Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған облыстық мәслихат депутаттары А.Салимов, С.Арыстанов, С.Көшенов, Б.Сүлейменов, Е.Хандиллаев, Б.Шойбеков және И.Намазбаева, Ж.Ағабеков «Тurkеstan-Arena» МКҚК арнайы барып жұмысымен танысты.
Халық қалаулыларына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев, “Тurkеstan — Arena” стадион директоры Б. Нұрманов ғимаратта ішін аралатып, қызметкерлерінің жұмыстарын түсіндірді. Сонымен қатар, футбол алаңының қазіргі жағдайымен таныстырды.
Мәслихат депутаттары мекемені аралау барысында, стадионды күтіп-баптау үшін барлық жағдай қарастырылғанын және қызметкерлер өз саласы бойынша жұмысын тиянақты атқарып жатқандығына көз жеткізді.
Алайда, стадион 7000 көрерменге арналғандықтан мұнда халықаралық футбол ойындары және ұлттық құрама командалар футбол ойындарын өткізу үшін UEFA талабына сәйкес емес.
Осы тұста 12 000 көрерменге арналған футбол алаңдары үшін халықаралық және ұлттық құрама командалары ойындарын ойнатуға рұқсат берілгенін ескерсек, «Turkestan-Arena» стадион ғимаратының оң және сол жақ беттерінің ашық тұрған қосымша ғимаратқа 5000 көрерменге арналған орындықтар қосу керектігі айтылды.
Сонымен қатар, «Turkestan-Arena» МКҚК-ның ғимаратының спорт залдарында балалармен жасөспірімдерді спорттың бірнеше түрлерімен шұғылдандыру үшін «спорттық инструктор» штаттарын «жаттықтырушы» штатына ауыстыру мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда өзекті мәселе футбол алаңының дренаж жүйесін реттеу және алаңға жылыту жүйесін орнату қажет.
Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы UEFA ойындарының талаптарына сәйкес, футбол алаңына жер асты жылыту жүйесін орнату мәселесін басты назарға алып, жауапты басқарма басшыларына тиісті тапсырмасын берген болатын. Бұл бастаманы облыстық мәслихаттың депутаттары да бір ауыздан қолдады. Себебі, өңірдің намысын қорғап жүрген футбол құрамасының әлемдік деңгейде өнер көрсетуіне мүмкіндік беретін бұл талаптарды орындау маңызды мәселе.
Айта кетейік, «Тurkеstan-Аrena» орталық стадионында 2022 жылы спорттың бірнеше түрінен облыстық, қалалық іс-шаралар өтізіліп, «Тұран» және «Мақтаарал» футбол клубтары ел біріншілігінде футбол ойындарын өткізген. Стадион бокс, гимнастика, йога, ауыр атлетика, тренажер, фитнес залдарымен жабдықталған. Мұнда барлық спорт үйірмелерде балаларға тегін сабақтар ұйымдастырылған.