Сарыағаш ауданында оныншы сынып оқушысы Жансерік Камал «JARIQ» жасанды интеллект мобильді қосымшасын жасап шығарды. Оның бұл өнертабысына бүгінде қызығатындардың қатары қалың. Өйткені, Жансерік жасаған бағдарлама дыбыстық хабарламаны 100-ден аса тілде жазбаша мәтінге айналдыра алады. Сонымен қатар, сауалдарға жауап береді. Жасөспірім осы тың жобасымен республикалық байқауда топ жарып, өңіріміздің абыройын асқақтатты.
Жас ғалым ойлап тапқан мобильдік қосымшаны бүгінде Google Play Market-тен жүктеп, жүздеген адам қолдануда.
— Қазір «Жарықты» көптеген адам қолданады. Бұл қосымшаның негізгі мақсаты – адамдардың уақытын үнемдеу. Менің бақылауым бойынша мұны оқушылар көп пайдаланады. Күнделікті өмірде қосымша ақпараттар, кітаптар іздеу барысында пайдаланатынын бақылап отырамын. Менде толық статистикасы бар. Егер оқуға ерінсеңіз, қысқаша мәлімет те ұсынады, — дейді Сарыағаш ауданындағы №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Жансерік Камал.
Бұл мобильді қосымша Жансеріктің алғашқы жобасы емес. Жас талант мұның алдында демалыс орындарына келген қонақтарға сусын жеткізуші «Қолқанат» роботының макетін жасап шығарған. Ақылды робот аппараттық және бағдарламалық жасақтамадан тұратын арнайы платформа арқылы жасалған. Ол дыбыс жазатын сайт арқылы қазақ тілінде сөйлей алады.
– Бұл роботтың ерекшелігі – қонақүй, мейрамханаларға келген адамдарға сусын ұсынып, олармен сөйлесіп, көңіл-күйін көтеруге қосымша бір элемент ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, шетелдік туристерге Қазақстан туралы жағымды эмоция қалдырады деп санаймын, – дейді жас ғалым.
Сонымен қатар, Жансерік өткен жылы «Сары-ағаш туризм» қосымшасын іске қосқан болатын. Курорттық аймақ туралы толыққанды ақпарат ұсынатын қосымшаны бүгінде 300-ден аса адам қолданады екен. Республикалық конкурста жүлделі орын иеленген жобаға қызығушылық танытып отырғандар көп. Он бес жасар сарыағаштық жас ғалым қазір өзі сынды оқушыларға интеллектуалды ойын жасауды қолға алған. Жансеріктің алдағы мақсаты – ғылым мен техниканың тылсым тұстарын барынша терең меңгеру. Оқушының бұл бағытта алға қойған мақсаттары да толағай.
Жалпы Сарыағаш ауданының білім саласында ілгерілеушілік байқалады. Жақында аудандағы мектептердің бірі «Ең белсенді мектеп» деген аталымға ие болды. Толығырақ айта кетейік. «Халықаралық Экология, Инженерия және Педагогика ғылымдар академиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен республикалық байқауға Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №76 жалпы білім беретін мектептің 73 оқушысы қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
«Түркістан ғылым фестивалі: жастар әлемді зерттейді» тақырыбында мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттеріне арналған білім додасында 1-11 сыныптың оқушылары ғылыми жобалар қорғау және ұлы ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша білімдерін ортаға салды.
№76 жалпы білім беретін мектеп «Ең белсенді мектеп” номинациясының иегері атанып, жеңімпаз деп танылды.
Орайы келгенде тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісейік. Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №71 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып оқушылары «Ақжелең» республикалық байқауында топ жарып, Түркия еліне жолдама алды. «Хореография» номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткен 4-сынып оқушысы Тойлыбай Жаннұр жеңімпаз атанып, бас жүлдені иемденді. 3-сынып оқушысы Тұрсынәлі Данияр қос бірдей аталым бойынша сынға түсті. «Көркем сөз» номинациясы бойынша I орынға, ал «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша III орынға ие болды. Білімімен дараланған, өнерімен өрге жүзген шәкірттерге Түркия елінде өтетін байқауда сәттілік тілейміз.