Өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу жоспарланған. Соның екеуі Кентау қаласына тиесілі болып отыр. Ол білім ұялары келер жылы жаңадан құрылған «Шұғыла» және «Қаратау» мөлтек-аудандарында бой көтеретін болады. Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбековтің мәлімдеуінше, бүгінде 1200 орынды бұл білім ұяларының жер телімдері анықталып, олардың техникалық шарттары алынды. Орайы келгенде Әділ Әуелбековті әңгімеге тартып, сұхбаттасқан болатынбыз.
— Әділ Арысбайұлы, әңгімемізді өңірдегі білім саласының жай-күйінен бастасақ. Қалада қанша мектеп, балабақша бар?
— Қазіргі таңда Кентау қаласында 28 мектеп (23 мемлекеттік, 5 жекеменшік), 33 мектепке дейінгі мекеме (19 мемлекеттік, 14 жекеменшік), 3 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. Мектептеріміз 2023-2024 оқу жылын 21 631 оқушымен бастап, оларға 1966 педагог білім мен тәрбие беруде. Сонымен қатар, балабақшаларда 2-6 жас аралығында 5878 бала тәрбиеленуде.
Былтырғы оқу жылына бюджеттен Кентау қаласының білім бөліміне қарасты мектептерге жалпы 16 913 678 ,0 мың теңге, оның ішінде «жан басына қаржыландыру» нормативі бойынша қаржыланатын 13 мектепке 7 360 738,0 мың теңге қарастырылды. Ал, ұстаздардың жалақысынан бөлек, жалпыға міндетті білім беру қорына 233 086,0 мың теңге бөлінді.
Былтырғы оқу жылында жалпы мектептердегі педагогтардың сағаты 30794,5 болды. Орташа бір педагогке 17,1 сағат берілді. Нәтижесінде, педагогтердің орташа жалақысы қала мектептері бойынша 200 мың мен 500 мың теңге аралығын және ауыл мектептері бойынша 250 мың 623 мың теңге аралығын құрады.
Жоғарыда айтып өткен 33 мектепке дейінгі ұйымға 1-6 жас аралығындағы – 5878 бала қамтылып, өңірде мектеп жасына дейін балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 95,5 пайызды құрады. Оның ішінде 3-6 жасқа межеленген индикатор көрсеткіші 100 пайыз орындалды. Жалпы балабақшада 606 педагог бар. Олардың (156 педагог) 25,7 пайызы санатты ұстаздар.
— Соңғы жылдары Кентау қаласының жылу жүйесіне ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы орайда мектептер мен балабақшаларда жылу маусымына дайындық жұмыстарының қалай жүргізілгенін айта кетсеңіз…
— Білім саласында орталықтандырылған жылу жүйесіне (ТЭЦ-5) 26 мекеме (14 мектеп, 9 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме) қосылған. Ал, 14 мекеме шағын қазандықпен (10 мектеп, 4 балабақша) жылытылуда. Мекемелердің жылу жүйесін қысыммен үрлеп, жуып – шаюға (гидравликалық сығымдаудан өткізу жұмыстарына) бюджеттен – 4061,8 мың теңге, мекемелерді жаңа оқу жылына дайындап, әктеп-сырлауға (текущий ремонт) 10831,1 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді.
Сұйық отынмен жылытылатын 6 мектепке (№7, 8, 9, 10, 19, Қашқари) 90602,0 мың теңгеге 348,684 литр сұйық отын (1 литрі – 232 теңге 1 тиын) алынды. Оны мердігер «Универсал РК» ЖШС-гі жеткізіп берді.Қатты отынмен жылытылатын 4 мектепке (№8, 11, Қарнақ, Шаштөбе, №15) 14606,6 мың теңгеге 1169 тонна қатты отын (1 тоннасы-12495 теңге) жеткізуді «Исабеков К.К.» ЖШС-гі жеңіп алып, келісімшарт жасалып, көмір барлық мекемелерге жеткізілді.
Өткен жылы 2 мектепті жылу жүйесін газдандыруға өткізу жоспарланып, бүгінгі таңда Д.Қонаев атындағы мектеп пен А.Молдағұлова атындағы №19 мектептің техникалық құжаттары, жобалық сметасы жасалып, толық газға қосылды.
Өңірдегі білім мекемелерінің ішінде 23 мектептің қатты отын сақтау қоймалары талапқа сай келеді. Ал, 33 балабақшаның 2-уінің («Балапан» және «Жауқазын» балабақшаларының) қатты отын сақтау қоймаларының жөндеу жұмыстары демеушілердің есебінен жүргізілді.
Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасынан қаржы қаралып, бүгінгі таңда мектептердегі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстарына 10 700,0 мың теңге бөлініп, спорт залдың шатыры ауыстырылып, жылу жүйесі ретке келтірілді. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін №24 мектепке 2022 жылы 38 069,7 мың теңге бөлінген болатын. Биыл аталған білім ошағына 353 609,0 мың теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Кентау қалалық білім бөліміне қарасты мектептерде жылу жүйесін қысыммен жуып-шаю жұмыстары өз уақытында толығымен жасалып, қазандық тұратын орындар ретке келтірілді. 2023-2024 оқу жылын толық дайындықпен бастады.
Білім мекемелеріндегі (мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымдары) залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін қазынадан 5 667,0 мың тенге бөлініп, жоспарланған жұмыс толық атқарылды.
— Педагог кадрлардың біліктігі жөнінде де айта кетсеңіз…
— Қазіргі таңда қалалық білім бөліміне қарасты білім мекемелерінде 1966 педагог жұмыс істейді. Олардың 1842-сі жоғары білімді болса, 41-інің орта арнаулы білімі бар. Сонымен қатар, педагогтардың 30-ы «педагог-шебер», 422-сі «педагог-зерттеуші», 424-і «педагог-сарапшы», 406-сы «педагог-модератор», 520-сы «педагог» дәрежесін алған. Ал, 26 педагог «жоғары», 20 педагог «бірінші», 35 педагог «екінші» санатты болып табылады. Барлық пәндер өз мамандарымен толық қамтамасыз етілген.
Өткен оқу жылында Кентау қаласының білім бөліміне қарасты мекемелерден 658 мұғалім біліктілігін арттыру курсынан өткен болатын. Соның 327-сі Шымкент қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» біліктілігін арттыру институтынан біліктілігін арттырып келді. 2023-2024 оқу жылында жоспарға сәйкес білім мекемелерінің педагогтері біліктілік курстарынан өтуде.
— Ал, қала оқушыларының білім көрсеткіші қандай?
— 2021-2022 оқу жылында бөлімге қарасты 23 жалпы білім беретін мектеп жалпыға міндетті стандарт талаптарын орындауда жоғары көрсеткіштер көрсетті. Ал, 2022-2023 оқу жылында мектептердегі оқушылардың сабақ үлгерімі 100 пайызға жетіп, білім деңгейінің орта баллы – 4 балды, білім сапасы 55,8 пайызды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,5 пайызға жоғары.
Мектеп бітіруші түлектердің арасында 43 оқушы «Алтын белгі», 54 оқушы «Үздік үлгідегі аттестат» алды. Қала бойынша биылғы оқу жылында 857 түлек мектеп бітіріп, оның 788 оқушысы ҰБТ-ға қатысып, 69 оқушысы ҰБТ тапсыруға барған жоқ. ҰБТ-ға бармағандардың ішінде 65 оқушы өз еркімен, 1 оқушы үйде оқытылғандықтан, ал 3 оқушы шет елдегі жоғары оқу орындарына түскендіктен ҰБТ тапсырмады.
Білім сапасының бірден-бір көрсеткіші – оқушылардың пәндік олимпиадасы. 2022-2023 оқу жылында пән олимпиадасының облыстық кезеңіне қатысқан 50 оқушының 35-і жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар, 4 оқушы Алғыс хатпен марапатталды. Жаратылыстану пәнінен 1 оқушы ІІІ орын алса, гуманитарлық пәндер бойынша 4 оқушы ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті.
Реті келгенде инклюзивті оқыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды да баяндай кетейін. Қалалық білім бөліміне қарасты 23 мектепте 0-18 жас аралығындағы ерекше оқытуды қажет ететін балалар саны – 396. Оның ішінде 6 жасқа дейінгі 65 бала мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленуде. 7-18 жас аралығындағы – 331, оның ішінде 75 оқушы инклюзивті біліммен қамтылса, 74 оқушы логопунктте қосымша мамандардың көмегін алуда. 8 оқушы ықпалдастыра оқыту бағдарламасымен оқуда. 174 оқушы үйде оқып тәрбиеленеді.
Үйде оқытылатын оқушылар компьютер, оқулықпен қамтылған. Инклюзивті біліммен қамтамасыз етілген балалар үлесі 20 пайызды, мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті біліммен қамтамасыз ете алатын мектептердің үлесі 17 пайызды құрады. Қазіргі таңда жалпы межеленген жоспарға сәйкес орындалды. 2023 жылы межені 80 пайызға жеткізілді, яғни 3 мектептен «логопункт», «әл-Фараби» атындағы №14 мектеп-гимназиясының базасында ресурстық орталық ашылды. 1 меңгеруші, 1 әдіскер, логопед, дефектолог маман, педагог-психолог және 15 тютер 25 ерекше оқытуды қажет ететін оқушымен жұмысын бастады.
Бөлімге қарасты 3 қосымша білім беру мекемесі (С.Байтереков атындағы балалар саз мектебі, Кентау оқушылар үйі, Кентау сурет мектебі) бар. Оған 2434 оқушы барады. Айта кетейік, аталмыш қосымша білім беру мекемелерінде 5 бағытта 66 үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерде балалар өз шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді.
— Бүгінгі таңда оқушылардың қауіпсіздігі де көпшіліктің көкейіндегі сұрақтардың біріне айналды. Сіздер оқушылардың қауіпсіздігін қалай сақтаудасыздар?
— Дұрыс айтасыз, біз үшін балалардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, қаламыздағы мектептерге 2014-2021 жылдар аралығында 269 бейнебақылау камерасы орнатылған болатын. 2023 жылы бекітілген террористік тұрғыдан осал обьетілерге қойылатын жаңа талап бойынша мектептерде қосымша 995 дана камераға сұраныс берілді. Түркістан облысы білім басқармасынан 23 млн 770 мың теңге қаражат қаралып, конкурс жарияланды. Қазіргі таңда 25 комплект бейнебақылау камераларына 20 882 249,92 мың теңге қаржы веб порталға жарияланып, жеңімпаз анықталуда.
Сонымен қатар, 14 мектепке 56 турникет қою көзделіп, жеңімпаз анықталып, келісім шарт түзілді. Қазіргі таңда турникеттер (№1,3,5,6,10,12,14,16,19,22,23,24,Қашғари, Қарнақ) мектептерге орнатылды. №5,6,7,8 мектептердің қоршауын жаңарту үшін мемлекеттік сатып алу веб порталында конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталды. Жалпы соммасы 42 532 560,0 мың теңгені құрап, мектептерде қоршауды жаңалау жұмыстары қолға алынды. Атап айтар болсам, №5,6,7,8 мектептердің қоршаулары жаңартылды.
Қаладағы 23 мектепке дабыл қағу батырмалары, бейне камералар мен толық қамтылған дабыл батырмалары орнатылып, облыстық полиция департаментіне қосылды.Өздеріңізге белгілі еліміздегі соңғы жағдайларға байланысты мектептердегі оқушы қауіпсіздігін сақтау маңыздылығы артып отыр. Бүгінде өңірдегі мектептердің барлығында 100 пайыз мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істеуде.
Одан бөлек білім бөліміне қарасты мектептерде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде. Бүгінге дейін құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 27 семинар, дөңгелек үстел, кездесулер, кәмелеттік жасқа толмаған ұл балалармен 27 іс-шара, кәмелеттік жасқа толмаған қыздармен 9 іс-шара, түрлі жобалар аясында 9 іс-шара өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасын табуда. Қалалық полиция бөлімінде тіркеуде – 3 оқушы, мектепішілік тіркеуде – 28 оқушы бар.
Өткен жылдан бастап Кентау оқушылар үйінде қалалық білім бөліміне қарасты мектептердің оқушыларына психологиялық кеңес беру мақсатында айына бір рет кеңес беру ұйымдастырылады. Онда бөлімнің педагог-психолог мамандары оқушылардың толғандырған мәселелері бойынша психологиялық кеңес және сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді.
— Әділ Арысбайұлы, мектеп оқушылары мен ұстаздар арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру бағытында өңірімізде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі ретінде «Оқуға құштар мектеп» жобасын айтуға болады. Аталмыш жоба кенді өңірде қалай жүргізілуде?
— Жалпы бөлімге қарасты 23 мектептің барлығы кітапханамен қамтамасыз етілген. Биылғы оқу жылында 1-2 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық», «Бейнелеу өнері», «Көркем еңбек» оқулықтары беріліп, оқушылар электронды оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Биылғы жылы оқулық қоры 3 сыныптарда жаңартылды.
Өзіңіз айтып өткендей, республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, 2397 әдеби кітап сыйға берілді. Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілді. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов атындағы №23 мектеп, Ақын-тұма атындағы №11 мектеп базаларында «COWORKING» (КОВЕРКИНГ) орталықтары ашылды.
Жалпы білім саласындағы білім сапасын анықтаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі – білім мекемелерін мемлекеттік аттестаттаудан өткізу болып табылады. Сондықтан, осы туралы да айта кетсем. 2022-2023 оқу жылында 7 мектеп (№5,6,12,15,4,22,14,24) және 7 балабақша (Айша бибі, Құлыншақ, Звездочка, Қобыланды, Әлия, Алмагүл,Таңшолпан, Сәуле) мемлекеттік аттестаттаудан бірінші кезеңінен сәтті өтіп, мектептердің 4,9,11 сынып оқушылары жоғары білім деңгейін көрсетті. «Балапан» балабақшасы аттестаттаудың бірінші кезеңінен өтпей, екінші кезеңінде аттестатталды.
2024 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өтетін мекемелер арасында №2, №9, №16, №19, Д.Қонаев атындағы, Ө.Жәнібеков атындағы, №11 «Ақын тұма», «Шаш төбе» мектептері бар. Сонымен қатар, қаладағы «Жұлдыз», «Көктем», «Қамқор», Дәуір», «Балдәурен» балабақшалары да аттестаттаудан өткізіледі.
2022-2023 оқу жылында мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілері арасында ротация іске асырылып, Ә.Молдағұлова атындағы №19 мектеп-лицей және Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектеп басшылары, «Көтем» мен «Жұлдыз» балабақшаларының меңгерушілері ротацияланды. «Алмагүл» мен «Таңшолпан» балабақшаларының меңгерушілері де ротацияланды.
Кентау қаласы бойынша жазғы сауықтырумен қамтуға жататын оқушы саны – 19961 бала. Жалпыға білім беру қорынан аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына бюджеттен 25 млн 930 мың 282 теңге қаржы қаралып, қала сыртындағы лагерде 800 демалса, «Қазақстан халқы» Қорының демеушілігімен 150 бала Төлеби ауданында орналасқан «Көктөбе» және «Қуаныш» лагерлерінде 2 кезеңмен қамтамасыз етілді. Ал мектепішілік сауықтыру алаңына бастауыш сынып оқушыларынан мектепте – 4150 бала тамақсыз қамтылды.
Биыл қала бойынша Қарнақ, Хантағы, Құсшы ата ауылдарынан 393 бала тасымалдануда. Бұл мақсатта 15 млн 937 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Қуантатын жағдай Хантағы, Қарнақ ауылдарына заманауи 2 автобус беріліп, 393 оқушы тасымалдануда.Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап бөлімге қарасты барлық мектептердің 1-4 сыныбында оқитын 7771 бала (оның ішінде: ҚР Үкіметінің 25.01.2008ж. №64 қаулысында көрсетілген әлеуметтік жағдай бойынша санаттағы 1058 бала) жалпы 8829 оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.
— Әңгімеңізге рахмет.