Төлеби ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мәдени және Қаратөбе жалпы орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ленгір қаласында оқушылар үйінің, Бірінші Мамыр ауылдық округінде Тағайна жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратының, Көксәйек ауылдық округінде аудандық саз мектебінің қосымша ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Жақында Зертас ауылдық округіндегі Шомшақты жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы әлі де жаңғыртуды қажет етеді. Жалпы, аудан мектептеріндегі пән кабинеттерінің 59,3 пайызы бірнеше жыл бұрын жабдықталған. 2023-2029 жылдар аралығында мектептерді кезең-кезеңімен «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы аясында пән кабинеттерімен қамтамасыз етудің жоспары жасалған.
Реті келгенде «Білімді ұлт» ұлттық жобасы туралы толығырақ айта кетейік. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Онда балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру және т. б. мәселелері нақты жұмыстар атқарылады. Қысқасы, аталмыш ұлттық жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жобаны әзірлеу барысында ең алдымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінді. Осы міндетті орындау үшін «қаражат балаға» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 пайызға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100 пайызға жетеді деп көзделіп отыр.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының тағы бір міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту (PISA). Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Ұлттық жоба аясында 12 жылдық оқытуға көшу жоспарлануда. Сонымен қатар, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде елімізде үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Бүгінде Төлеби ауданындағы 49 мектептегі асханалар сенімгерлікке берілген. Өткен оқу жылында әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 971 балабірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Ағымдағы оқу жылында 1-4-сыныптардағы барлық 11070 оқушыға ыстық тамақ берілуде.
Ал, аудан бойынша әлеуметтік көмекті қажет ететін 1830 оқушының 855-іне Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 Қаулысына сәйкес, оқушылардың арнайы есепшоттарына қаржылай көмек аударылып берілді. 690 оқушыға «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Жалпыға міндетті білім беру қорынан бөлінген қаражатқа әлеуметтік статусқа ие 1000 оқушы, мектеп жанындағы лагерьлер мен аула топтарында 2760 бала жазғы демалысын өткізді.
Бала тәрбиесінде отбасының маңызы зор. Отбасы жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырып, білім беру ұйымының әлеуметтік әріптесіне айналған. Жалпы, аудан мектептерінде «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» жұмыс істеуде.
Қосымша білім беру мекемелерінде түрлі бағыт бойынша үйірмелер, мектептерде «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық клубы жұмыс істеуде.Облыс әкімінің тапсырмасымен бүгінгі таңда балаларды қосымша біліммен қамтамасыз етуде «Fablab» лабораториясы ашылған. Онда 4-18 жас аралығында оқушылар соңғы үлгідегі электроника мен бұйымдар құрастыруды үйреніп, бос уақытын тиімді өткізуде.
Қазіргі таңда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды мәселелердің бірі. Қауіптің алдын алу мақсатында баланың мектепке келуі мен кетуін бақылау ішкі істер органдарының жедел басқару желісіне қосылған.Өткен оқу жылында 22 мектепте 2738 оқушы тасымалданған. Ағымдағы оқу жылында 19 мектептен 1502 оқушы, «Төлеби автобус паркі» ЖШС-і арқылы 6 мектептің 540 оқушысы, 10 жаңа мектеп автобусымен 850-ден астам бала, 11 «ГАЗель» көлігімен 188 оқушыны тасымалдануда.
Айта кетейік, облыс бойынша қазіргі таңда 1000 мектеп бар. Оның 907-сі мемлекеттік, 93-і жекеменшік. Одан бөлек, облыста 1378 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы бар. Олардың 77,1%-ы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. Сонымен қатар, өңірдегі ерекше балаларға білім беретін және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен қолдау қызметін көрсететін 31 арнайы білім беру ұйымы бар. Соңғы үш жыл көлемінде облыстағы арнайы білім беру ұйымдарының желісі көбейді деп күтілуде.