Түркістан облысында халық өп болғандықтан алаяқтықтың түрі де көп. Олардың барлығын ретімен тізіп, санап отыру қиындау. Халықты алдап, оны өз мүддесіне пайдаланатындар саны көбеймесе азаймай тұр. Бүгінде елімізде «мол табысқа кенелемін» деп бар жиған-тергенінен күмәнді қаржылық ұйымдарға салып, әп-сәтте айырылып жатқан қазақстандықтар аз емес. Ашынған азаматтар, тіпті өз-өзіне қол салып, өмір сүруден түңіліп жатады. Алаяқтық фактілерінің көбейгенін ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдарға қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді.
Өйткені оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың айла-амалын ойластырып, одан әрі дами түсуде. Заман ағымына қарай қаржы пирамидалары да түрленіп келеді. Жаңа байланыс технологияның дамуымен олардың саны да артуда. Қазір интернет алаяқтарының өршіп тұрған сәті, себебі интернет алаяқтары өзінің құрығына түсіремін деген кісімен бетпе-бет жүздеспей, монитордың әр жағында отырып-ақ өз ісін тындыра береді. Сондай-ақ қаржы пирамидалары бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендер де жетерлік.
Сала мамандарының айтуынша республикамыздың барлық өңірінде әртүрлі үлгідегі алаяқтық жобалар көбейген. Ел аумағында жыл басынан бері жүздеген қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты ҚР ҚК-ның 217 бабымен алпыстан астам қылмыстық іс тіркелген. Интернет алаяқтар жыл басынан бері ел азаматтарының 11 млрд 300 млн теңгесін жымқырған. Соңғы 5 жылда алаяқтық дерегі 5 есе өскен. Әккі қулар алыста отырып-ақ, аңғал жұрттың ақшасын түрлі жымқырады.
Әлеуметтік желі арқылы оңай олжа ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерді анықтау мақсатында тұрақты түрде арнайы ақпараттық жүйемен мониторинг жасалады.14 мыңға жуық интернет алаяқтық тіркелген. 13 мың адам алданып, 11 млрд 300 млн теңгесінен айырылған. Алаяқтар негізінен олардың атына онлайн несие рәсімдеп, банк карточкаларындағы ақшасын қолды қылған. Қазір 500-ден астам азамат ұсталып, жәбірленушілерге әзірге 525 млн теңге өтелді. Ашығын айтқанда, халықтың мұндай пирамидаларға алданып қалуының басты себептерi қаржылық-кредиттiк заңнама саласындағы бiлiмнiң жеткiлiксiздiгi, ақшаны ұстау мәдениетiнiң төмендiгi, сондай-ақ азаматтардың ақша жинауы және инвестициялауынан болып табылады. Өйткені мұндай ұйымдардың жарнама саясаты өте қарқынды дамыған. «Ақшаңды еселеп қайтарасың», «Жақсы өмірге жолдама», «Анаңды Меккеге апарғың келсе, бізбен жұмыс жаса» деген секілді қаржылай қиналып жүрген адамның ойына дереу психологиялық әсер ететін сөздермен баурап жатады. Сонымен қатар интернет желісіне кіре қалсаң, бірінші осындай күмәнді ұйымдардың жарнамасы шыға келеді. Интернетте 30 минут жұмыс жасаған адам, кемінде 3-4 рет осындай жарнамаға кездеседі. Яғни мұндай алаяқтар адам тартудың барлық тәсілін пайдалануға дайын екенін көрсетеді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаты жоғары болуы қазіргі таңда маңызды.Статистикаға көз жүгіртсек, ерлерге қарағанда әйелдер қаржылық ұйымдарға көп алданып жатады. Оның себебі әйелді ыдыс, жиһаз секілді материалдық заттарды ұсыну арқылы оңай тұзаққа түсіреді екен. Яғни қаржылық ұйымға қаржы салып кіріп, сол ұйымнан ыдыс не болмаса жиһаз сатып алатын көрінеді. Содан өзіңнен кейін 3-4 адам тартуды міндеттейді. Осылай қаржылық пирамида өзінің ауқымын кеңейтеді. Бірақ соңында тек осы ұйымды ойлап тапқандар ғана ұтыста болады, соны естен шығармау керек. Ал ер кісілер букмекерлік кеңселердің құрығынан шыға алмай жүр. «1хбет», «Олимпбет» секілді кеңселерге ер кісілердің спорттық ойындарға бәс тігіп, өз ақшаларынан айырылып жатқандары жетерлік. Әрине қазіргі таңда бұл ұйымдарға ел аумағында өз кеңсе-ғимараттарын ашуға рұқсат жоқ. Бірақ бұл кеңселер жұмыс істеудің басқа жолын ойлап тапқан, қазір букмекерлік кеңсе ғимаратына барудың еш қажеті жоқ. Қолыңда ұялы телефон немесе ноутбук болса, жеткілікті. Букмекерлік кеңсе сайтына интернет желісі арқылы кіріп, сонда тіркеліп, ақшаңды салып әрі қарай ойнай бересің. Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер сіз осындай алаяқтық әрекетке жолықсаңыз не істеу керек? Ең алдымен тағы бір рет бұл ұйымның қаржылық пирамида екеніне көз жеткізу қажет. Қолындағы алаяқтарға ақша аудару фактісін растайтын құжаттар, яғни келісім, банктік шот бойынша үзінді көшірме, қолма-қол ақшаны беру туралы бұйрық болса, пирамидаға кіргізген адамға дереу хабарласқан жөн. Егер пирамида схемасы әлі де күшінде болса, ұйымға жазбаша шағым беріп, ақшаны қайтаруды талап ету қажет. Ақшаны қайтарып бермесе, қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына хабарласатын ұйымдастырушыларға, одан нәтиже болмаған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн. Әдетте мұндай жағдайда ақшаны қайтарып алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Алаяқтықпен күрестің маңызды сәті – бұл туралы көпшілікке жария ету. Сондықтан алаяқтардың көбейген уақытында өзіміздің басқан әрбір қадамымызға сақтықпен және жауапкершілікпен қараған абзал. Тегін ірімшік тек қақпанда екенін ұмытпайық.
Өйткені Түркістан қаласында орын алған мына бір алаяқтық тұрғындардың есінде болса керек. Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс бойжеткен алдап кеткен. Яғни алаяқ кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 20 000 000 теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 6 000 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 6 айдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті бойжеткен тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.Белгілі болғандай, сезікті оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 3 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 8 миллион теңгені құрады. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген.
Бұндай оқиғаға сіз үнемі кездесесіз. Басты мәселе салқын қанды болып, маңайға зер сала қарап, кез-келген алаяқтық пен пирамидалық орталықтардың құрбаны болмау құқықтық және қарылық сауаттылықты арттыруыңызға да байланысты екенін ұмытпағаныңыз жөн.



