Түркістан облысы полиция департаменті «Cyberpol» арнайы тобының бастамасымен облыс көлемінде тергеушілерді қатыстыра отырып, интернет-алаяқтық бойынша дөңгелек үстел өтті.Жиын барысында алаяқтық қылмыстарын анықтау, ашу, тергеу және алдын алу бойынша мәселелер талқыланды. Екінші деңгейлі банк өкілдері, прокуратура мен полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, пікір алмасты. Бірқатар маңызды проблемаларды заңнама деңгейінде шешілуге жататындықтан жоғары тұрған органдарға ұсыныс ретінде жіберу қажеттігі атап өтілді.
Осы бағытта жұмыс жасау қажеттігін түсінген құқық қорғау органдарының өкілдері халықты интернет шабуылдарынан қорғау үшін білімдері мен өкілеттіктерін біріктіруге уағдаласты.
Өз кезегінде іс-шараның барлық қатысушылары тұрғындарға белгісіз қоңыраулар мен күдікті тұлғаларға сенуге болмайтынын, қажет болған жағдайда банк менеджерлерінен қаржылық операцияларыңыздың барлық мәліметтерін тексеруге немесе ресми жауап алуға болатынын ескертті. Атап өтсек, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алаяқтық қылмысы 6%-ға төмендеген. Талайды сан соқтырған алаяқтық қылмысына жол бермеу мақсатында, Түркістан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы қызметкерлері халыққа интернет-алаяқтықтың түрлері туралы ақпарат жеткізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, тәртіп сақшылары түрлі үнпарақтар таратып, көрнекі ақпараттар орналастыруда. Тіпті телеарналар, әлеуметтік желілер арқылы алаяқтықтан қалай қорғану туралы бейнероликтер көрсетілуде. Мұның барлығы алаяқтық қылмысын жоюға айтарлықтай өз септігін тигізеді деген үмітпен, бұл бағыттағы шаралар ұдайы жалғасын таба бермек.
Еске сала кетейік, интернет алаяқтық ең бір күрдлі мәселелердің қатарында тұр. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдағанда министр мырза еліміз бойынша кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау және мал ұрлығына қатысты қылмыстар санының айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткен алдын алу шаралары туралы мәлімет берген. Сонымен бірге Құқық бұзушылықтарға «мүлде төзбеушілік» және жазаның бұлтартпастығы, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөнінде баяндаған. Сондай-ақ, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Атап айтқанда, жыл басынан бері ауыспалы нөмірлерден шалынған 37 миллион қоңырау бұғатталып, заңға қайшы контенті бар 16 мың сайт анықталған.
Қазақстан ІІМ баспасөз қызметі елімізде интернет желісін пайдалана отырып жасалған алаяқтық әрекеттердің саны артып келе жатқанын, олардың басым бөлігі тергеуге байланысты қиындықтарға байланысты ашылмаған күйінде қалып отырғаны жасырын емес.
Соңғы бірнеше жылда Интернет желісін пайдалана отырып жасалған қылмыстар, оның ішінде интернет-алаяқтық саны артты. Егер 2018 жылы шамамен 4 мың интернет-алаяқтық тіркелген болса, оның шамамен 3500-і ашылмаған күйінде қалып отыр. Өткен 2019 жылы олардың саны екі есеге артып, 7 739 қылмысты құрады, 6000-нан астам қылмыс ашылған жоқ. Статистикаға сәйкес, жыл басынан бері еліміздің ішкі істер органдары ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларға қатысты жасалған алаяқтық туралы 8 337 істі тіркеді. Аталған саннан интернет-алаяқтық туралы 1709 іс ашылды, шамамен 5000-ы ашылмаған күйінде қалып отыр, — деп хабарлады ІІМ.
Ведомствоның мәліметінше, сайттар мен әлеуметтік желілердегі хабарландыру — алаяқтықтың ең көп тараған түрі.
«Мұндай қылмыстарды ашу және тергеу белгілі бір қиындықты тудырады, себебі олар трансшекаралық сипатқа ие, яғни жәбірленуші бір өңірде, ал қылмыскер басқа өңірде орналасқан. Әдетте, қылмыс тізбегі әдетте күрделі және көп буындардан тұрадыӘр түрлі банктік шоттар, пластикалық карталар, сондай-ақ үшінші тұлғаларға ресімделген әртүрлі абоненттік нөмірлер пайдаланылады. Ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін жалған тұлғалар жиі пайдаланылады. Құқық бұзушылықтың осы түрін ашу мақсатында заңнама шеңберінде алынатын мәліметтердің барлығына мұқият талдау қажет, оған белгілі бір уақыт қажет», — деп нақтылады министрлікте.
Сондай-ақ, аталған құқық бұзушылық түрінің жасырын екені байқалады, себебі интернет желісіндегі алаяқтардан зардап шеккендер аз мөлшердегі залалға байланысты полицияға жүгінбейді.
«Сондай-ақ, бір алаяқтың артынан ол түрлі құралдарды пайдаланған қылмыстардың тұтас бір тізбегі жатады және кез келген ақпарат оны ашуға ықпал ете алады. Барлық қылмыстық істер бойынша оларды ашуға бағытталған жедел-іздеу және тергеу шаралары жүргізілуде», — деп сендірді ІІМ.
Бейіндік ведомствода мұндай қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру үшін бірқатар ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Ішкі істер министрлігі кибер кеңістіктегі қылмыстарды ашу және тергеу тактикасы мен әдістемесі бойынша, әртүрлі аппараттық-бағдарламалық кешендерді пайдалану практикасы бойынша, сондай-ақ ұлттық заңнаманы жетілдіру және мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимыл тетіктерін әзірлеу бойынша таяу және алыс шетелдердің халықаралық тәжірибесін үнемі зерделеп келеді.