Кентау қаласына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев келді. Халық қалаулысы ең алдымен қаладағы № 2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысып, жас спортшылармен кездесті.
Мәжіліс депутатымен бірге қала әкімі Жандос Тасов, партия филиалының төрағасы Арман Басаров спорт мектебін аралап, жетістіктерімен танысты. Спорт мектебінің директоры Фарит Аюпов жалынды, жігерлі, еліміздің атын әлемге танытып жүрген, қоғамның салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізіп жүрген жас спортшылар жайында баяндап, атқарған жұмыстары жайында мәлімет берді.
Жас спортшылармен кездесуде жастар өз ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныстарын жолдады. Кездесу соңында мектептің жас каратэші спортшылардың өнерін тамашалады.
Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әбдиев Ерлан Тұрсынбайұлы бір топ қала кәсіпкерлерімен кездесті.
Қала әкімі Жандос Тасов кәсіпкерліктің дамуы бойынша және бірқатар жобалармен бөлісті. Соның ішінде партияның «Ауыл аманаты» жобасының қала көлемінде атқарылған жұмыстары баяндалды.
Кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерін атап, бірқатар ұсыныстарын жолдады. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге тексеру жүргізуге тиым салынған мораторийді 2024 жылға созу, кәсіпкерлік үшін электр энергиясының құнын төмендету, «Ауыл Аманаты» жобасын қала тұрғындары үшін қол жетімді жасау жолдарын жолдады.
Кездесу соңында Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев барлық көтерілген сұрақтардың республикалық деңгейдегілері назарға алынып, тиісті Министрліктерге жолданып, өз қадағалуына алатынын жеткізді.