Кейінгі уақыттарда адамдардың қыс ауасында газ бен көмірден, түтіннен улану оқиғалары жиілей бастайтын болды. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы №1 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушылары Ерсат Әнуар мен Әлғани Сералы жаңа жобаны ойлап тауыпты. Олар тәжірибелі ұстаз, информатика пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Салтанат Ұятбаеваның жетекшілігімен газ бен түтіннен уланудан сақтандыратын құрылғы ойлап тауыпты.
– Қазіргі заман – цифрлы технологиялар заманы. Аталмыш технология мүмкіндіктерін адам игілігіне пайдалана отырып, газ бен түтіннен улану оқиғаларының алдын алуға болады. Осы мақсатта біз газдан, түтіннен уланудан сақтандыратын құрылғы жасадық. Балалар үйде жалғыз қалған жағдайда газ немесе түтін шықса, мұны құрылғымыздағы датчик сезіп, шиқылдаған дыбыс шығарып, сыртта жүрген ата-ананың мобильді телефонына қауіпті ескертетін СМС хабарлама жолданады. Осылайша, қайғылы жағдайдың алдын алуға болады, – дейді жас өнертапқыштар.
Газ бен түтіннен төнетін қауіптің алдын алатын жаңа құрылғы төтенше жағдайлар департаменті мамандарының да қызығушылығын тудырып отыр. Сала мамандары «бұл құрылғыны газдың сыртқа кетуін анықтауда, өрт сөндіру жүйелерінде, яғни адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде пайдаланған тиімді» дейді.
Жас өнертапқыштардың «Газ бен түтіннен уланудан сақтандыратын құрылғы» жобасы оқушылардың зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарына арналған республикалық «Зерде» конкурсының облыстық кезеңінде робототехника секциясы бойынша І орынды жеңіп алды. Енді Ерсат пен Әлғани республикалық кезеңде бақ сынайды.
«Зерде» зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары конкурсы 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде оған 500 мыңнан астам мектеп оқушылары қатысып, қорытынды кезеңде 12 мыңға жуық мектеп оқушысы өздерінің ғылыми жұмыстарын қорғады.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2-7 сынып оқушылары арасында өтетін «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары байқауықазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, медицина, психология, экология, технология және өнер секциялары бойынша жүргізіледі.
Аталмыш конкурстың аудандық кезеңіне 20 071 жобамен 31 340 оқушы қатысып, облыстық-іріктеу кезеңде 6 472 жобамен 7 568 оқушы жарысты. Бірінші орын алған жобалар финалдық кезеңге өтті.