Түркістан облысында 2024 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына азаматтарды іріктеу және алдын-ала зерделеу бойынша жұмыстар басталды. Еліміздегі түрлі әскери ұйымдарының жауапты өкілдері, сардарлары 10 қаңтар мен 10 наурыз аралығында облыстың аудан, қалаларын аралап, түсіндіру және зерделеу жұмыстарын жүргізеді.
Осы жұмысты жүйелі атқару мәселесі Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары — әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаев жасөспірімдер мен жастардың отаншылдық сезімін қалыптастыру бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Әскери-патриоттық іс-шаралардың мазмұнын байытып, сапасын көтеру керек. Қорғаныс істері департаментімен бірлесе жұмыс істеуге, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаев биыл да Түркістан өңірінен 4 мыңнан аса жігіт әскерге шақырылатынын, осы бағытта дайындық жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Шекара қызметі, Ұлттық гвардия өкілдері де өз ұсыныстарын білдірді. ҚР ҚК ардагерлері кеңесінің облыс бойынша филиалының төрағасы мен әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалар тарапынан да пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, биыл өңірде әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар санын көбейту, оған қолдауды күшейту көзделіп отыр. Жастарды әскерге қызықтыру, түсіндіру жұмыстары да жалғасады.