Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы VIII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс», деген болатын. Осы орайда еліміздің сайлау органдарына да жүктеліп отырған міндет зор екенін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Әбдіровке бірнеше сауал қойған едік.
– Нұрлан Мәжитұлы, қай сайлаудың болсын әділ өтуі жергілікті сайлау комиссияларына байланысты. Олардың бұрынғы құрамын жаңарту мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Сайлау комиссияларының қатарында міндетті түрде білімді, тәжірибелі, өз қызметін адал атқаратын азаматтар болуы өте қажет. Олардың құрамы жаңартылып тұрғаны да маңызды. Бұл талапты мәслихаттарға сайлау комиссияларының мүшелерін ұсынатын саяси партиялар да, тиісті шешімдерді қабылдайтын мәслихаттар да ескеруге тиіс. Былтыр өткен мәслихаттардың сессияларында өкілеттігі аяқталған сайлау комиссияларының бәрінің құрамы жаңартылды. Соның ішінде учаскелік сайлау комиссияларының 12 344 мүшесі жаңа адамдармен ауыстырылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың 20 аумақтық сайлау комиссиясының құрамы 28 пайызға, аудандық, қалалық сайлау комиссияларының құрамы 31 пайызға жаңартылды.
Бір айта кетерлік жайт, бұрын сайлау комиссияларының құрамына, негізінен, бірер саяси партияның ғана өкілдері енгізілген болса, енді ресми тіркелген барлық саяси партияның, соның ішінде бертінде ғана құрылған «Respublica», «Байтақ» сынды партиялардың өкілдері де кірді. Жалпы, біз сайлау комиссияларының тәуелсіздігі мен кәсібилігін арттыруға ерекше мән беріп отырмыз. Бұрын ОСК ғана кәсіби негізде қызмет атқарып келсе, 2023 жылдан бастап облыстардағы және мегаполистердегі аумақтық сайлау комиссияларының (АСК) төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері, сондай-ақ аудандардағы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары өкілеттіктерін кәсіби негізде жүзеге асыратын болды.
– Сайлау комиссияларының жаңадан сайланған мүшелерінің біліктілігі де маңызды ғой.
– Бұл мәселе – ұдайы назарымызда. АСК мүшелерін мәслихаттар сайлағанымен, олар ОСК бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Мұны әрдайым қадағалап отырамыз. Бұған қоса АСК-лердің жаңадан сайланған мүшелерін электоралдық оқыту жоспарланған. Оқыту осы қаңтар айының соңынан сәуір айына дейін Мемлекеттік басқару академиясындағы Электоралдық оқыту орталығының базасында офлайн режімде ұйымдастырылады. Аталған орталықта АСК-лердің өзге мүшелерін оқыту сәуір айынан бастап жыл соңына дейін онлайн режімде жүргізіледі.
– Өткен жылдың соңында ОСК-нің 30 жылдығын атап өттіңіздер. Осы кезеңде еліміздің сайлау жүйесінің дамуын қалай бағалайсыз?
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Жоғарғы Кеңестің 1993 жылы 8 желтоқсандағы қаулысына сәйкес ОСК мемлекеттік деңгейде сайлау үдерісін басқаратын алғашқы арнайы мемлекеттік орган ретінде құрылған. Сол сәттен бастап ол еліміздегі саяси эволюция аясында дамыды. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып кіргендіктен, еркін және бәсекелі сайлау өткізу бойынша қабылдаған барлық міндеттемесін орындауға күш салып келеді.
Арада өткен кезеңде еліміздің сайлау органдары 39 ірі сайлау науқанын өткізді. Соның ішінде 5 елдік науқан – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі 2022 жылғы референдум, одан кейінгі Президент, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлаулары бас-аяғы бір жылға жетпейтін уақыт ішінде өткізілді. Бұған қоса 2021 жылы ауыл әкімдерінің сайлауы енгізіліп, содан бері олардың 87 пайызын халық тікелей сайлады. Сондай-ақ былтыр аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау қанатқақты режімде жүзеге асырылды. Ауыл әкімдерінің сайлауы қазіргі кезде апта сайын өткізіледі. Осылайша, еліміздің сайлау органдары ұдайы сайлау науқаны жағдайына көшіріліп отыр.
– Ал ОСК-нің 30 жылдығына орай өткізілген халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның маңызы неде?
– Қазіргі заманда кез келген мерейтой той тойлау үшін емес, ең бастысы – өткенге көз жіберіп, қол жеткен жетістіктер мен жіберілген кемшіліктерді жан-жақты талдап, алға қойылған міндеттерге жету жолдарын пысықтай түсу мақсатын көздеуге тиіс. Біз өткізген «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция осы тұрғыдан маңызды. Конференцияға 16 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының және 6 беделді халықаралық ұйымның – Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ ДИАҚБ), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) Атқару комитетінің, Парламентаралық Одақтың, Түркі мемлекеттері ұйымының, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл еліміздегі саяси реформаларға, соның ішінде сайлау жүйесін жетілдіру барысына бүкіл әлем назар аударып отырғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы конференцияға қатысушыларға құттықтау жолдап, еліміздегі саяси реформалар кезеңінде сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға баса мән берілетіндігін және осы күрделі әрі жауапты міндетті орындау үшін сарапшылар қауымымен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор екенін айтты.
Конференцияға қатысушылар, әсіресе Грузия ОСК төрағасы Георгий Каландаришвилидің өз елінің сайлау жүйесіндегі өзгерістер туралы айтқан сөзін ықылас қоя тыңдады. Бір қызықты мысал: Грузияда саяси партиялардың Парламентке өту шегі 2012 жылғы сайлауда – 5 пайыз, 2020 жылғы сайлауда 1 пайыз болған екен, ал былтыр қайтадан 5 пайыз болып белгіленіпті, яғни қазір біздің елдегімен бірдей. Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер 2023 жылы 3 қарашада Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) саммитінде Қазақстан Президенті ТМҰ-ға мүше мемлекеттер орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруды ұсынғанын еске алып, осы бастама бауырлас елдердің демократиялық басқаруды нығайтуға деген ұжымдық міндеттемесін практикалық деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Конференция аясында Армения, Өзбекстан, Түркия елдерінің орталық сайлау органдарының басшыларымен Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойдық. Құжат сайлау жүйелері мен сайлау үдерісін дамытудағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
– Сіз аталған конференцияда ОСК-нің жаңа перспективалық даму стратегиясы туралы айттыңыз. Осы жаңашылдықтың мақсаты неде?
– Бұл ретте Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатындағы күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор екендігі, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмау қажеттігі жайлы пайымынан елдің болашағын ойлайтын кез келген саналы азамат тиісті қорытынды шығарғаны жөн деп білемін. Біз өткен жолымызды қорытындылап және қазіргі қалыптасқан жағдайды талқылай келіп, әрі мемлекет пен қоғамның бүгінгі даму деңгейін ескере отырып, ОСК-нің ұзақмерзімді болашаққа арналған даму стратегиясын белгілеген жөн деп шештік. Бұл кездейсоқ шешімдердің, жаңылыс қадамдардың алдын алуға, сөйтіп жүйелі түрде алға басуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, стратегиямыздың пайым, миссия, құндылықтар, қағидаттар, мақсаттар, басымдықтар сияқты элементтерін айқындап алдық. Біздің миссиямыз – азаматтардың еркін сайлау арқылы мемлекетті басқаруға қатысуына жәрдемдесу. Осы миссия ОСК-нің пайымын сайлауға қатысу демократиясын ілгерілетудің кәсіби институты ретінде айқындайды. Құндылықтарымыз – азамат, әділдік, демократия, сенім. Қағидаттарымыз – заңның үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, инклюзивтік, алқалылық, кәсібилік. Мақсатымыз, яғни өз іс-әрекетіміздің нақты да өлшенетін нәтижесі – азаматтардың референдумдар мен сайлау барысында еркін таңдауына жағдай туғызу. Біз мұны орындау жолында негізгі басымдықтарымызды да айқындадық. Біріншісі – еркін, әділ референдумдар мен сайлауды басқару. Екіншісі – сайлаушылар сеніміне ие болу. Үшіншісі – институционалдық даму: инклюзивті сайлау стандарттары, кәсібилендіру, цифрлық технологиялар. Төртіншісі – азаматтардың сайлау мәдениетін көтеру. Бесіншісі – қоғаммен, ұлттық және халықаралық институттармен өзара іс-қимыл жасасу.
– ОСК-нің эмблемасын да өзгерткен екенсіздер…
– Мемлекеттік елтаңба сияқты мемлекеттік органдардың эмблемаларының да қазіргі заман шындығына сай рәміздік мағынасы болуға тиіс. ОСК-нің жаңа эмблемасы «Біз – бір үлкен шаңырақ астында байырғы қазақ жерінде өмір сүріп жатқан Қазақстанның біртұтас халқымыз, мұнда әркім өз таңдауын еркін жасайды» деген мағынаны білдіреді.
– Конференцияда ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов: «Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ТМД кеңістігіндегі сайлау қызметінде шын мәнінде флагмандардың біріне айналды», деді. «Сырт көз – сыншы». Мұны ОСК кейінгі екі жылдай уақыт ішінде енгізген бірқатар жаңашылдыққа берілген баға деп білеміз. Олардың нәтижелері өз көңіліңізден шыға ма?
– Біз қолға алған жаңашылдықтардың бәрі еліміздегі конституциялық реформа аясында іске асырылып келеді. Сайлау органдары облыстық деңгейде – толық, аудандық деңгейде ішінара кәсібилендірілді. Бұл біз үшін – қағидатты мәселе. Сондай-ақ еліміздің жаңартылған Ата заңында ОСК төрағасы мен мүшелерінің саяси партияларда, кәсіподақтарда болуына және кез келген саяси партияны қолдауына тыйым салынды. ОСК жанында 2022 жылы құрылған жаңа диалог алаңдары – Сарапшылық кеңес пен Жас сайлаушылар клубы жүйелі жұмыс істеп келеді. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қызметі де қағидатты түрде қайта құрылды. Нәтижесінде өткен Президент сайлауында көру қабілеті нашар жандардың Брайль шрифтімен дайындалған трафаретті қолданып, бюллетеньдермен дауыс беруі алғаш рет 10 мыңнан аса сайлау учаскесінің барлығында жүзеге асырылды. Сондай-ақ ОСК өз жұмысын заманауи бұқаралық коммуникация құралдарын пайдалана отырып, барынша ашық жүргізіп келеді және тікелей онлайн арқылы көрсетілетін іс-шаралардың бәрі сурдоаудармамен сүйемелденіп отыр.
Сарапшылық кеңестің отырыстарында халықаралық байқаушылардың еліміздің көлемінде өткен сайлаулар туралы әзірлеген қорытындыларын кеңінен және ашық талқылау дәстүрге айналды. Бұған қоса ОСК мүшелерінің барлық өңірдің жұртшылығы өкілдерімен және жастарымен кездесулерін өткізу жолға қойылды. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, осылайша халықтың әртүрлі топтарымен ашық диалог жүргізіп, айтылған сыни ескертпелер мен ұсыныстарды сайлау үдерісін және сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында ескеріп отырмыз.
– ЕҚЫҰ Қазақстанның сайлау жүйесіне өз ұсынымдарын да беріп жүр. Сондай ұсынымдардың қайсысын орындап, қайсысын қабыл алмадыңыздар?
– ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиялары ұсынымдарының бір бөлігі еліміздің жаңартылған Ата заңы мен заңнамасында ескерілді. Атап айтсақ, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылды, енді Мәжілістің бүкіл құрамын халық тікелей сайлайтын болды. Саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді және қолдаушылардан жинайтын қажетті қол саны 4 есе – 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқартылды. Бұл саяси партияларды құру рәсімін едәуір жеңілдетті.
Әйтсе де, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссияларының кейбір ұсынымдарында біздің елдің саяси шындығы, халқымыздың менталитеті жете ескеріле бермейді. Сол себепті ондай ұсынымдар ОСК жанындағы Сарапшылар кеңесі мүшелерінің тарапынан сұрақ туғызып жүр. Шынын айтсақ, кейбір ұсынымдарды тіпті жаңа буын – жастарымыздың өздері де қабылдамайтынына көзіміз жетіп отыр. Мәселен, ел өңірлеріндегі жастар арасында сауалнама жүргізгенімізде оған қатысқандардың 74,6 пайызы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан Президенттігіне кандидаттар үшін мемлекеттік тілді білуге арналған лингвистикалық емтиханның күшін жою туралы ұсынымын қолдаған жоқ. Сондай-ақ бұрын сотталған азаматты әкім, депутат, Президент сияқты сайланбалы лауазымдарға сайлау туралы ұсынымға жастардың басым көпшілігі – үштен екі бөлігі қарсылық білдірді.
– ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының басшысы Оуэн Мерфидің: «Қазақстанда жүзеге асырылған реформалар елеулі. Орталық сайлау комиссиясының сайлау мәселелері бойынша жұртшылықпен арадағы көпір қызметін атқаратын Сарапшылық кеңесті ұйымдастыру жөніндегі бастамасын құптаймын», дегені жадымызда. Сындарлы да әділ пікір. Алайда былтырғы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының қорытындысына сенімсіздік білдіріп, дау-дамай айтқан кандидаттар да болды. Осы жайлы не айтасыз?
– Бұл орайда елімізде 1998–2006 жылдары қолданылған аралас пропорциялық-мажоритарлық сайлау жүйесіне араға 17 жыл салып қайтып оралғанымыз қоғамда зор саяси өрлеу туғызғанын айтпау әділдікке қиянат болар. 29 бірмандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына 609 кандидат ұсынылды, яғни бір депутаттық мандатқа орта есеппен 21 үміткер таласты. Соның ішінде 525 кандидат өзін-өзі ұсынды. Осы цифрларға қарап-ақ өткен Мәжіліс сайлауының аса тартысты болғанын бағамдауға болады. Мәслихаттар сайлауы да азаматтардың айтарлықтай белсенділігі жағдайында өтті. Өкінішке қарай, ескі мен жаңа күреске түсіп жатқан қазіргі өтпелі кезеңде болған сайлау барысында кейбір өңірде бұзушылықтарға жол берілмей қоймады. ОСК оларды бірден түзетіп қана қоймай, кандидаттарға сотқа шағымдануға кеңес беріп отырды. «Көш жүре түзеледі» демекші, өз стратегиямызда көрсетілгеніндей, қазір аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының тәуелсіздігі мен кәсібилігін қамтамасыз етуге күш салып отырмыз. Бұл да – біз үшін қағидатты мәселе.
– Былтыр қанатқақты режімде өткізілген аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау нәтижесі қалай болды?
– Еліміздегі демократиялық өзгерістер эволюциялық жолмен жүзеге асырылып жатыр. Ауыл әкімдерін сайлауды енгізген соң аудан әкімдерін сайлауға көшіп жатқанымыз – соның айғағы. Бұл жаңашылдықтар халықтың билікке деген сенімін арттыратыны анық. Қазір тұрғындардың өздері сайлаған ауыл әкіміне араша түсіп жатқан мысал да бар. Осы бастамалар Әділетті Қазақстан орнату жолындағы өте маңызды қадамдар екендігі сөзсіз.
Былтырғы 5 қарашада алғаш рет қанатқақты режімде 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың әкімдерін сайлау өткізілді. Олардың тізбесін облыстық мәслихаттар айқындап, бекітті. Сайлау баламалы негізде болып, 1 орынға кемінде 2-3 кандидат таласты. Сайлаушылардың 62,79 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 46,7 жас.
– Дауыс берудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуде тек қағаз бюллетеньмен дауыс беру жеткіліксіз емес пе?
– Қазір ОСК электрондық және қашықтан дауыс беру сияқты баламалы нысандардың артықшылықтары мен кемшіліктерін, мәселенің қаржылық жағын зерттеп жатыр. ОСК-нің 30 жылдығына орай өткізілген Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға арнайы шақырылып, сөз берілген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшысы Давид Дуэнас-Сид: «Интернет-дауыс беру жүйесі дауыс беру қорытындысына заңсыз араласуға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан оны қолданбас бұрын жан-жақты жетілдіру қажет», деді. Ал Еуропаның демократиясы дамыған Ұлыбритания, Германия, Норвегия сияқты елдері электрондық дауыс беруден бас тартып, дәстүрлі қағаз бюллетеньмен дауыс беруге қайта оралды. Сондықтан біз алдағы уақытта электрондық дауыс беру мен қағаз бюллетеньді қатар қолдану мәселесін жан-жақты зерттеп-зерделеуді жалғастырамыз.
– Биыл 1 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні. Сіздер бұл датаны атап өтесіздер ме?
– Еуропа елдерінің сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) 2005 жылы Будапешт қаласында өткен конференциясының шешіміне сәйкес жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Қазақстан – ЕЕСҰҚ-ның толыққұқылы мүшесі. Сондықтан да бұл күн – еліміздің сайлау ұйымдастырушылары үшін де кәсіби мереке. Оның аясында өткізілетін іс-шаралардың барлығы халықтың электоралдық-құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»