Кентаудағы жылу энерго орталығында жаңадан екі қазандық салынып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова мәлімдеді.
Кентау қаласында дауылды желдің зардабын жою жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Қазір қалада жылу мен жарық және ауызсу тұрақты берілуде.
«Кентаудағы №5 ЖЭО жұмысы тұрақталды. Жылу температурасы 57 градусқа көтерілді. Жалпы бұл жағдай облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тұрақты бақылауында. Дауылдың салдарынан жоюға арнайы бригада құрылып, ақаулардың барлығы қайта қалпына келтіріп жатыр. Кентаудағы жылу энерго орталығында жаңадан 2 қазандық салынып жатқанын еске саламыз. Олар алдағы қаңтар айында іске қосылатын болады және тағы екі қазандықтың жұмысы жаңартылады. Осыдан кейін Кентаудағы жылу сапасы одан да жақсарады»-деді Мира Сүлейменова.