ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2020 жылы республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қосқан болатын. Оның мақсаты өскелең ұрпақты кітап оқуға шақыру, соның ішінде көркем әдебиеттерді оқуға баулу болды. Ауқымды жобаны іске қосқанға дейін сала мамандары талдау жүргізген-ді. Соның нәтижесінде мектептердің кітапханаларында, әсіресе қазақ тілінде заманауи көркем әдебиеттің жоқ екеніне көз жеткізілді.
Сала мамандары әдебиеттің ең алдымен қазақ тілінде қолжетімді болуын және ғылыми фантастика жанры мен әлем әдебиетінің үздік шығармаларының басылымдар тізіміне енгізілуін басты назарға алды. Сонымен қатар, мектептерді кітаппен қамтамасыз етуге, кітапханашылардың жұмысын қайта қарап, жұмыс істеп тұрған мектеп кітапханалары мен коворкинг орталықтарын жөндеу және жаңадан ашуға, балалар арасында кітап оқудан жарыс өткізуге, күн сайын кітап оқуға 20 минут уақыт бөлуге және сол секілді кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған іс-шараларды ұйымдастыруға көңіл бөлінді.
Мектептердегі демалыс орындарында ашық кітапханаларды дамыту қолға алынды. Қазіргі таңда «Оқуға құштар мектеп» жобасының нәтижелі іске асып келе жатқанын айғақтайтын дүниелер көп-ақ. Соның бірі ретінде соңғы жылдары мемлекеттік тілде жарық көрген аударма әдебиеттердің саны күрт өскенін айтуға болады. Әсіресе, қазақ тілінде жарық көрген «Хәрри Поттер» мен «Ғажайып» кітаптарының сатылымы жоғары болды.
Бұдан бөлек, қазақстандық авторлардың көбейіп келе жатқаны байқалды. Рустем Сауытбайдің «Шоко әлем», Зира Наурызбаеваның «Алтын тостағанды іздеу. Бату мен оның достарының бастан кешкендері» және «Еркетай» комикстері кітаптарын сұрайтындар көп.
Өткен жылы «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында оқушылар үшін көркем әдебиеттің интерактивті каталогы әзірленді, «Ұлы дала ағартушылары» электрондық кітапханасы құрылды. Мектеп кітапханалары 1,3 млн. дана кітаппен толықты. 2000-ға жуық Coworking орталықтары ашылды. Оқырмандар саны 3,2 млн-ға дейін өсті және «Ұлы дала ағартушылар» электрондық кітапхана ашылды.
Орайы келгенде айта кетейік, «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы Түркістан облысында да табысты іске асып келеді. Былтыр Түркістан облысы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қоры өзара меморандумға уағдаласқан болатын. Меморандум негізінде облыстағы 50 мектепке “Jas Leader” факультативті курсы оқытылды. Аталмыш жоба оқушылардың, кітапханашылардың жəне ата-аналардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, сондай-ақ, оқу мəдениетінің деңгейін арттыруға жəне оқуды насихаттауға бағытталды. Әкімдік тапсырмасымен атқарып отырған облыстағы “Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт” жобасы аясында облыстық Білім беруді дамыту орталығының инновациялық «KitapХАН@» кітап оқу жарыс жобасына Болат Өтемұратов қоры қолдау көрсетті.
Аталмыш жобаға облыстағы білім беру ұйымдарының педагогтері, колледж студенттері мен 5-10 оқушылары қызыға қатысты. «Балалар жылында» «KitapХАН@» кітап оқу жарысының жеңімпаздарын марапаттау үшін сыйға тартылатын «Steppe World» баспасының заманауи өте құнды “Хәрри Поттер” және тағы басқа көркем әдебиеттерін алуға қор демеушілік жасады.
Жоба аясында мынадай төрт бағыттағы көркем әдебиеттерді көбейтуге басымдық берілді. Олар: еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары және түрлі анықтамалықтар мен ғылыми-көпшілік басылымдар, оқу-әдістемелік құралдар. Жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын мектептердің кітапханасын 20 пайыз көркем әдебиетпен толықтыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Яғни бес жыл ішінде мектеп кітапханалары 100 пайыз көркем әдеби шығармамен кітап қоры толығады деп көзделген.
Енді өңіріміздегі аудан, қалаларда «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткізіліп жатқан шаралардың барысына тоқтала кетейік. Мәселен, Созақ ауданындағы «Қарағұр» жалпы білім беретін мектеп кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп «жобасы бағдарламасы аясында көптеген іс- шаралар ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсат – кітапханадағы әдеби кітап қорын толықтыру, оқырмандардың қызығушылығын арттыру, көпшілік алдында өз ойларын ашық айтуға, оқыған кітаптарымен бөлісуге, тіл байлығын арттыруға ықпал ету. Жақында аталмыш білім ұясында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында ауылдан шыққан техника ғылымдарының кандидаты, «abdi» компаниясының президенті Абдібек Бимендиев Шәрібекұлы 100 кітап сыйға тартты. Олардың арасында Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы, Абай жолы кітабының толық томдары, тұрмыс -салт жырлары, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар және ақын жазушыларымыздың кітаптары бар.
Ал, Бәйдібек аудандық білім беру бөліміне қарасты балабақша мен білім ошақтарында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Күз сыйы» мен «Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз» атты іс-шаралар мен ғылыми жобалар байқауы өткізілді.Атап айтсақ, мектепке дейінгі ұйымдар арасында ұйымдастырылған «Күз сыйы» атты тақырыбында аудандық көрме байқауы өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты балаларға эстетикалық тәрбие беру, шығармашылық қабілетін дамыту, олардың ата-аналармен, бірлескен шығармашылығын дамыту, ата-аналарды балабақша өміріне белсене қатысуға шақыру болды. Аудан орталығында өткен байқауға барлық мектепке дейінгі ұйымдардың бүлдіршіндері, тәрбиешілері қатысып, ата-аналармен бірлесе жасаған көрмелерін көпшілікке ұсынды.
Байқау ережесіне сәйкес қазылар алқасы жұмыстардың көрме тақырыбына сәйкестігіне, шығармашылық көзқарасына, материалды ұсынудың эстетикалық мәдениетіне ерекше мән берді. Нәтижесінде, «Бақыт» бөбекжай бақшасының тәрбиеленушісі Забира Аққорған І орынды жеңіп алды. Ал, «Болашақ-Нұры», «Айсұлу», «Айгөлек», «Балауса», «Шұғыла» балабақшаларының тәрбиеленушілері ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті. Бұдан бөлек, байқауға қатысқан «Балдырған», «Жансая», «Айгүл», «Айсұлтан» бақшаларының тәрбиеленушілері «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Сонымен қатар, ауданда білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған «Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз» атты іс-шара да жоғары деңгейде өтті. Аудандық білім бөлімі басшылығының айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты оқушыларға білімнің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, оқуға құштарлығын арттыра отырып, білім алуға ынталандыру, кітапты қадірлеуге, еңбекті сүюге тәрбиелеу болды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жүріп жатқан іс-шараға мектеп оқушыларының қызығушылығы күн санап артуда. Оқушылар өздерінің сабақтан тыс бос уақытын тиімді пайдаланып, мектеп кітапханаларына келген жаңа кітаптармен танысып, өз деңгейлеріне сәйкес шығармалар мен ертегілерді оқуда. Оқыған кітаптары туралы өзара бөлісіп, талдау жұмыстарын жүргізуде», — дейді аудандық білім бөлімінің өкілдері.
Түлкібас ауданында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларының кітап қорын көркем әдебиеттермен толықтыру мақсатында 4587дана (жалпы сомасы 22 млн 349 мың 608 тг) көркем әдебиеттер сатып алынды. Бүгінгі таңда барлық мектеп кітапханаларында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұстаздар арасында «Мен оқыған бір кітап», ал, оқушылар арасында «20 минут кітап оқу» атты тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастырылды.