Бүгін Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарына 75 дана жедел жәрдем санитарлық автокөлік тапсырылды. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, дәрігерлерді, облыс тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бүгін қасиетті Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Еліміздің басты байлығы – адам және оның денсаулығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына ерекше тоқталып, медициналық нысанарды арнайы техникамен қамтуды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту үшін 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 18 нысан ел игілігне берілетін болады. Басым бөлігі тапсырылып үлгерді. Бұдан бөлек, 2024 жылға «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында облысымызда 49 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланды. Халық денсаулығы үшін, оның ішінде бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау қызметтерін күшейту мақсатында облысымыздағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы соңғы заманауи медициналық техникалармен жабдықталуда. Бүгін облыс аумағын толық жедел жәрдем қызметімен қамтамасыз ету мақсатында тағы 75 көлікті сіздерге табыстағалы тұрмыз. Пайдалануға беріліп отырған санитарлық автокөліктер ел игілігіне қызмет етіп, аудан-қала тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсете берсін. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, істеріңізге табыс тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.
Жаңадан тапсырылған «Hyundai i30» маркалы 75 санитарлық автокөліктері заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Оған 1,3 млрд. теңге бөлінген. Автокөліктер 17 аудан, қаладағы медициналық ұйымдар мен Облыстық жедел жәрдем станциясына және облыстық ауруханаларға берілді. Өңірде медицина саласын дамыту жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, жедел медициналық жәрдем станциясы диспетчері қабылдаған шақыртулар 4 (төрт) жеделділік санатына бөлінеді. Атап айтсақ, өміріне тікелей қауіп төндіретін, жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациенттің жай-күйінде бірінші, өміріне медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйінде екінші, денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйінде үшінші, сондай-ақ жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйінде төртінші жеделділік санатында шақырылады.
1, 2, 3-жеделділік санаттарының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМЖС диспетчері автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды ЖМЖС фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадаларына береді. 4-жеделділік санатының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМКС диспетчері автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы жанындағы жедел медициналық көмек бөлімшесінің фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадаларына береді. Шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін жету 1-жеделділік санаты он минутқа дейінгі, 2-жеделділік санаты он бес минутқа дейінгі, 3-жеделділік санаты отыз минутқа дейінгі, 4-жеделділік санаты алпыс минутқа дейінгі уақытты құрайды.