Қазіргі таңда қаржылық сауатты көтеріп отыру аса маңызды. Өйткені, ақпараттық технология дамыған сайын қаржыға байланысты орын алатын қылмыстық оқиғалар көбейе түсуде. Міне, сондықтан да елімізде соңғы уақытта қаржылық сауатты жетілдіруге барынша көңіл бөліне бастады. Интернет алаяқтық қылмыстармен күресті күшейтуде түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Дегенмен, сала мамандары интернет алаяқтарының тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде отырып-ақ көздеген мақсаттарына жетуі мүмкін екенін айтады. Айта кетейік, Келес ауданы аумағында полиция бөлімімен жыл басынан бүгінгі күнге дейін 45 интернет арқылы жасалған қылмыстар тіркелді. Орын алған қылмыстар зерделеніп, сотқа жолданған.
Жалпы Келес ауданы аумағында ағымдағы жылы ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
— Жұмыстың нәтижелі көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында, аталған іс-шараға сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында зиянды бағдарламаларды, арнайы техникалық құралдарды, порнографияны, оның ішінде балалар порнографиясын дайындайтын және тарататын, сондай-ақ суицидалды бағыттағы ойындарды және Интернет желісіндегі өзге де құқық бұзушылықтарды насихаттайтын адамдарды анықтауға шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, операция өткізу кезеңінде оқиға орнын сапалы қарауды жүргізу, заттай дәлелдемелерді алу, сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша негізделген шешім шығару үшін ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау жөніндегі жедел-іздестіру топтарын құру мәселесі пысықталады, — дейді Келес аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция капитаны Шалқар Рамазан Қаржаубайұлы.
Түркістан облыстық полиция департаментінің статистикалшық деректеріне сүйенсек, жыл басынан бүгінге дейін өңірімізде интернет-алаяқтық бойынша 311 (2022 жылы — 321) іс тіркелді. Оның 118–і (2022 жылы — 152) – сотқа жолданды. 129 –ы (2022 жылы — 159) ашылмай қалып тұр. Ашылу пайызы 47,7-і (2022 жылы 48%) құрады.Алаяқтармен күрес жұмыстарын тыңғылықты жүргізу мақсатында облыстық полиция департаменті жанынан «CyberPol» соққы-нысаналы тобы құрылып, оның құрамына 6 жедел уәкіл, 3 тергеуші, 1 криминалист және 1 ІТ-маман кірді. «CyberPol» соққы-нысаналы тобының басты мақсаттарының бірі — халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру. Соның нәтижесінде, алаяқтық қылмыс жасаған азаматтар анықталуда.
«Cyberpol» соққы-нысаналы тобының тиіміділігін арттыру мақсатында арнайы жұмыс орны (кабинет), тиісті компьютерлік техника, ақпараттық мамандандырылған бағдарламалармен және қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, қылмыстарды ашу барысында арнайы жедел-тергеу тобы ІІМ-мен ұсынылған ақпараттық-аналитикалық бағдарламаларды пайдалануда.
Интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алудың басты шешімдерінің бірі – ол профилактикалық іс-шаралар, сондықтан «Cyberpol» қызметкерлерінің бастамасымен халық арасындағы үлкен назарға ие тұлғалар, яғни блогер және актерлардың қатысуымен ескертпе бейне-роликтері жарыққа шығуда. Халық көп шоғырланатын орындарда, сауда-орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кинотеатрларда және базарларда ескертпе-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілері арқылы да профилактикалық іс-шаралар қарқынды түрде өткізілуде.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша дін басқармасы әр аптаның жұма күндері мешіт және медреселерде, ал Мәдениет және туризм басқармасымен бірге әрбір мәдени іс-шаралардың барысында «Интернет-алаяқтарынан сақ болыңыздар!» атты тақырыпта ескертпе шараларын өткізу жөнінде келісімге қол қойған.
Қысқасы, өзіңізді және ақшаңызды қаржы алаяқтарынан сақтау үшін мынадай қарапайым қауіпсіздік қағидаларын есте сақтап жүргеніңіз жөн. Айталық, қандай да болмасын жағдайларда парольді, кодтарды немесе төлемдерді растау үшін пайдаланатын өзге де конфиденциалды деректерді ешкімге айтпаңыз. Жеке басыңызды растайтын куәлікті немесе паспортты ешкімге бермеңіз, сәйкестендіру құжатының суретін әлеуметтік желілерге жария етпеңіз және мессенджер (Whats App, Telegram және басқалары) арқылы үшінші тұлғаларға жібермеңіз. Күмәнді интернет-ресурстарда тіркелуге және осылайша, жеке деректерді бейтаныс адамдарға беруге болмайды. Электрондық почта және SMS-хабарлар бойынша хаттардағы күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Оларды бірден жойып тастаңыз және жіберушіні бұғаттау керек. Жеке хабарландырудың сайттарында аса мұқият болған жөн, мұнда алаяқтар сатушылардың, сондай-ақ сатып алушылардың рөлінде бола алады. Сайттың доменіне міндетті түрде назар аударған жөн. Адрес http:// емес, https:// басталуға тиіс. Ұйымның сайты немесе парағы жалған екендігіне күмәндансаңыз, осы ұйыммен байланысып, ақпаратты, әсіресе интернет-банкинг жүйесінде төлем жасау кезінде нақтылаңыз,. Банкке қоңырау шалыңыз және ақпаратты нақтылаңыз. Дербес ақпаратты ұсынуды талап ететін күмәнді интернет-конкурстар мен лотереяларға қатыспаңыз. Егер сіз онлайн-сатып алуды жоспарласаңыз, сайттың шынымен де интернет-дүкенге тиесілі екендігіне көз жеткізіңіз және Интернет арқылы сатып алуларға ғана арналған жеке карта алыңыз. Өзіңіздің барлық операцияларыңызды көру үшін өзіңіздің төлем картаңызға SMS — хабарлама немесе Push — хабарлама қызметін қосыңыз. Төлем картаңыздағы 3D-Secure функциясын ешқашан ажыратпаңыз.
Есіңізде болсын, интернет-алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін де, ақша алуға не дербес деректерді алуға бағытталған технологиялық қулықтарды да шебер пайдаланады. Ақша қаражатын ұрлау үшін олар ең алдымен аккаунттар мен шоттарға қол жеткізгісі келеді. Сосын өздерінің нақты телефон нөмірлерін жасыратын арнайы бағдарламалық қамтылымды пайдаланады. Сондықтан да телефоныңызда сізге таныс банктің телефон нөмірі көрінгенмен, ол сөзсіз сенім білдіру керек деген сөз емес екенін ұмытпаңыз. Автоматтандырылған банк жүйелерінен келетін SMS-тің өзінде: «Кодтарды ешкімге, тіпті банк қызметкерлеріне бермеңіз» деп көрсетілген. Латынша аты-жөніңізді, картаңыздың қолданыс мерзімін, CVC/CVV-кодтарды (картаның сырт бетіндегі үш таңбалы кодтар), құпия сөзді және ақша қаражатының қалдығын, сондай-ақ SMS-хабарлармен келетін кодтарды беруге болмайды.
Алаяқтық әдетте адамдарға қоңырау шалып, өздерін сіздің танысыңыздың, досыңыздың немесе туысқаныңыздың ісімен айналысатын заң қызметкерлері болып таныстырады. Сөйтіп, оның ауыр қылмыс жасағанын немесе оны адамды қағып кеткенін айтады. әрине мұндай қылмыстар қорқынышты көрінеді. Үрей тудырады. Сондықтан, мұндай алдаудың құрбандары – жақын адамына көмектесу үшін олардың сұраған ақшасын беруге дайын болады. Осы сәтте адамдар оның алаяқ екеніне көз жеткізу үшін мынадай сұрақтарды қоя бастағаны дұрыс. Күдікті қай полиция бөлімшесінде? Оған қандай бапқа қатысты айып тағылған? Әрекет қашан жасалды? Адвокаттың көмегі бар ма және ол адвокаттың аты- жөні кім? Сонымен қатар, ҚР ІІМ жедел желісіне және өзіңіздің аудандық полиция бөліміне қоңырау шалу керек. Ешқандай жағдайда дүрбелеңге түспеу керек. Оның үстіне ақшаны бейтаныс біреуге бермеу. оның шотына аудармау керек.



