Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Әсіресе, «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені анық көрінді. Жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігіп, жұмыс істеуі керектігі сөз болды. Осыған орай мемлекеттен қажетті жағдай жасалуы тиіс.
Қазақ халқы үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы болып табылады. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған ауылын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс.Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі.
Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Ауыл — адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Дүниедегі ең құдіретті АНА болса, Ауыл да барлық халықтың анасы, тіршіліктің нәрі.
Ауыл түлесе – қазақ түлейді. Өйткені, ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар. Шыны керек, игі жақсының барлығы дерлік осы ауыл дейтін ұлы даладан шығады емес пе? Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын-жазушыларымыз да, ән өрнегін айшықтаған сазгер, күйшілеріміз де, аты аңызға айналған даналарымыз да сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан.
Мемлекет басшысы Жолдауда: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн. Ауылды елді мекендерді жан жақты дамытуымыз керек. Ол үшін, «ауылдың өркендеуі – мемлекеттің өркендеуі» деген егіз ұғым екенін естен шығармағанымыз абзал. Біз елдің азық-түлік қауіпсіздігінің төркіні ауылда екенін ұғынуға тиіспіз. Бұл ретте ауылдың жаһандық экономикалық үдеріске енгенін ескеруді бүгінгі әлемдік экономикалық жағдай анық байқатты. Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғылым»- деді.
Тәрбие тал бесіктен бастау алады десек, сәмбі талдың иіліп тал бесікке айналар орны ауыл екені бесенеден белгілі. Халықтың игі мәдени дәстүрлері: ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлылық, имандылық, барлық үлгі-өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек, адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, қателеспейміз. Бүгінгі ғұлама да, ақын да, дана да кешегі ауылда асыр салып ойнап, ауылда өсіп, тәрбиеленгені тағы да бар. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай ауыл өмірінде біте қайнасып сақталып келеді. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратын Оңтүстік жұртшылығы үшін ауылды көтеру өзекті мәселе. Қазіргі таңда бұл бағытта жасалып жатқан игі істер ұшан-теңіз, тек солар тоқтап қалмай, жалғасын тауып, ауыл инфрақұрылымының дамуына өзіндік үлесін қосса деген тілек бар. «Жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдау үшін ең алдымен ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт.
Кентау қаласына қарасты 2 ауыл «Ауыл Аманаты» бағдарламасына, яғни Хантағы және Қарнақ ауылдары енген. Қарнақ ауылында сүт бағытында «Жаннат-2020» кооперативі, құс бағытында «Тажитдин Ата» кооперативі, Хантағы ауылында етті бағытта «Хантағы Береке» кооперативі құрылып, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылып келеді. Мемлекет тарапынан қаржыландыру ауыл тұрғындарының жағдайын едәуір жақсартатыны сөзсіз.
Алдағы уақытта «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша Қарнақ ауылынан сүт бағыты бойынша 1 кооператив ашылуы жоспарлануда және өз кәсібін ашуға ниет білдіруші тұрғындар көптеп кездеседі. Атап айтқанда, шлакоблок өндірісі, наубайхана ашу, тігін цехы, қызмет көрсету станциясы, дәнекерлеу цехы, өсімдік шаруашылығын дамыту- жылыжай салу бойынша ,балық шаруашлығы т.б.
Сонымен қатар, Қарнақ ауылында қаншама жастарымызға өнер, білім тәрбие беретін мәдениет сарайының да ірге тасы қалануға жақын.
Көзін тапқан адамға кәсіп көп. Дегенмен, шағын кәсіпкерлікті дамыту қолға алынса, «нұр үстіне нұр» болар еді. Өйткені, Байылдыр елді мекені төрт-түлік мал өсіруге өте қолайлы аймақ болса, Қарнақ ауылында бау-бақша, егін шаруашылығына өте ыңғайлы елді мекен екенін, ондағы тұрғындардың жеміс- жидек өндіру барысында аянбай еңбек ететіндігі баршамызға аян. Шағын және орта кәсіпкерлер осы мекенде қарқынды жұмыс жасаса ауыл халқының тұрмысы жақсаратынын анық.
«Ауыл» халықтық — демократиялық патриоттық партиясының түпкi мақсаты – ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, ауыл тұрғындарының қолайлы өмір сүру салтын қалыптастыру, ауылдың экономикалық, мәдени рухани байлығының артуына өз үлесін қосу болып табылады. Осы орайда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Түркістан облысы филиалымен жыл сайын жоспар жасалып, ауылдың дамуы мен көркеюіне қажетті іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ауыл тұрғындарымен кездесу, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдау, ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігіне етене араласып, шешімі табылмай келген мәселелерді қала басшылығына жеткізу жолында үлкен жұмыстар атқарылуда.
Ауыл шаруашылығын дамыту — мемлекетті алға сүйреу, оның келешегін ойлау. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіретіндер — ауылдықтар. Өйткені олардың тұрмысы мен табысы ауылмен, жермен байланысты. Ауылда тұратын халықтың жағдайын жасап, оларды материалдық тұрғыдан қолдау арқылы ғана мәселені шеше аламыз.
Уәлихан Әбдуәлиев