Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингісіне арналған жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында Отырар аудандық білім бөлімінің әдіскерлері мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек берді.
Отырар ауданына қарасты 16 мектепте білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингісі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әдістемелік көмек барысында өткен оқу жылының білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингісі бойынша қорытындысына талдау жасалынды. Қазіргі таңда 4-ші және 9-шы сынып оқушыларынан оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша тест алынуда.
Орайы келгенде облыста білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқтала кетейік. Мәселен, өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Олардың жобалық қуаты – 49 мың орын. Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5000 орын болатын 17 мектеп салынды.
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылысы бастау алатын 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітілген. Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды практикаға ендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған бағытта өңірдің 15 педагогі Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелдерде тәжірибе жинау семинарларына қатысады деп жоспарлануда.
Балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау да кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда мектептерді күрделі жөндеу мәселесіне де тоқтала кетейік. Қазіргі таңда облыста 121 мектеп бойынша талдау жүргізілуде. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд. теңге қарастырылуда. Ал, қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылдардың бюджетіне қажетті қаражатты енгізу жоспарланып отыр.
Балалардың қауіпсіз ортада өсуіне, білім алуына жағдай жасау үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін мектептердегі бала қауіпсіздігі өзекті проблемалардың бірі болды. Биыл осы мәселені шешу үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасына облыстық бюджеттен алғаш рет 5,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл бағытта білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, облыстағы 908 мектепке 7100 бейнекамера, бала саны 700-ден асатын 284 мектепке турникет, 193 мектепке 106 мың шаршы метр қоршау орнатылуда. 573 мектеп кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілді. 937 (908 мектеп, 29 арнайы мекеме) мемлекеттік білім беру ұйымының барлығына дабыл батырмасы орнатылды. 119 мектептің санитарлық-гигиеналық тораптары жаңартылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 1-4-сыныптағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен және мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін лицзензиясы бар күзет қызметімен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
Түркістан облысында биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 53 222 бала келді, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Облыста білім беру саласында 2 526 ұйым қызмет көрсетеді. 1393 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98,5%-ды құрайды. Облыста жалпы 1029 мектепте 519 мың оқушы білім алады. Оның 908-і мемлекеттік болса, 121-і – жекеменшік мектеп.