Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында өңірлердегі кәсіпкерлік саласын дамыту жайына арнайы тоқталып өткен болатын. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалардың жалғасын табатындығын айтып, жергілікті жердегі жеке кәсіпкерлерді қуанышқа кенелтті.
«Енді орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталғым келеді. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек»- деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев орта кәсіпорындардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажеттігіне тоқталды.
«Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек» — деді мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда Кентау қаласында кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалуда. Елімізде моноқалаларды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздықты азайтуға барынша көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, өңірдің инженерлік-өндірістік инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру шараларына да назар аударылған. Бұл да өз кезегінде қаладағы кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға үлес қосатын болады.
Жалпы Кентау қаласының айналасында кең алқаптар, пайдалы қазба байлықтар көп. Ғалымдар мұнда темір, полиметалл кендері мен гипс сияқты құрылысқа қажетті минералды-шикізаттық ресурстар мен отқа оңай жана қоймайтын керамикалық және бентонидтік саз-балшықтар, минералды бояулар, ұсақ тастар бар екенін айтады. Олардың өз кезегінде өндеу саласындағы кәсіпорындардың дамуына жол ашатыны сөзсіз.
Кентау қаласында өткен жылдың қорытындысы бойынша өткізілген тауар көлемі 11287,6 млн.теңгені, нақты көлем индексі 105,2 пайызды құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш9447,0 млн. тенге болатын.
2023 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6803 бірлік, іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6615 бірлікке артты. Ал, 2022 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5945 бірлік, іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5825 бірлік болатын.
Орайы келгенде мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, кәсіп бастағандардың да қатары қалыңдап келе жатқанын айта кету керек. Солардың бірі ретінде Кентау қаласының тұрғыны Бейбіт Баймахановтың мемлекеттен қайтарымсыз 1 млн. 380 мың теңге несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырғанын айтуға болады. Ол мемлекеттен алған қаржыға қажетті құрылғылар сатып алған.
Кәсіпкер үй жағдайында қолжетімді бағада, нысан құрылысына қажетті дизайн интерьер бағытында қолданатын 3D панельдерін жасайды. Негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Жұбайы екеуі 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.Б.Баймаханов кәсіптің бұл түрімен 3 жылдан бері айналысып келеді. Мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен бүгінде кәсібі ұлғайып, тапсырыстар көбейген. Қазіргі таңда айына 200 000-250 000 теңге табыс тауып отыр.
Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының тұрғыны Жайсанкүл Бұйрашевамемлекет қолдауының арқасында табыс тапқан жандардың бірі. Кәсібін кеңейтіп, табысын еселеу мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 млн. теңге несие алған ол нан пісіруге қажетті құрылғылар сатып алған. Осылайша Жайсанкүл Бұйрашева бүгінде пештің бірнеше түрін пайдаланып отыр, соған сай өнім көлемі де артуда. Одан бөлек тапсырысқа орай тәтті тоқаштар пісіреді.
Жайсанкүл Сәрсенбайқызы кондитерлік нан өнімдерін шығаруда 10 жылдан астам еңбек өтілі бар. Отбасылық кәсібінде өзінен бөлек келіні мен жолдасы да жұмыс істейді. Қазіргі таңда күніне 100-120 бөлке нан пісіруде. Шығарылып жатқан нан көлемі Хантағы ауылынан артылмайды. Болашақта қаладағы барлық дүкенді қамтитындай цехты ұлғайту жоспары бар.
– Адам еңбек етуден шаршамау керек. Тынымсыз еңбек бар жерде, береке болады. Осы саланы қаншама уақыттан бері атқарып келе жатсам да шаршағанды білген емеспін. Мемлекет қолдауының арқасында кәсібімнің көлемі ұлғайып, жұмыс күші де көбейді, – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ, Кентау қаласының тұрғыны Әлия Адаманова да «Агронесие» бағдарламасы аясында 5 млн. теңге несие алып, оған сабын шығаруға қажетті құралдар сатып алған. Ерлі-зайыптылар алдарына мақсат қойып, ізденістің нәтижесінде кәсіптің көзін тапты. Алдымен арнайы курсты оқып бітірді.
Қазіргі таңда «Kentau» брендімен танылған сабынды қаладан бөлек, іргедегі ауыл тұрғындары да сатып алуда. Шағын цехта күніне 1500 дана сабын шығарылады. Кәсіпкерлер алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыруды көздеп отыр. Себебі, отандық өнімге сұраныс жоғары. Жас кәсіпкерлер болашақта иіс сабын мен су сабынның да бірнеше түрін шығармақшы. Одан бөлек, көлікке арналған арнайы май түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.
Жалпы Кентаудың болашағы жарқын. Жоғарыда айтып өткеніміздей бүгiнде мұнда тау-кен саласын дамытып, өндiрiстi өркендету бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Шағын қалаларды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Кентауда жүргiзiлген инфрақұрылымды жақсарту, қаланы көркейту және кәсiпкерлерге қолдау көрсету, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың нәтижесiнде шағын шаһардың шырайы кiруде.



