Мақтаарал аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес, құқық пәні мұғалімдері арасында А.Байтұрсынов атындағы №9 жалпы орта мектеп базасында «Бала құқығы – асыл қазына» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараның мақсаты оқушыларға адам құқығы, бала құқығы, құқықты алаң, оқушының құқығы мен міндеті ұғымдарын меңгерту, проблемалық жағдаяттарды құқықтық тәсілмен шешуге үйрету болды. Іс-шара барысында Мақтаарал ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Р.Алтынбаева «Бала құқығы – асыл қазына», ал мектеп мұғалімі Индира Оразбаева «Бала құқығы-адам құқығы» атты тақырыпта баяндама жасады.
Мұнан кейін Т.Әубәкіров атындағы жалпы білім беретін мектептің құқық пәні мұғалімі Тәрбие Алибекова «Жас өспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу», №24 Фердауси жалпы білім беретін мектептің құқық пәні мұғалімі Өскен Тунгатаров «Қылмыстық құқықтың басқа құқық саласынан айырмашылығы неде?» деген тақырыптарда әңгіме қозғады. Алдын ала дайындалған сұрақтар мен әдіс-тәсілдер арқылы бірнеше мектеп мұғалімдерімен жұмыс жүргізіп, тәжірибе алмасты.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданы құрылған 5 жылдың ішінде 3 ауысымды мектептердің санын азайту және ыңғайластырылған мектептерді жою мақсатында 17 мектептің жаңа ғимараты салынып, тапсырылды. Оның ішінде 1200 орынды, 600 орынды, 300 және 200 орынды мектептер бар. Былтыр аталмыш аудандаЕркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елді мекендерінен 200 орынды 4 білім ұясының құрылысы басталған-ды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданы Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекеніндегі 200 орынды №57 жалпы білім беретін мектептің ашылу салтанатына қатысып, өркениеттіктерді құттықтаған болатын.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мектеп тапшылығын жоюды тапсырған болатын. Осы мақсатта өңірімізде жүйелі жұмыс атқарылуда. Мемлекеттік бюджет есебінен 33 мектептің құрылысы қолға алынды. Оның 20-сы тапсырылса, қалғаны 2024 жылы пайдалануға берілетін болады. Енді жаңа ғимараттарда білім беру ісін де жаңаша жандандырып, ауыл балаларының білімін көтеру керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұған дейін балалары көрші ауылдардағы білім ұяларына қатынап оқыған ауыл тұрғындарыжаңа білім ұясын салуға қолдау көрсеткен өңір басшыларына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Жаңа ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Ондағы заман талабына сай жабдықталған физика, химия, информатика, технология және мультимедиялық және лингафондық кабинеттер оқушылардың жан-жақты білім алуына үлесқосуда. Сондай-ақ, жаңа мектепте кітапхана, спорт зал, асхана бар. Жалпы мұнда оқушылар түрлі спорт, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатыса алады. Нысанның қасбетіне де, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектеп салынады деп жоспарланған болатын. соның бесеуі Мақтаарал ауданына тиесілі. Өткен жылы 1500 орындық және 600 орындық 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталды.