Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты А.Тұяқбаев атындағы №29 жалпы білім беретін мектеп базасында «Еңбек адамның көркі, адам заманның көркі» тақырыбында көркем еңбек пәнінің апталығы өтті. Апталық аясында дарынды оқушы Мартиросян Карина Степановнаның өнерін қолдау және насихаттау мақсатында жеке шебер-сынып сабағы болып ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты дарынды оқушылардың шығармашылықта өзара байланысын жақсарту және тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету болды.
Аталмыш мектептің көркем еңбек пәні мұғалімдері ұйымдастырған Каринаның жетістіктеріне арналған жеке іс-шарасына аудандық білім бөлімінің әдіскері Алипов Батыйхан қатысып, Каринаны аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен марапаттап, алдағы уақыттарда жоғары жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді.
Іс-шара барысында Каринаның аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан алған жүлделі орындары таныстырылды.
Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында аудандық білім бөліміне қарасты 56 мектеп жұмыс істейді, оның 55-і жалпы орта, 1-і негізгі орта мектептер. Оның ішінде 42 мектеп типтік үлгіде, 14-і ыңғайластырылған. Сонымен бірге, мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты және балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы бар. Қазақ тілінде оқытатын мектептер саны — 31, аралас мектептер саны — 25, оның ішінде: қазақ-орысы — 15, қазақ-орыс-өзбегі — 1, қазақ-өзбегі — 5, қазақ-тәжігі – 4.
Сонымен қатар, Мақтарал ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың баяндауынша, аудан көлемінде білім саласы бойынша оң өзгерістер орын алуда екен. Айталық, бүгінде өңірде 200 балаға арналған 4 мектептің құрылысы басталды. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 5 мектеп салу қолға алынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Үкіметке еліміздегі үш ауысымды мектеп тапшылығын жоюды тапсырып: «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», — деген болатын.
Қазіргі таңда ауданда салынып жатқан мектептерде пәндік кабинеттер оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен толықтай жабдықталады деп күтілуде. Сондай-ақ онда оқушылардың сапалы білімге қанық болып өсуі мен жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалмақшы.
Реті келгенде айта кетейік, Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» дей келе, Үкіметке жемқорлардан тәркіленген қаржыға да мектеп сала бастауды тапсырған болатын. Бұйыртса, облыста жемқорлардан тәркіленген қаржыға 20 жаңа мектеп салынады. Болашақта онда 15 мыңға жуық оқушы білім алатын болады.