Түркістан облысында жыл басынан бері жемқорлыққа қарсы 10 мониторинг жұмыстары жүргізілген. Атап айтар болсақ, құрылыс, ауылшаруашылығын субсидиялау, жер қойнауын пайдалану, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мемлекеттік мүлік, жылыту қазандықтарының жұмысы, сібір жарасы қабірлеріне қойылатын талаптар, «Бизнеске жол» жобасының жүзеге асырылуы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша анықталған тәуекелдерді жою үшін 50 ұсыным берілген. Қазіргі кезде оның 19 толық орындалып отыр. Сонымен қатар, жер, білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, фитосанитария, тұрғын үй салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, 82 ұсыным енгізілген.
«2018 жылдың басында Сарыағаш қаласында 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, 2019-2020 жылдары аяқталған болатын. Алайда, бұл үйлердің бастапқы жобалау-сметалық құжаттамасында инфрақұрылым, яғни кәріз жүйесі қарастырылмаған. Сол себепті, 5 жылдан астам уақыт кезекте тұрғандарға үй берілмей келді. Облыс әкімдігімен бірлесіп жүргізген жұмыстар нәтижесінде, құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғын үйге мұқтаж 585 тұрғын жалдамалы пәтерге ие болды» — деді Мұрат Төлеубаев.
Сондай-ақ, спикер облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы мен оған бағынысты мекемелердің қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталғанын мәлімдеді.
Талдау аясында, спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамыту, спорт клубтары мен федерацияларға бөлінген қаржыны пайдалану, спортшылар мен жаттықтырушылардың сапалы құрамы, оларға төленетін еңбекақы қоры және басқа да мәселелер қамтылатын болады.