Өткен жылы елімізде шағын қалалар мен ауылдардағы 1008 мектепте инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл мектептерде бүгінде 360 мыңнан астам бала білім алуда.
Жалпы елімізде қолға алынған ауыл мектептерін жаңғырту жобасында күрделі немесе ағымдағы жөндеу, пән кабинеттерімен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханаларды, қауіпсіздік жағдайларын жақсарту және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Ондағы мақсат — мектептерді балалар үшін ең жайлы және қауіпсіз орынға айналдыру.
«Жаңғырту аясында 653 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 612 заманауи пәндік кабинеттер орнатылды. 587 мектепте жиһаз, 771 мектепте кітапхана жаңартылды, 263 мектепте асхана жаңғыртылды. 715 мектепте қауіпсіздік жағдайы жақсартылды», — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Марлен Қасенов.
Қазіргі таңда еліміздегі мектептерде химия, физика, биология, STEM және робототехника бойынша 1516 заманауи пәндік кабинеттер ашылды. Биыл тағы 1000 заманауи мектеп кабинеттерін ашу жоспарлануда. Жалпы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылға дейін 5 мың ауыл мектебін жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Енді осы бағытта өңіріміздегі білім ошақтарында қандай жұмыстар атқарылуда? Соған тоқтала кетейік. Айталық, Созақ ауданында мектептерді заманауи кабинеттермен жабдықтау мақсатында 2023 жылы 15 арнайы пән кабинетіне 195 806,0 мың теңге қаржы қаралған болатын. Нәтижесінде, 4 физика, 3 химия, 4 биология, 4 STEAM кабинеті заманауи бағытта жабдықталды. Ал, Төлеби ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мәдени және Қаратөбе жалпы орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ленгір қаласында оқушылар үйінің, Бірінші Мамыр ауылдық округінде Тағайна жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратының, Көксәйек ауылдық округінде аудандық саз мектебінің қосымша ғимаратының құрылысы жүргізілді. Жақында Зертас ауылдық округіндегі Шомшақты жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Әрине, мектептердің материалдық-техникалық базасы әлі де жаңғыртуды қажет етеді. Жалпы, аудан мектептеріндегі пән кабинеттерінің 59,3 пайызы бірнеше жыл бұрын жабдықталған. 2023-2029 жылдар аралығында мектептерді кезең-кезеңімен пән кабинеттерімен қамтамасыз етудің жоспарланып отыр.
Ордабасы ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында ауданда 5 мектеп құрылысы жүргізіледі.Елшібек батыр ауылындағы «Төрткүлтөбе», Ынтымақ ауылындағы С.Ысқақов атындағы жалпы орта мектепке 200 орындық қосымша мектеп құрылыстары биыл қолға алынатын болады. Сонымен қатар, биылғы жылы екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Қажымұқан ауыл округі, Қажымұқан ауылы, С.Ысмайлов атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Құрылыстың жалпы құны — 336 млн. теңге. Сонымен қатар, Қараспан ауыл округі, Көлтоған ауылында орналасқан Е.Ерназаров атындағы жалпы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да ағымдағы жылы аяқталатын болады. Оған қажетті қаржы — 714 млн. 280 мың теңге. 2023 жылыбұл құрылысқа қазынадан 428 млн. 600 мың теңге қаралған болатын. Мердігер мекеме 286 млн. теңгесі 2024 жылға жоспарлап отыр.
Былтыр 2023 жылы 15 мектепке физика, химия, биология, STEM кабинеттер беру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда облыстық сатып алу басқармасы конкурс өткізді. Бұл жұмыстар биыл жыл соңына дейін аяқталатын болады деп күтілуде.
Бәйдібек ауданындағы мектептердің арнайы пән кабинеттерімен жабдықталуы 42,8 пайызды құрауда. Тарқатып айтар болсақ, өңірдегі мектептерде 26 физика кабинеті, 23 химия кабинеті, 22 биология кабинеті және 14 мультимедиялық кабинет бар.
Биыл оқушылардың білім стандарты мен оқу бағдарламаларын сапалы меңгерту мақсатында 24 жаңа модификациялық кабинеттер ашып беруге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.