Мақтаарал аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес, жалпы білім беру ұйымдарының педагогтеріне әдістемелік көмек беру мақсатында семинар өткізілді. Оған «Жамбыл» ауылдық әкімшілігіне қарасты білім беру ұйымдарының тарих пәні мұғалімдеріқатысты.
Іс-шара тарих және қоғамдық пәндері мұғалімдеріне диагностикалық талдау жүргізуден басталды. Одан кейін мұғалімдердің практикасына инновациялық үрдістерді енгізу, жұмыс нәтижелерін дер кезінде қорытындылау, ұсыныстар, нұсқаулар беру мақсатында жұмыстар жүргізілді.
Семинардың мақсаты ұстаздарды пән бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізуге, оның нәтижесін талдауға, ғылыми әдістемелік жұмыстарды дамытуға, оқытудың тиімді әдістерін табуға, анализ, синтез, болжау әдістерін сабақ беруде жиі қолдануға дағдыландыру.
Шара барысында «Дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, педагогтер тәжірибе алмасып, өздерінің сабақ барысында қолданатын қызықты мәліметтерімен бөлісті. Әдістемелік көмек барысында түрлі ұсыныстар айтылып, талқыланды.
Мұнан кейін аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинеттің мамандары «Болашақ» жалпы білім беретін мектепте «Білім сапасы төмен оқушыларға күрделі тақырыптар мен тапсырмаларды оқушыларға меңгерту жағдайында бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбында аудандық тәжірбиелік семинар өткізді. Іс-шараның мақсаты білім сапасы төмен оқушыларға күрделі тақырыптар мен тапсырмаларды тиімді әдіс-тәсілдер арқылы меңгерту болды.
Сонымен қатар, аталған білім ордасының білікті ұстаздары Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Адамның денсаулығы – қоғам байлығы», М.Әуезов «Көксерек», «Мың алғыс саған, қазақ халқы», «Тұңғыш олимпиада чемпионы атанған қазақ» және «Үлгерімі төмен оқушылардың сабақта қызығушылығын арттыратын тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыптарында тәжірибелерімен бөлісіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Айта кетейік, жалпы Мақтаарал ауданында білім саласы бойынша оң өзгерістер орын алуда. Соның бірі ретінде Мақтарал ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында қолға алынған 5 мектептің құрылыс жұмыстарының бастау алғанын айтуға болады. Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың баяндауынша, бұдан бөлек өңірде бала санының артуына байланысты бірқатар білім ошақтары бой көтеруде. Мәселен, қазіргі таңда Мақтаарал ауданында 200 балаға арналған 4 мектептің құрылысы басталып кетті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында еліміздегі үш ауысымды мектеп тапшылығын жоюды тапсырған еді. Президентіміз «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында биыл 5 салынуда. Президент Жолдауында бұл білім нысандарын жемқорлыққа жол берген, олардың заңсыз тапқан қаржысы есебінен салуды ұсынған. Яғни, Мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп қаржы көзін де анықтап берген еді, — дейдіауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков.
«Жайлы мектептер» робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен толықтай жабдықталады деп күтілуде. Сондай-ақ, онда оқушылардың сапалы білімге қанық болып өсуі мен жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалмақ.