Кентау қаласында қалалық білім беру бөліміне қатысты мектептердің үздік оқушылары мен көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға арналған Жаңа жыл кеші ұйымдастырылды. Жаңа жыл – әр баланың жыл бойы асыға күтетін басты мерекесі. Балдырғандарды ертегілер әлеміне жетелейтін бұл күн биыл да қала бүлдіршіндерін ерекше күйге бөлеп, жылдағы дәстүрге сай аталып өтті.
Мерекелік кешке қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова мен қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов балаларды айтулы мерекемен құттықтады.
«Бұл өмірде жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыластарыңызбен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ. Еліміздің барлық аймағында өздеріңіздей өнегелі, білімді балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналып, мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Бүгінгі шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Келер жыл баршаңыздың арман-тілектеріңіз орындалатын жыл болсын» деді.
Салтанатты шарада балалар жайдары көңіл-күймен өз өнерлерін ортаға салды. Жаңа жылдың басты сәні — жасыл шыршаны айналып, шаттық пен қуанышқа бөленді. Қалалық оқушылар үйінің әзірлеген арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Мерекелік шараға қатысқан 100-ге жуық балғындарға Жаңа жылдық сыйлықтар үйлестірілді.