Арыс қалалық білім бөлімінің жауапты мамандары мен бөлім әдіскерлері мектеп директорларына түсіндірме жұмыстары туралы семинар өткізді. Айта кетейік, білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін жан-жақты зерделеу, талдау және бағалау мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Түркістан облысы білім басқармасымен бірлесе отырып, қалалық білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізілген болатын.
Семинар барысында мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер мен ескертулер айтылды. Оның ішінде білім беру ұйымдарындағы жалпы құжат жүргізу мәдениеті, құрылтайшылық құжаттардың болуы, кадрлық құрамның сапасы, білім алушыларды мектепке қабылдау тәртібі, оқыту ісі, оқу – материалдық активтер, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейі, тәрбие және ата-аналармен дұрыс жұмыс жүргізу, қадағалауды түсіндіріп, білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының орындалуы қамтылды. Сонымен қатар, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүргізілуі туралы ақпарат беріліп, орын алған кемшіліктерді түзетуге арналған тапсырамалар түсіндірілді.
Бүгінде Арыс қаласындағы 37 білім беру ұйымдарында жалпы 1-11 сынып аралығында 18558 оқушы білім алуда. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында 1-4 бастауыш сыныпта оқитын 6722 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Әлеуметтік картада есепте тұрған балалар саны -753. Соларды қоса есептегенде, жалпы мектептерде ыстық тамақпен 7475 оқушы қамтылды.
Былтыр облыстағы оқушы тасымалын ұйымдастыратын мектептерге Түркістан қаласында автобустар салтанатты түрде тапсырылған болатын. Арыс қаласының білім бөлімі мемлекеттік мекемесіне қарасты Байырқұм ауылдық округіндегі «Аққала» жалпы білім беретін мектеп пен Монтайтас ауылдық округінде орналасқан «Қабылсай» жалпы білім беретін мектепке 20 орындық «Yutong ZK6745DX» маркалы және Дермене ауылдық округіне қарасты М.Тынышбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке 38 орындық «Yutong ZK6745DX» маркалы автобус берілді.Жалпы аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында 425 оқушы тасымалданып білім алуда.
Б.Оңтаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепке облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Тапсырыс беруші: Арыс қаласының білім бөлімі. Мердігер мекеме «СервисЦентр-2007» ЖШС-і болды. Конкурстың құны – 344,957 млн теңге. Мердігер мекеме ғимараттың сыртқы сайдинг және ішкі сылақ жұмыстарын жүргізіп, есік, терезелерін ауыстырып, жылу жүйесін ретке келтіріп, қазандығын ауыстырды. Электр жүйесі мен едені, қоршауы, спорт алаңдары жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы мектеп гимназиясына 200 орындық қосымша оқу корпусы салынып, оқушылардың білім алуына берілді. Оның құны– 309 млн 939 мың 876,00 теңге. Мердігері «Ar Kua Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті жұмыстарды жүргізіп, нысанды уақытылы тапсырды.
Бұдан бөлек, жақында И.Журба атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне 300 орындық қосымша оқу корпусы салынып, пайдалануға беріледі. Оның жалпы құны – 515 млн 560 мың 450,94 теңге. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Vek-Stroy-Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Бұйыртса, 2024 жылдың тамыз айында «Отырар» тұрғын ауданында — 600 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Оның жалпы құны – 1 млрд 194 млн 287 мың 255,28 теңге. Құрылыс жұмыстарын мердігері «Аша-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізетін болады. Қазіргі таңда «Тараз» тұрғын ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды, 2024 жылы 1 қыркүйекке пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Наурыз» тұрғын ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 600 орынды жаңа мектептің құрылысы 2024 жылы басталады, 2025 жылы 1 қыркүйекке пайдалануға беріледі деп күтілуде.