Жетісай ауданындағы Аманкелді атындағы №19 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ашенова Ақмарал Дауренбекқызы «Өрлеу» білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен»Пед Идея» атты байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, биология пәні мұғалімі Меңлібекова Жанар мен ағылшын тілі пәні мұғалімі Қалықұлова Айнұр Алғыс хатпен марапатталды.
Еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде былай деген болатын: «Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі».
Елімізде мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлінуде. «Менің бастамаммен «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – дей келе Қасым-Жомарт Тоқаевұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты. Осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуы тиіс. «Өрлеу» білім беру орталығы ұйымдастырған іс-шараның да мақсаты осыған саяды.
Реті келгенде айта кетейік, жақында Жетісай ауданында 300 орынды мектеп пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушылармен, ұстаздармен, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Айта кетейік, Түркістан облысында мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осы мектептердің 20-сы өткен жылы пайдалануға берілсе, 13 мектеп биыл тапсырылады делінген. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осылайша, 2025-ші жылға дейін өңірде 96 білім ошағы бой көтеретін болады. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қолдау көрсету, мектеп тапшылығын жою жөнінде тапсырма берген болатын. Мінеки, бүгін осы жұмыстың бір нәтижесін көріп тұрсыздар. 300 орынға арналған жаңа мектеп толықтай заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Бұл жаңа мектеп қабырғасынан елімізге адал қызмет ететін білімді және өнегелі түлектер самғап ұшады деп сенемін. Баланың көрген–білгені жадында сақталып қалатыны белгілі. Жас баланы туғаннан айналасындағы әдемілікті көріп, сезіп, түсініп өсуге баулу, тәрбиелеу керек. Мұндай ортада өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ болашақта да осы қасиеттерді бойына сіңіреді. Осы білім ұясынан Абайдай, Ыбырайдай ұлы тұлғалар шыға берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Жаңа ғимаратта турникет бар. Онда барлық оқушылар мен ұстаздар, техникалық қызметкерлердің мәліметі толық енгізіледі. Мектепке келгенде турникеттің экранына жақындаса, сканер арқылы мәліметі базада болса ғана турникет ашылады. Жалпы Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты 300 оқушыдан жоғары оқушысы бар 63 мектеп арнайы лицензиясы бар мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілсе, 700 оқушыдан жоғары 24 мектепке турникет орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бөлімге қарасты 72 мектепте дабыл батырмасы толық орнатылған.
Жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын Ш.Уәлиханов мектебінде ІІІ тоқсаннан бастап 562 оқушы білім алуда.
Ұзақ уақыт өзге мектептің ғимаратында білім алып келген Ш.Уәлиханов мектебінің оқушыларына соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған физика, химия, информатика, мултимедиялық және лингафондық кабинеттерде сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Сонымен қатар мұнда спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы да бар.Айта кетсек, бүгінде аудандағы жалпы білім беретін 84 мектептің 74-і мемлекеттік болса, 10-ы – жекеменшік. Білім ұяларындағы 45 526 оқушыға 5526 педагог білім беруде.