Алматы қаласында өткен «Digital Almaty 2024» форумында арыстық оқушы ерекше жобасын ұсынды. Ерсұлтан Мыңжасар — қазақ тілінде және өзге де түркі тілдерінде сөйлейтін жасанды интелект бағдарламасын таныстырды.
«Qazaqgpt» атауымен көрмеге қойылған жобаға министрлер, түрлі елдердің дипломаттары қызығушылық танытып отыр. Ерсұлтан бірнеше аудандық, облыстық дебат сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Ол қазіргі таңда да түрлі сайыстар мен олимпиадаларда өзінің білімі мен біліктілігін шыңдап жүр. Алдағы уақытта жасанды интеллект саласында жаңа жобаларды қолға алмақ.
Жақында арыстық өнерпаз оқушылар республикалық өнер додасында топ жарды. Толығырақ айта кетсек, Арыстық өнер мектебінің шәкірттері «Атадан мұра» қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық байқауда жеңіске жетті. Жарыс бүлдіршіндердің қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Одан бөлек, дәстүрлі ән мен күй және жыраулық өнердің мәртебесін көтеру көзделген.Аталған байқауда арыстық жас домбырашы Балабайсан Қонар мен қобызшы Жанерке Омарғали жүлделі І орынға ие болды. Қос жеңімпаздың жетекшілері Фарида Орақбаева мен Мөлдір Алмасбек.
Айта кетейік, өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 29 мектептің құрылысжұмыстары жүргізілуде. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітілген. Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды практикаға ендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған бағытта өңірдің 15 педагогі Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелдерде тәжірибе жинау семинарларына қатысады деп жоспарлануда.
Балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау да кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Осы орайда мектептерді күрделі жөндеу мәселесіне де тоқтала кетейік. Қазіргі таңда облыста 121 мектеп бойынша талдау жүргізілуде. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд. теңге қарастырылуда. Ал, қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылдардың бюджетіне қажетті қаражатты енгізу жоспарланып отыр.
Балалардың қауіпсіз ортада өсуіне, білім алуына жағдай жасау үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін мектептердегі бала қауіпсіздігі өзекті проблемалардың бірі болды. Биыл осы мәселені шешу үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасына облыстық бюджеттен алғаш рет 5,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл бағытта білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Атап айтқанда, облыстағы 908 мектепке 7100 бейнекамера, бала саны 700-ден асатын 284 мектепке турникет, 193 мектепке 106 мың шаршы метр қоршау орнатылуда. 573 мектеп кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілді. 937 (908 мектеп, 29 арнайы мекеме) мемлекеттік білім беру ұйымының барлығына дабыл батырмасы орнатылды. 119 мектептің санитарлық-гигиеналық тораптары жаңартылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 1-4-сыныптағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен және мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін лицзензиясы бар күзет қызметімен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
Түркістан облысында биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 53 222 бала келді, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Облыста білім беру саласында 2 526 ұйым қызмет көрсетеді. 1393 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98,5%-ды құрайды. Облыста жалпы 1029 мектепте 519 мың оқушы білім алады. Оның 908-і мемлекеттік болса, 121-і – жекеменшік мектеп.