Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің зор әлеуетін толық пайдаланбай отырғанымызды тілге тиек ете келе, осы салаға серпіліс қажет екенін жеткізді.
«Осы орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деп Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке салада маңызды реформа жасайтын кез келгенін ескертті.
Ресми деректерге сүйенсек, республика тұрғындарының 41 пайызы ауылда тұрады екен. Бұл шамамен 7,7 млн. адамды құрайды. Алайда, елімізде ауыл және қала тұрғындарының табыс көзінің айырмашылығы 38 пайыздан асады. Жаңа бағдарлама өз кезегінде осындай олқылықтардың да орнын толтыруға үлес қосатын болады.
Міне, осылайша өткен жылы елімізде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету және оларды аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Аталған бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде іске асырылып, тиісті сала мамандары ауыл тұрғындары арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. Өңіріміздің түкпір-түкпірін аралап, ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасын таныстырды. Ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға және бастаған істерін ары қарай дөңгелетіп алып кетуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Қанатқақты жаңа жобаны Түркістан облысында іске асыруға 19,8 млрд. теңге бөлініп, несиелендірудің 6 бағыты таңдалды. Атап айтар болсақ, олар: өсімдік шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамыту, құс шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу. Соның ішінде біздің өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілді. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға барлық ауылдық округтерде скрининг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жобаға бірінші кезекте қатысатын 16 аудандағы 64 ауылдық округі анықталды. Сонымен қатар, ауылдық округтерде жобаға қатысатын 72 кооператив анықталып, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды.
Былтыр Кентау қаласында «Ауыл Аманаты» бағдарламасына 2 ауыл енді. Олар Хантағы және Қарнақ ауылдары. Жалпы 3 кооператив құрылған болатын. Тарқатыңқырап айтар болсақ, Қарнақ ауылында 2023 жылы сүт өнімдерін шығаратын «Жаннат-2020» кооперативі құрылып, 40 адам мүшелікке енген болатын. Кооперативтің кепілдікке қоятын құжаттары жинақталып, «Ырыс» МҚҰ-на қарауға ұсынылды. Алайда, СПК мүшелерінің несиелік қарыздарына байланысты қаржыландырудан бас тартылды. Сонымен қатар, осы жылы құс шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін «Тажитдин Ата» кооперативі құрылып, 23 адам мүшелікке енген-ді. Аталған СПК 27,6 млн теңгеге қаржыландырылды.
Хантағы ауылында ет өндейтін «Хантағы Береке» кооперативі құрылып, онда 39 адам мүшелікке енді. Жалпы былтыр Кентау қаласында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 126 құжат «Ырыс» МҚҰ-ның қарауына ұсынылып, 92 құжат 491,6 млн теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бойынша ұсынылған 3 құжатқа 18 050 000 теңге, мал шаруашылығы бойынша ұсынылған 73 құжатқа 382 800 000 теңге, құс шаруашылығы бойынша ұсынылған 5 құжатқа 26 500 000 теңге, балық шаруашылығы бойынша ұсынылған 1 құжат 6 800 000 теңге, СПК 1 кооператив 27 600 000 теңгеге және 6 бағыт бойынша ұсынылған 9 құжат 47 900 000 теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында 2023 жылы 160 бас ірі қара мал, 306 бас жылқы, 370 бас қой мен ешкі басқа облыстардан сатып алынды.
Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Асылханның мәлімдеуінше, биыл да шаһарда «Ауыл Аманаты» бағдарламасына 2 ауыл еніп отыр. Олар Хантағы мен Қарнақ ауылдары. Хантағы ауылындағы ет өндейтін «Хантағы Береке» кооперативі өз жұмысын әрі қарай жалғастыруды көздеп отыр. Ағымдағы жылдың 10-ақпанына дейін аталған кооператив қажетті құжаттарды жинақтап, «Ырыс» МҚҰ-ның қарауына ұсынатын болады.
Қарнақ ауылында құс шаруашылығын өркендету бағытында жұмыс істейтін «Тажитдин Ата» кооперативі де өз кәсібін ары қарай жалғастырып, сүт өнімдерін өндіретін жаңа кооператив құруды көздеп отыр. Белгіленген уақытқа дейін қажетті құжаттарды жинақтап, «Ырыс» МҚҰ-ның қарауына ұсынбақ.
Жалпы ағымдағы жылы Кентау қаласында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 95 адам (765,3 млн теңге) несие алуға ниет білдірген. Оның 53-і Қарнақ ауылында, 23-і Хантағы ауылында тұрады. 13 адам Байылдыр ауылынан және 6 адам Ащысай ауылынан болып отыр.
Қарнақ ауылына «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қажетті қаражат соммасы 428,6 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда мұнда сүт өнімдерін өндіретін 1 кооператив ашу жоспарланған. Оған 177,6 млн теңге қажет. «Тажиддин Ата» құс кооперативіне 15 адам мүшелікке ниет білдіруде. Коорперативті қаржыландыруға 113 млн теңгені керек. Бағдарламада көрсетілген 6 бағыт бойынша 8 адам өз кәсібін ашуниет білдіруде. Оның ішінде шлакоблок өндірісін жүргізуге, наубайхана ашуға, тігін цехы мен қызмет көрсету станцияларын, дәнекерлеу цехтарын іске қосуға арналған жобалар баршылық. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында жылыжай салуға 5 адам ниет білдіруде. Оған қажетті қаржы сомасы 37,5 млн теңгені құрайды. Балық өсіремін деген 5 адамның 4-еуі Қарнақ ауылынан болса, біреуі Ащысай ауылынан. Бұл бастамаларға 37,5 млн теңге керек. Осы жобалар жүзеге асырылғанда ірі қара мал басы 258-ге көбейіп, 350 тонна сүт, 20 тонна ет, 40 тонна балық өнімдерін өндірілетін болады.
Ал, Хантағы ауылындағы кәсіпкерлер ұсынып отырған жобалар 336,7 млн теңге құрайды. Айталық, бүгінде «Хантағы Береке» кооперативіне мүшелікке енуге ниет білдіруші саны 20-ға жетті. «Ырыс» МҚҰ – нан несие алуға жоспарланған сомма 177,6 млн теңгені құрайды. Мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасында көрсетілген 6 бағыт бойынша өз кәсібін ашуды ниет еткен 21 адам бар. Оның 11-і Хантағы, 4-еуі Ащысай, ал 6-уы Байылдыр ауылынан. Жалпы қаржыландыру соммасы 159 млн теңгені құрайды.
Хантағы ауылында осы жобалалар толықтай іске асырылғанда мұнда ірі қара мал басы 48-ге, жылқы 450-ге көбейіп, ет өнімдерін өндеуі 350 тоннаға жеткізілетін болады деп күтілуде. Жалпы 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Кентау қаласына 765,3 млн теңге бөлу жоспарлануда.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге микрокредит 5 жыл мерзімге беріледі. Ал, мал шаруашылығы саласындағы жобаларға 7 (жеті) жыл мерзімге микрокредит беру қарастырылған. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – 2500 (екі мың бес жүз) айлық есептік көрсеткіш (9 230 000 теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткіш (29 536 000 теңге) деп көрсетілген.
Бұрын алынған микрокредит бойынша міндеттемелерді толық орындаған үміткерлерге қайта кредит беру кезінде микрокредиттің ең жоғары сомасының мөлшері 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке (29 536 000 теңге) дейін ұлғаяды. Бұл ретте, микрокредиттер бағдарлама үміткерлерінің қайтарылған қаражаты есебінен беріледі.
Айта кетейік, номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі жарым) %-дан аспайды. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды.
Микрокредиттеуге мақұлдау алғаннан кейін кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Өтінімдерді қабылдау, микрокредиттерді қамтамасыз ету тәсілдері жергіліктіатқарушы орган мен сенім білдірілген өкіл (агент) арасында жасалатын тапсырма шартында көрсетіледі.
Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде микрокредиттер алу үшін жобаларды іріктеудің негізгі критерийлеріне де тоқтала кетейік. Онда жобаның басым бағыттарға сәйкестігіне, тұрақты жұмыс орындарын құруға, жеке тұлғалар үшін — жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елдімекенде немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 ай (микрокредит алуға өтінім беру күніне) тұрақты тіркеуде болуына, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада жеке кәсіпкердің заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеудің болуына, сондай-ақ, жаңа, бұрын пайдаланылмаған техниканы, жабдықты сатып алуға баса көңіл бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, микрокредиттер жеңіл автокөлік сатып алу, ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алу, кейіннен жалға беру үшін ғимараттарды, үй-жайларды, тұрғын үйлерді сатып алу немесе салу секілді мақсаттарға берілмейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевжыл соңында аталған жоба жайлы: «Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені елге біртіндеп тарату қажет», — деді.
Осы мақсатта биыл Үкімет «Ауыл аманаты» жобасына 100 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаржыға 17 мың шағын несие беріп, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Көріп отырғанымыздай, «Ауыл аманаты» жобасының талаптары кәсіп бастауға ниет еткен кез келген ауыл тұрғынына тиімді етіп жасалған. 2,5 пайызбен берілетін несиені ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу, өндіруге, егін және мал шаруашылығының, бизнестің өзге де бағыттарына қолдануға болатынын да айта кетейік.