Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Қайрат Балабиев, Ерлан Абдиев және Темір Қырықбаев Кентау қаласындағы бірқатар нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Парламенттегі партия өкілдері алдымен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында қамтылған «Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, №5 Жылу энерго орталығын қайта жаңарту жұмыстарының атқарылуын қадағалады. Сондай-ақ, стратегиялық мәні бар нысандағы модернизациялау жұмыстарының барысын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алтынсары Үмбетәлиев, партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Қалыйма Жантөреева мен Кентау қаласы мәслихатының депутаттары аралап көрді.
Жылу қуатын өндіру және тасымалдау қызметін атқаратын кәсіпорынның негізі 1934 жылы қаланған, ал 1952 жылы мұнда қуат өндіру қондырғылары орнатылған. Кәсіпорын теңгеріміндегі жылу құбырларының жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайды. Оның ішінде 38,2 шақырымы – магистралды жылу құбырлары болса, 130,8 шақырымды – ішкі орамдық жылу құбырлары.
Кентау қаласы бойынша орталықтандырылған жылуға қосылған 14 045 абонент бар. Жылу тұтынушылар қатарында 106 бюджеттік мекеме, 2295 жеке сектордағы тұрғын үйлер, 347 көпқабатты тұрғын үйлер, 441 коммерциялық нысандар тіркелген.
Биылғы жылғы жылыту маусымына дайындық барысында қазандықтарды, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларды қайта құру жұмыстарының сметалық құны 13 596,517 млн. теңге болып белгіленген. Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігер ұйым ретінде «ЭМ-Холдинг» ЖШС-гі, техникалық қадағалаушы мекеме санатында «Атакама» ЖШС-гі анықталып, келісімшарт түзілген.
Жалпы бүгінгі күнге дейін 2,8 млрд теңге қаржы қаралып, қазандықтардың құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда.
Қазіргі таңда 5-ші, 6-шы, 7-ші, 12-ші қазандықтардың ағымдағы жөндеу жұмыстары 100%-ға аяқталып, Кентау қаласы әкімдігінің 23.10.2023 жылғы №312 қаулысымен 30 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталған. Қазір кәсіпорын штаттық режимде жұмысын атқаруда.
Айта кету керек, Кентау қаласын сапалы жылумен қамту мақсатында 8 дана жылу қазандықтарын, қосалқы электр станциясын, 21 шақырымды құрайтын магистралды құбырлар мен 81 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын екі кезеңде жүргізу жоспарланған. Оның ішінде бірінші кезеңде 6,6 шақырым магистралды жылу жүйесін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары белгіленіп, 4,7 шақырым құбырларды монтаждау жұмыстары аяқталып, іске қосылған. Қалған 1,9 шақырым құбырларды ауыстыру жұмыстары биылғы жылы жалғасын табатын болады. Екінші кезең бойынша 14,5 шақырым магистралдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын жүргізу жобасы бойынша құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.
Кездесуде жылу беруші кәсіпорындағы жөндеу жұмыстарына жауапты мердігердің қызметін жіті бақылауда ұстау керектігін айтқан депутаттар, республикалық деңгейде қаралатын мәселерді тиісті министрлікке жеткізетін болды.
Парламент Мәжілісінің депутаттары кеншілер қаласындағы жұмыс сапары аясында жаңадан іске қосылған кәсіпорындармен танысты.