, өзінің ЖСН-ын көрсетеді. Бүгінде осы ақпаратты пайдалана отырып, қазақстандықтардың әлеуметтік желілердегі аккаунттары, айыппұлдардың, салықтардың болуы туралы толыққанды мәліметтер мен басқа да қызықты мәліметтерді бере алатын көптеген қосымшалар бар. Алаяқтарға бар болғаны олардан пазл құрастыру ғана қалады.
Деректеріңізді қаржы алаяқтарынан қорғау үшін мынадай қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Ешқашан, ешбір сылтауға қарамастан ешкімге құпиясөздер, логиндер, кодтар мен басқа да жеке деректеріңізді (ЖСН, жеке куәлік, паспорт нөмірлері, төлем картасының деректемелері: картаның артқы жағындағы үшмәнді код (CVV/CVC-код), картаның нөмірі, қолданыс мерзімі және т.б.) хабарламаңыз.
Айта кетейік, Түркістан облысында ағымдағы жылдың 9 айында 360 интернет алаяқтық қылмыс тіркеліп, 139 қылмыстық іс сотқа жолданды. Зерделеу барысында тіркелген қылмыстық істердің ішінде 118 онлайн, 112 инрернеттен алдын ала төлем жасап тауар алу түрлері тіркелген.
Сонымен қатар, Түркістан облысы аумағында халық көп жиналатын орындарда әкімшілікте және оқу орындарында қаржылық сауаттылықты арттыру және интернет алаяқтықтан сақтану мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, баннер лэд экрандар және жабыстырмалы парақшалар таратылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
— Ағымдағы жылдың 9 ай 15 күнінде Интернет-алаяқтық қылмыстарын алдын алу және болдырмау мақсатында жергілікті БАҚ-та, әлеуметтік желілерде материалдар жариялау үшін ІжСКБ-ға тапсырылып, «Интернет алаяқтықтардан сақтану үшін полиция департаменті ескереді» тақырыптарында 98 мәлімет 30-дан астам әлеуметтік желілерде жарияланып 8 бейнеролик мессенджерлер арқылы таратылды, — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.