Арыс қаласындағы В.Комаров атындағы №8 орта білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы Шапағат Сейілхан бала күнінен ағылшын тілі пәнін жақсы оқыған. Әлемнің 28 университетіне жазған хаттарынан 21 жауап келген екен. Ал, Шапағаттың таңдауы Чикаго университетіне түсіп отыр.
Реті келгенде айта кетейік, Арыс қалалық білім бөліміне қарасты Ж.Байгуттиева атындағы өнер мектебінің оқушылары Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында ел намысын қорғап Жастар театрында өткен Халықаралық “Азия Таланттары” өнер байқауында бақтарын сынап, жүлделі орындарды иеленіп қайтты. Сонымен қатар, «Б.Онтаев» атындағы жалпы білім беретін мектептің 3-4-5 сынып оқушыларынан құралған «Нұр шашу» би тобындағы биші қыздарымыз Шымкент қаласында «Өнер жұлдыздары» атты тақырыпта өткен бишілербайқауында 1-ші орынға ие болып, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Алматы қаласында өткен республикалық балаларға арналған «Менде жұлдыз боламын» атты байқауға биші қыздарымыз қатысып, балалар байқауына хареография жанры бойынша 17 би топтарының арасынан жүлделі ІІІ орынды иеленіп, биыл жаз айында болатын «Мен де жұлдыз боламын» байқауына биші қыздарымыз Грузия еліне жолдама алды.
Өңірімізде бүгінде оқушылардың жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасалуда. Айталық, «Қазақстан халқына» қоры облысымыздың 6 ауданында 6 тірек мектебін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді қолға алды. Сондай-ақ, «Білімді ұлт» сапалы білім беру Ұлттық жобасы бойынша облыстағы мемлекеттік негізгі және орта білім беру ұйымдары физика, химия, биология, STEAM – пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды мектептердің мәселесін, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында облыста кезең-кезеңімен 199 мектеп салу жоспарланған. Бекітілген жоспарға сай 8 апатты мектепті, 9 үш аусымды мектепті жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Былтыр 33 мектептің құрылысын жүргізуге 22,6 млрд. теңге қаралып, 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланған болатын. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі болды.
Бұдан бөлек, 21 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы қаралды. Күрделі жөндеу жұмыстарының ішінде 4 мектептің жұмыстары толық аяқталып пайдалануға берілген. Ал, 12 мектептің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталды. Сонымен қатар, 5 мектептің қаржысы 2024 жылға өтпелі болды. Бұдан басқа, облыс көлемінде 121 білім беру мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Облыста мемлекеттік 1275 білім беру мекемесінің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы бойынша 2023 жылы облыстағы 108 мектепті жаңғырту жоспарланған болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарының мемлекеттік сатып алу порталынан жеңімпаз анықталып, бұл білім ошақтары жыл соңына дейін пайдалануға берілді. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысын салу жоспарлануда.
Айта кетсек, облыс бойынша қазіргі таңда 1000 мектеп бар. Оның ішінде 907-сі мемлекеттік, 93-і жекеменшік. Одан бөлек, облыста 1378 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы бар. Олардың 77,1%-ы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. Сонымен қатар, өңірдегі ерекше балаларға білім беретін және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен қолдау қызметін көрсететін 31 арнайы білім беру ұйымы бар. Соңғы үш жыл көлемінде облыстағы арнайы білім беру ұйымдарының желісі көбейді.