Түркістанда «Қош келдің, Жаңа жыл!» тақырыбымен Қазақстан Республикасы Президентінің атынан балалардың жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекеге 17 аудан қаладан келген 200 бала қатысып, оларға сыйлықтар тапсырылды. Тұл жетім, жартылай жетім, аз қамтылған, ерекше күтімді қажет ететін балалар, көпбалалы отбасының балалары және халықаралық, республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары қатысты.
Мерекелік шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып,
мерекелік шыршаның шамын жағып, балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы 200 оқушыға ертегі кітаптар, әрқайсысына ақшалай сыйақы және балалардың зейінін дамытуға арналған ойыншақтарды тапсырды.
«Аз ғана уақыттан кейін Жаңа жыл табалдырығымыздан аттайды. Бұл – баршамызға жайдары көңіл-күй мен зор үміт әкелетін айрықша сәт. Сіздерді көріп, балалық шағым еске түсіп кетті. Біз де осы мерекені асыға күтетінбіз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы балалардың алаңсыз білім алуына, жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасау туралы тапсырма берген болатын.
Өңірімізде мектептер салынып, заманауи пәндік кабинеттер жасақталуда. «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асып жатыр.
Бұл игі жұмыстар алдағы уақыттарда өз жалғасын табады. Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен тағы да құттықтаймын! Бейбіт заманның ұрпағысыздар. Ештеңеден қорықпай, талапты болып, жақсы білім алыңыздар. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азамат болыңыздар»,- деді Дархан Сатыбалды.
Мерекелік шара мазмұнды әрі көңілді өтті. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен мерекелік ойындар ұйымдастырылды. Арнайы концерттік бағдарламада әуелеген ән шырқалып, мың бұралған бишілер балаларға ерекше әсер сыйлады. Айта кетейік, шыршатой алдында 200 бала 1 күн бойы Түркістанның көрікті орындарын аралады. Балаларға арналған ойын-сауық орталығында уақытты қызықты өткізіп, кинотеатрда мультфильм тамашалады.