Сарығаш қаласында «Атадан мұра» қоғамдық қорына 15 жыл толуына орай республикалық «Ақжелең» байқауы өткен болатын. Аталмыш байқауға Ш. Уалиханов атындағы №34 жалпы білім беретін мектептің шәкірттері қатысып, жүлделі орындардан көрінді.Бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық өнерлілер мен білімділер байқауында мектеп оқушылары «Көркем сөз» жанры және ғылыми жобаны қорғау бойынша сынға түсті.
Нәтижесінде «Көркем сөз» номинациясы бойынша Еркежан Сайфутдин мен Жанару Қошқар І орынды иеленді. Ал, Аяжан Досымханқызы, Кәусар Қошқар, Ерсін Мұхтар жүлделі ІІ орыннан көрінді.Аталмыш байқаудың «Атадан мұра» номинациясы бойынша Бекнұр Жұматай «Әл-Фараби мұрасы» атты тақырыпта жоба қорғап, І орынды жеңіп алды.
Сарыағаш ауданында білім бәйгелерінде бақтары жанып жүрген оқушылар аз емес. Айталық, мектеп оқушылары арасындағы пән олимпиадасына 65 оқушы қатысқан болса, соның 37-і жеңімпаз атанды. Оқушылар арасындағы ғылыми жоба конкурстарында ауданнан 18 оқушы бақ сынаған болса, соның 13-іарнайы жүлделерге ие болды. Республикалық кезеңге өткен 3 оқушының үшеуі де жеңімпаз болды. Сонымен қатар, мұғалімдер арасындағы облыстық пән олимпиадалары мен байқауларға және спорттық сайыстарға аудан ұстаздары белсене қатысып, 72 педагог жүлдегер атанды.
Айта кетейік, ауданда 2023-2024 оқу жылына 5874 бала мектеп табалдырығын аттады.2022-2023 оқу жылында 3093 оқушы білім ұясын аяқтады. 2022 жылмен салыстырғанда, «Алтын белгіні» иеленгендердің саны 158 түлекке, ерекше үлгідегі «Үздік аттестатты» иеленгендер саны 228 түлекке артып отыр.
2023 жылы 3093 бітіруші түлектен 2327-і, яғни, 75,2% ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. ҰБТ тапсырған оқушылардан 996 түлек грант иегері атанды. Оның ішін де «Серпін» бағдарламасы бойынша 98 түлек жоғарғы білім беру ұйымдарында білім алуда.