Кентау қаласында ерекше білім беруді қажет ететін 70-ге жуық балаға арналған жаңа жылдық мерекелік қойылым өтті. Іс-шараға қаланың барлық мектептерінің тәрбиеленушілері ата-аналарымен бірге қатысты. Сондай-ақ, жаңа жылдық кешке арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушы балалар да шақырылды.
Мерекелік кешке арнайы келген қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов балақайларды мерекемен құттықтады.
«Қымбатты балалар және қадірлі ата-аналар, барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқашан осылай жарқырап жүре беріңіздер. Дендеріңізге саулық тілеймін. Бұл күні тілеген барлық арман-тілектеріңіз орындалып, өмірде тек сәттілік серік болсын!» — деді Жандос Қалмырзаұлы.
Мерекелік шарада қала әкімі балаларға арнайы дайындалған сыйлықтарды табыс етті. Қалалық Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының өнерпаздары әзірлеген ертегілер әлемінен қойылымдар мен әсем әуендері балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады.