gazetakentau
Кентау Gismeteo

ҚАЗ РУС

  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
gazetakentau
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

Өңір жастары қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастыра бастады

22 ноября, 2023
in Жаңалықтар, Қоғам
0
Өңір жастары қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастыра бастады
Share on FacebookShare on Twitter

Соңғы уақытта қоғамымызда орын алып жатқан жағдайларға байланысты халықтың қаржылық сауатын арттыруға баса көңіл бөлінуде. Жалпы ақпараттық технология дамыған уақытта қаржылық сауаттылықты арттырып отыруды уақыттың өзі талап етуде. Осыған орай, құқық қорғау органдарында арнайы жобалар жүзеге асырылып, қаржылық, оның ішінде қаржыға байланысты алаяқтық қылмыстарды болдырмау мақсатында көптеген шаралар атқарылуда.

Біз алдымен «қаржылық сауаттылық» деген ұғымның нені білдіретініне тоқтала кетейік. Сала мамандары қаржылық сауаттылықтың бірінші кезекте өз ақшаңызды сауатты басқарудан басталатынын айтады. Қаржылық сауаттылық азаматтардың әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін бірден-бір фактор. Дегенімізбен, көпшілігіміз соған көп мән бере бермейтініміз аңғарылып жатады. Көп жағдайда адамдар қаржылық сауатының нашарлығынан алаяқтардың құрығына ілініп, сан соғып қалады.

Мамандар қаржылық сауаттылықты мынадай үлкен үш топқа бөліп қарастырады. Біріншіден, адамдарда қаржы ұйымдарының мобильді қосымшалары жайлы білім болуы керек. Екіншіден, құқықтық сауаттылық қажет. Яғни, адамдар қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар ретінде өз құқықтарын білуі, қаржы ұйымдарымен жасалған шартты оқи білуі және түсінуі қажет. Ол болашақта көптеген күтпеген жағдайлардан сақтандыруға көмек береді. Үшіншіден, қаржыныжоспарлай білу қажет. Яғни, әр адам өзінің меншікті қаражатын жүргізе білуі, жеке немесе отбасылық бюджетті басқара алуы, дұрыс және сараланған шешім қабылдай алуы керек.

Қазіргі таңда өңіріміздің белсенді жастары облыстағы жоғары және арнаулы оқу орындарында қаржылық сауаттылыққа және алаяқтарға алданбауға байланысты түрлі іс-шаралар өткізуде. Бұл туралы сәл кейінірек айтайық. Алдымен облыстағы тіркелген қылмыстарға тоқтала кетейік.

Облысымызда ағымдағы жылдың он айында 103 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның ішінде жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде экономикалық контрабанда фактісі бойынша10 қылмыстық іс (барлық іс сотқа жіберілді), есірткі контрабандасы бойынша 6 қылмыстық іс, одан бөлек 400 мың. литр көлемде жанар-жағармай материалдарын контрабандалық шығару арнасының жолы кесілді.

Өзбекстанмен шекарада мүдделі мемлекеттік органдарменбірлесіп тұрақты негізде профилактикалық іс – шаралар жүргізілуде. Олар 3 тоқсанның қорытындысы бойынша сыртқы экономикалық қызметтің салықтары мен кедендік төлемдерінің түсімі кірістер департаментімен бірге 13,7 млрд теңгеге ұлғайтылды. Былтыр бұл көрсеткіш 8,1 млрд. теңге болатын.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру саласында 14 қылмыс анықталды, 11 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сонымен қатар «TikTok» әлеуметтік желісі арқылы да заңсыз ойын қызметі фактісі анықталып, 13 ойын залының жұмысы тоқтатылды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында бюджет қаражатын жымқырудың 30 фактісі анықталды. Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Яссы-Несие» ЖШС және «Агро кредиттік Корпорация» АҚ-да жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге Мемлекеттік кредиттер алу кезінде жылыстату жасаған тұлғалар тобына (11 адам) қатысты 27 факт белгілі болды. Білім беру саласында мемлекетке келтірілген залал мөлшері 142 млн теңге болатын 1 қылмыстық іс тіркеліп, сонымен қатар келтірілген залал мөлшері 300 млн. теңгеден асатын 3 перспективалы материал жинақталды. Жер қатынастары саласында 2 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ, аты шулы «Chai Tai» и «EOLUS» қаржылық пирамидаларын ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді.Алдын алу шаралары арқылы 3 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткізілді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі таңда елімізде халықтың қаржылық сауатын арттыруға баса көңіл бөлінуде. Соның ішінде алаяқтарға алданбаудың жолдары жан-жақты түсіндірілуде. Соған қарамай, алаяқтар күн сайын өздерінің айла-тәсілдерін өзгертіп, адамдарды құрығына түсіруден тартынбай отыр.

Қазіргі таңда өңіріміздегі түрлі мақсатта жұмыс істейтін мекемелерде тұрғындардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған кездесулер мен дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар, қоғамдық ұйымдар мен өңірдегі бірлестіктердің қатысуымен мәдени-бұқаралық
іс-шаралар белсенді түрде өткізілуде. Сала мамандары облысымыздағыполицейлер облыс аумағындағы 759 мешіт имамдарымен бірлесе отырып заңсыз ойын бизнестері мен есірткі, қаржылық пирамидалардың зардаптары, алаяқтық туралы уағыз оқылуы жайында келісімшарт түзіп, осы бағытта нақты жұмыстар атқаруда.

Айта кетейік, сонымен қатар, қаржылық қауіпсіздік туралы идеяны кеңейту мақсатында «Экономикалық қауіпсіздік: тұрақтылық пен өркендеу кепілі» тақырыбында құқықтық түсіндіру жұмыстары бойынша ауқымды акция өткізілді.Іс-шараның жалпы қамтылуы облыстың 300 мыңнан астам тұрғынын құрады. Акция бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жол­дауын­да назар аударып: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əре­кеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатер­лерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн» деген болатын. Президентіміздің осы тапсырмасынан кейін ҚР Ішкі істер министрлігі адамдардың қаржылық сауатын арттыруға, алаяқтық құқықбұзушылық қылмыспен күресуге барынша көңіл бөле бастады. Десек те, азаматтардың ақшасын алдап алып иемдену секілді фактілерді азайту мүмкін болмай отыр. Сала мамандарының мәлімдеуінше, интернет алаяқтар жыл басынан бері қазақстандықтардың 11 млрд 300 млн теңгесін жымқырған. Соңғы 5 жылда алаяқтық дерегі 5 есеге дейін өскен. Әккі алаяқтар шетелде отырып-ақ, аңғал жұрттың ақшасын түрлі жолдармен жымқыруға әбден дағдыланып алған.

Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл басынан бүгінге дейін елімізде 14 мыңға жуық интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыс тіркелген. 13 мың адам алданған. Бұған неге айрықша тоқталып айтып отырмыз. Өйткені, құқық қорғаушылар соңғы уақытта елімізде тіркелген қылмыстардың дені осы алаяқтыққа, соның ішінде интернет алаяқтығына байланысты екенін мәлімдеді.

ҚР Президентінің Жолдауында жүктелген міндетті жүзеге асыру мақсатында облыстағы жоғары оқу орындарында «Әділетті Қазақстан: экономикалық қауіпсіздік және тұрақтылық негізі» атты тақырыпта акция өткізілді. Онда жастар арасында құмар ойындарға қызығушылардың көп екені айтылып, қаржылық пирамидаларының белгілері туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, алаяқтықтардың кең таралған айла-тәсілдеріне де ерекше назар аударылды.

Өңіріміздегі белсенді жастар, блогерлер, қоғам белсенділеріЖастар ресурстық орталығының басшылығымен бірлесе отырып, республикада алғаш рет «Экономикалық тергеу қызметінің еріктілер қозғалысын» бастағандарын мәлімдеді. Айта кетейік, бұл жобаның мақсаты-белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарды, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін еріктілер ретінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады. Аталған жоба аясында Түркістан қаласында «Қаржылық мониторинг агенттігі» саябағының салтанатты ашылуы өтіп, онда әр түрлі ағаштардың, бұталардың және гүлдердің 1000 көшеті, оның ішінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі Д.Құдайбергеннің атынан қарағай көшеті отырғызылды.

Одан бөлек өңіріміздің белсенді жастары жыл соңына дейін «TikTok» әлеуметтік желісіндегі блогерлерінің қатысуымен «Safe Tik: экономикалық қауіпсіздікті бірге дамытайық» атты тақырыпта конкурс өткізуді қолға алды. Бұл іс-шараның да мақсаты халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, алаяқтарға алданбаудың жолдарын көрсету болып табылады.

Бүгінде ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыда атап өткен Жолдауында айтылған тапсырмаларға орай киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде «CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Аталған топ жылбасынан бүгінге дейін облыс көлемінде интернет-алаяқтық бойынша 311 (2022 жылы — 321) істі тіркеді. Оның ішінде 118 – іс (2022 жылы — 152) – сотқа жолданды.

Реті келгенде қаржы алаяқтарына алданып қалмау үшін қандай ережелерді есте сақтау қажет екенін тілге тиек ете кетейік. Айталық,  фишингтің құрбаны болмас үшін күмәнді сілтемелерге көшпеңіз. Домен атауы мен хаттаманың дұрыстығын тексеріңіз (https:// — қорғалған, http:// — жоқ).Телефоныңызға жіберілген SMS кодтарды, төлем карталарыңыздың деректемелерін және картаның артындағы кодты ешкімге тіс жармаңыз және ешқайда жарияламаңыз.Желідегі күмәнді ұсыныстарды елемеңіз (жолыңыз болды, сізге біреу мұрасын қалдырды, ұтыс ойынынан, лотереядан, акциялардан және т.б. ұтып алдыңыз деген сияқты). Өздеріңіз білетіндей, тегін жатқан ешнәрсе жоқ. Аккаунтарыңызды күрделі парольдермен қорғаңыз (әр қосымшаға, поштаға немесе сайтқа бірегей парольді, банктердің мобильді қосымшаларын енгізу кодтарын қойыңыз).Интернет-әмияныңызға оң әсер етуі мүмкін бонустар, кешбэктер, қаржы ұйымдарының акциялары жүйесінен қалай пайда табуға болатындығын біліңіз.

Сосын аса қажет болмаса, тұтынушылық кредиттер алмаңыз.Қаржылық қызметтерді таңдау кезінде нарықты мұқият зерделеңіз және мониторинг жасаңыз, сіз үшін неғұрлым тиімді жағдайларды іздеңіз.Резерв жасаңыз. Бюджетті жүргізу, кірістер мен шығыстарды есепке алу, ақша жинақтау сізге неғұрлым жинақы болуға, банктерден немесе басқа қарыз берушілерден артық көмек сұрамауға көмектеседі. Өз қаржыңызды күмәнді ұйымдарға сенім тапсырмаңыз. Сіз қаржы алаяқтарының қақпанына және қаржы пирамидаларына түсіп қалуыңыз мүмкін. Инвестициялауды үйреніңіз.

Сала мамандары жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі еліміздегі адамдардың 44,8 пайызы өздерінің шығындарын мұқият қадағалайтынын, мұны тек 1,6 пайызы ғана жасамайтынын көрсеткен. Қазақстандықтардың 42,8%-ның жеке бюджеті бар, ал сұралғандардың үштен бірі (29,9%) жұбайымен (зайыбымен) бірлескен бюджетті жүргізетінін айтқан екен. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (46,3%) олардың сатып алуға мүмкіндігі бар-жоғын мұқият ойластыратынын, 0,6 пайызы мұндай бағалауды жасамайтындығын айтты. Сауалнамаға қатысқан адамдардың  36,4 пайызы тұрақты жинақ жасайды. Ал 37,9 пайызы мүмкіндігіне қарай белгілі бір ақша сомасын жинайды. Респонденттердің 36,04 пайызында шығындарды жоспарлау әдеті бар, ал 37,1 пайызы мұны кейде істеуге тырысады, ал 2,2 пайызы ешқашан жасамайды екен. Сонымен қатар, 39,08 пайызы кейде ақша салу арқылы тәуекелге баруға дайын. Ал, 18,4 пайызы керісінше мұны жасауға мүлде дайын емес.

Previous Post

Түркістан облысында интернет-алаяқтықпен байланысты 71 қылмыстық іс сотқа жіберілді

Next Post

Келесте интернет алаяқтық бойынша 45 қылмыстық іс тіркелді

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        E-mail:gazetakentau@mail.ru
Қабылдау бөлімі: тел:+7 776 666 5218

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kentauinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

Кентау газеті gazeta-kentau.kz