ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласына жұмыс сапарымен келді. Кенді қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, жұмысымен танысты. Орталыққа келушілермен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Кездесуге қала әкімі Жандос Тасов, «Amanat» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров, облыстық мәслихат депутаты Талғат Садуов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусизов, орталық басшысы Ерғали Балабеков және БАҚ өкілдері қатысты.
Халық қалаулысы орталықтың жұмысына оң бағасын берді.
Мұнан соң, Парламент Мәжілісінің депутаты Ы.Алтынсарин көшесі №11 көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесті.
«Бұл тұрғын үйдің жағдайы өткен жылдың шілде айындағы сапарымда көтерілген мәселелердің бірі болатын. Апатты жағдайдағы үйдің сылағы мен сыры кетіп, жөндеуді қажет ететін. Жылуы да мардымсыз еді. Содан кейін тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі кездесуде игі іске ұйытқы болғаным үшін тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Сондай-ақ, балалар ойнайтын ойын алаңшасы салынса деген өтініштерін жеткізді. Бұлда көп ұзамай орындалатын болады», — деді Ұласбек Сәдібеков.
Сондай-ақ, Ардагерлер үйінде қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғам белсенділерімен кездесті. Онда да қала болашағына бағытталған біршама мәселелер көтерілді. Халық қалаулысы баршасын назарда ұстайтындығын жеткізді.