Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен Сауран ауданындағы А.Үсенов атындағы жалпы орта мектепте «Көркем-эстетикалық бағыттағы пәндерді оқытуда ақпараттық технологиялардың маңызы» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты заманауи ақпараттық технологиялар мен оқытудың тиімді әдістерін пайдалана отырып, көркем-эстетикалық бағыттағы шығармашыл тұлғаны қалыптастыру болды.Семинардың ашылуындабілім беруді дамыту орталығының эстетикалық пәндер әдіскері Н.Архабаев, Сауран аудандық білім бөлімінің әдіскері О.Алдияров сөз сөйлеп, іс-шараның мақсатын түсіндіріп берді.
Семинарға 70 мұғалім мен 5 аудан әдіскерлері қатысты. Семинарда А.Үсенов атындағы жалпы орта мектептің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі А.Тойлыбаева «Атамның қоржыны», көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қ. Халлилаев «Үстел ойындарының бөлшектерін дайындауда ақпараттық технологиялардың маңыздылығы», Ұлықбек атындағы жалпы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Г.Сарсенова «Түркі халықтарының музыкалық дәстүрі», М.Балақаев атындағы жалпы орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі А.Мырзалиева «Музыкадағы жыл мезгілдері» тақырыбындасабақ өтті.
Жиын соңында әдіскерлер мен аталмыш пән мұғалімдері бірлесе отырып, қорытынды жасап, іс-шараның жас мамандарға берері мол екенін жеткізді. Іс-шара музыка жетекшісі Б.Тулегенованың ұйымдастыруымен “Әрбір бала бір жұлдыз” тақырыбында концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында жалпы мектеп саны 1 мыңға жетіп, 515 мың оқушы білім алуда. Облыста өткен жылы 37 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алдағы үш жылда облыста 63 жаңа мектептің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған болатын. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне балаларды тасымалдау үшін жаңа 101 автобус лизингпен алынды. Оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. 894 мемлекеттік мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңгеге жуық бөлініп, бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылды. Бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
2023-2024 оқу жылында Сауран ауданының білім бөліміне қарасты №2 жалпы білім беретін мектеп те алғашқы оқушыларын қабылдады. Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты.